Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жалғыз Біжікен емес, барлық балалардың сабақтан ренжіп қайтар себептері кеп. Балалар қыстыгүні бір бөлмеде, жаздыгүні киіз үйде оқиды. Әліпбиге кеше ғана түскендері де, әлдеқашан құранға түскендері де бәрі бірге қозыдай жамырасып шулап отырады. Дауыс шығармай іштен оқуға лұқсат жоқ. Даусы естілмеген баланы молда-екен солқылдақ шыбықпен жаурын ортадан тартып жібереді.

Бір бала:—әлиф, би, ти... әлиф, би, ти,— деп зарлап отырса, екінші бала:

— Рәсірә, рәсіри, рәтұро,— деп сарнап отырады.

Үшінші баланың күні бойы өз-малталап отыратыны:

— Әлфіки күсін ән, әлфіки кәсін ең әлфіки күтір өн — ән-ен-өн...

Төртінші бала әндетіп құран оқиды. Ішінен балағаттап отыр деуге де болар еді. Қырық шақты бала қыс бір бөлмеде, жаз киіз үйде шулайды да отырады.

Күні бойы осылай. Кеше де осылай, ертең де осылай. Егер осы сарнау, зарлаудың ішінде бір ауыз мағына болса, оны бала түсінбейді. Молданың өзі де түсінбейді, түсіндіре де алмайды. Есі кіре бастаған балалар осыған наразы. Надан ел баламыз оқып жүр деп сеніп отырса, азды-көпті көзі ашық адам балалардың күн бойы мағынасыз шулап отыратынын жындыханаға теңер еді.

Біжікеннің, молдаға өз наразылығы бар. Ол күнде көзіне шалынып жүрген бірдемелерді қызық көріп суретке түсіретін еді. Екі лақ сүзісіп жатыр. Шешесі намаз оқып отыр. Асылтас кемпір бір қап тезек теріп келе жатыр... Бұлары көркем сурет емес, әрине, әшейін қарындашпен шимайлай салған сызықтар. Адамның нобайы, мал баласының нұсқасы ғана танылады. Сол жаңа жарыла бастаған жапыраққа надан молданың қолы тиіп кетті де жұлып тастады.

Әрбір бейсенбі күні молда-екен балаларды қаз-қатар жатқызып қойып дүре соғады. Балаларға жұмасында бір рет дүре соғу, шындап дүрелемесе де, соның ишаратын істеу бала тәрбиелеудің бір қағидасына жатады. Ишарат көбінесе шын дүрелеудің өзі болып шығады. Оның себебі — балалар жұмасына бір рет молдаға екі тиын садақа әкелулері керек. Ертең жұма, бүгін садақа күні — бейсенбі. Кедей балаларында екі тиын түгіл, бір тиынның өзі жұма сайын табыла бермейді. Осындай түсім аз болған күні молда-екесі балаларды шындап дүрелейді. Дүреден азат жалғыз Біжікен ғана.

Сондай бір түсім аз болған бейсенбі күні ызалы молда балаларға дүре соқты. Өзі төр алдында, балаларды киіз үйдің дөңгелек орайына қарай қатарлап жатқызып, әуелі солқылдақ тал шыбықпен балаларды түгел бір-бір соғып өтті. Мұнысы ишарат дүресі еді. Садақаны аз әкелген балаларға ишарат дүресінің өзі де бата тиіп жатыр. Ондай балалар шайқаңдап қойып, қасындағы балаларға тығыла түседі. Екі да арамылау бала әкелген садақаларының жарым жартысын дамбал ышқырына тығып қалдырған екен. Шықа шыдай алмай молданың алдына біреуі бір тиын батырды, енді біреуі жарты тиын қара күрешті тастай берді. Дүреден қайқаңдамайтын екі-ақ бала бар — Ережеп пен Ботбай. Екеуі де шымыр денелі, ерегеспе, қайсар балалар. Бұл екеуі ишараттан кейінгі нағыз дүренің өзіне де көп қайқаңдамайды, өліп қалғандай жатады.

Біжікен дүреден азат жалғыз қыз бала болса да, жалпы тәрбие тәртібі бойынша ол да дүрені көріп отыруға міндетті. Қазір ол іргеге қарай ығысып барып отырды. Қашанғы әдеті осы. Дүре дегенді алғаш көрген кезде көзін кітаптан аудармай төмен қарап отырушы еді, осы күні бойы үйреніп кетіпті. Бұрынғыдай дір етіп қалмайды, жылап та жібермейді. Дүреге ұшыраған балалардың қайсысы қандай мінез көрсеткенін аңдай отырады. Кейде қабағын шытады, кейде күліп жібере жаздайды.

Жаңағы екі бала молданың алдына садақадан қымқырып қалған екі бақырды тастай бергенде Біжікенге ойнақы бір ой келді. Қағазға соның суретін сала бастады. Қарындаш молданы, айнала қарбыздай домалап жатқан көп бастың суретін салды. Ол қиын емес екен. Балалардың денесін жалғыз ғана сызықпен іспеттеп, сызықтың үш жағын екі айырып еді, екі аяқ болды да шыға келді... Оның несі қиын болсын...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий