Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Іргеде ағып жатқан өзен қысыр жыландай, тым жіңішке. Асау Талас деп айтуға келмейді. Жағадағы селдір қамыс тозған тақияның ұйпалақ үкісіндей реңсіз. Әуесінде қарлығаш қалықтамаған, қамысында қырғауыл пырылдамаған, жыңғылынан қоян қашпай қалған сұңқиған дала. Бедеу аспан шаңытады. Шеңгел бұтағында жыланның кебенек терісі қаудырайды.

«Қала басында аштарға арнап асханалар аштырдық. Айбар сияқты азуы алты қарыс тарпаң байлардың қос құлағын басып, шыңғыртып тұрып, артық астығын қазынаға құйып, кембағалға үлестірдік.

Әулиеата аштарды асырайды екен дегенді естіп жоқ-жұтаң ел-елден қалаға қарай ағылды. Соны аңғарып, комиссар-болыстарға тапсырма айттық. Байлардың мал-мүлкінен кедейлерге қарайласу туралы пәрмен берілді.

Бірақ кеңестің жауы астыртын қастандыққа көшіп, байдың малын алудың орнына, кедейдің жалғыз тұяғын тартып әкеткені мәлім болды. Әулиеата уезінің ендігі басшысы мына Қабылбек Сармолдаев. Мен асығыс Ташкент аттанып бара жатырмын. Бүкіл Түркістанға аштықпен күрестің төтенше комиссары болып тағайындалдым. Жалғыз Талас емес, бүкіл байтақ Түркістанның михнаткер комиссары болып тұрмын. Мына көкемнің қабірінің басында ант етемін: халықты аштық апаттан алып қалу үшін жан аямаймын. Артель құрып, күш біріктіріп, егін салып, мал бағып, ортақтасып, қоғамдасып ел болу жағын қарастырамын. Нала болмаңыз, түп нағашы».

Тұрар Дәуіт шалдың шарт-шұрт еткен сұрағына осылай жауап бермек еді, бірақ айтпады. Ашты құр сөзбен асыраудан асқан қорлық жоқ. Тек іс керек, әрекет керек. Ауқат керек. Ендеше, тездетіп Ташкентке тарт.

– Мына қанжарды мен аламын. Көкемнің көзі болсын. Бұдан басқа қалған заттары бар ма, түп нағашы?

– Мылтығы бар еді. Бір қадақ ұнға айырбастап жібердім. Киім-басы жүдеу болатын әкеңнің. Қалтасынан мына бір сақина табылған. Мә, бұ да бір белгі шығар. Рысқұл жиен Сібірде алтын қаздық дегенге, алтын сақина ма деп әркім-әркімге көрсетсем, алтын емес дейді.

– Мұны да маған беріңіз.

Тұрар көзілдірігін нығарлап қойып, сақинада сиқырлы жазу бардай, сонда әкесінің сыры сақтаулы жатқандай, әрі-бері айналдыра қарады. Кәдімгі қара темір, егеуі көшіп, көмескіленіп қалыпты. Тұрар сақинаны аппақ бәтес орамалға орап, қалтасына сала берді.

– Көкем маған мұраға қора-қора қой, үйір-үйір жылқы қалдырмады, түп нағашы. Көкем маған мұраға тек есімін ғана қалдырды. Оның өзінен де айырылып қалып, «Қырғызбаев» болып жүріп, Рысқұлов деген фамилияға әрең жеттім. Сондықтан мына қанжар мен сақина менде болсын. Қанжар – қаталдық. Көкем маған: «Жауыңа қатал бол!» – деген шығар. Сақина – татулық. Көкем маған: «Досыңа адал, тату бол!» – деген шығар. Менде жау да, дос та бар, түп нағашы. Шамаң келсе, көкемнің қабіріне қарайлай жүр. Кейінірек келіп, басына белгі қоярмын. Күмбез тұрғызбаймын, керегі жоқ, бәрібір мәңгілік емес. Сыпатайдың күмбезі де құлап жатыр. Қош, көке! Қош, түп нағашы!

– Оу, жиеншар, бірдеңе десеңші! – деп ышқынып қалды Дәуіт шал күйме соңынан.

– Көп кешікпей жауап болады, – деген дауыс естілді күйме ішінен.

Қос ат жеккен қара күйме қоңырауы бебеулеп жолға шықты. Шеңгел қоңыраулары күйме қоңырауына қош-қош айтысты. Сояу бұтада зер қабық желбірейді.

Ұлы Жылан жылы еді.

II

Рысқұлов Түркістан картасының алдында тұр. Карта ескі болатын. Кауфман заманынан бері ілулі тұрған. Бір өзгермесе – осы карта өзгерместей еді. Біреу өлмесе, генерал-губернатор фон Кауфман өлместей еді. Бірақ «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», – деп Абай айтқан.

Заманы заңғарланған шақта Кауфман да бұл картаның алдында талай тұрған.

Енді – Рысқұлов...

Екеуінің қарасы екі басқа.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий