Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қос қылаңы — Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері еді. Байтабын жұрт көзіне түспес үшін, қасына жігіт ертпей, сол түнде-ақ жүріп кеткен. Серғазы аулына жақындағанда, ханның бүгін-ертең Ақбөкенді алмақ болып жатқанын естіді. Оның үстіне Жоламан аулын шабуға осыдан үш күн бұрын екі жасақ шыққанын білді. Бұл жақта енді аялдаса аулының қан болатынын түсінді. Ақбөкен арманы қаншама жанын жегенмен, ел-жұртын апатқа қимады. Қос қылаңды кезектете ауыстырып мініп, кейін шапты. Біреуін зорықтырып жолға тастап, екіншісімен жеткен еді.

— Қалай жолыға алмадың? — деді Жоламан жиенін жұбатайын деген ойменен.

— Көке, ел қырғынға ұшырағалы тұрғанда, — деді Байтабын жүдей, — өз кеудеме қадалған шөңгені ойлағым келмеді.

— Айналайын құлыным, ел қамын ойлар азаматтың сөзін айтып тұрсың. Алайда өзіңе бекем бол, жазылмайтын жара жоқ...

— Жоқ, көке, бұл жара жазылмайды.

— Жазылмайды, дейсің бе? Түсінбей келдім бе, жараң тым ауыр екен. Жарайды, осы айқастан сау шықсақ, турармыз Серғазының түндігін!..

Жетіқарақшы шөміштене, жұрт қорғаны ақсақалдар да жиналды. Бәрі дөң басында дөңгелене отырып кеңеске кірісті. Жоламан бар жайды айтып беріп, ақыл сұрады. Бие сауымындай кеңесіп үлкендер қауымының шешкені мынау болды: Табын көшіне енді бұл арада қалуға болмайды, бала-шағаны қырып алмас үшін, тоқ етер шешімге келгенше қалың ел осыдан күншілік жердегі Мұғажар тауының батыс саласындағы ну жыңғылға көшіп, әзірге бой тасалай тұрғаны жөн. Қазір найза ұстаған мың сарбаз бар. Бес жүзін саралап алып жауды осы арада қарсы алу керек. Ал қалған бес жүзі — заман қандай, заң қандай, — жау жасағы торып алдарынан шығар болса, төтеп беру үшін көшпен бірге аттануға тиіс. Жоламан ойынша солдаттар осы араға таң ата жетуге тиісті. Мүмкін ат ауыстырып отырса түнделетіп те келіп қалулары ғажап емес. Сондықтан көш қозғалысымен жауды жаңылдыру үшін, он шақты жігіт әр жерге көптеген от жағып. ауыл әзір қозғала қоймағанын аңғартар жалған көрініс жасауға осы арада қалғаны дұрыс...

Осындай шешімге келген ақсақалдар өздерінің көштеріне қарай беттеді.

Жоламан мен Байтабын жігіттерін бөлуге кірісті. Найза ұстаған, білте мылтық асынған сарбаздар алдарынан сап-сап болып өтіп жатты. Кейбіреулерінің арқаларына таңған қалқандарының дөңгелек күміс шұғымдары ай сәулесімен ойнап жалт-жұлт етеді. Жоламан оң қолын көтерген сап көшке бұрылып, сол қолын көтергені осы төбенің етегінде қалып жатыр.

Бие сауымы өтпей, қалатын жауынгерлер таңдалып алынып, көштің алды қозғала бастады. Үрейлі атүсті өмірге дағдыланған жұрт, үн-түнсіз шұбырып кете барды. Түйенің боздағаны, анда-санда ұйқысынан шошып оянған балалардың жылағаны, жылқының ауық-ауық пысқырғаны, оқыранғаны естілді...

Көш айлы түнде сырғып, бұлдыр белестен өтіп жоқ болып кетсе де, ауыл әлі де осы арада тәрізді. Дәйекші жігіттер жаққан оттар жыпыр-жыпыр етеді. Қалың ауыл осы араға жаңа келіп қонып ас-суын дайындап жатқанға ұқсайды.

Жоламан қалған жауынгерін екіге бөліп, бірін тапал қарағаш тоғайлы ойпаттау келген сай бойына орналастырды. Екінші бөлегін қырқа тасасына қарай әкетпек болып тұрғанында кенет белесті өрлей шапқан ат дүбірлері естілді. Сарбаздар елегізе қалды. Тынық түнде шыққан дыбыс қандай үрейлі! әсіресе дәл қазіргідей жау күткен шақта.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий