Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Жоқ, жоқ, қайткен күнде де Ақмола бекінісін алу абзал. Бірақ бес жүзге таяу жасағы, зеңбірек, карабин, іштесер қаруы бар, биіктігі бес сажын қорғанды, жан-жағын қоршай қазған терең орлы бекіністі Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иван оп-оңай бере сала ма? Айлаң жетсе, бермеймін дегеніне қоясың ба, аласың!.. Башқұрт әшірап айтқан бекіністі алу айласы Кенесарының бұрынғы ойына ой қосты емес пе? Иә, сөйтті. Әттең, дүние-ай, әшірап екі күн өтпей жоқ жерден мерт болды. Бірақ айтқан ақылы көкірегімде сайрап тұрған жоқ па? Ай, Қараүлек-ай, қолың гүрзіден де ауыр-ау, сорлы башқұрттың мойын омыртқасын бірден үзіп жіберіпсің. Сәл жеңіл қимылдасаң нетті, жазығы қамал алуды үйреткені ме? Нойыс неме, менің ойымды дұрыс түсінбегенсің ғой. Саған әшірапты ертіп жібергендегі ойым қарамайды дұрыс қайнатуды үйретсін дегенім еді ғой. Ал сен менің бұрынғы тәсілімнен шыға алмапсың... Өлтіріп жіберіпсің. Өлу — өмір заңы. Енді оқасы жоқ. Өлтіргенің дұрыс та. Қарашының ақылымен қамал алғанымды жұрт білсе, менде қандай абырой қалады? Енді ол әдісті... Жоқ, жоқ, ең алдымен бар батырымнан бекіністі қалай алу керек екенін сұраймын, әрине әрқайсысы әрқилы жолға сілтейді... Ең соңында барып, өз ойымдай айтамын. Ел бастайтын қаһарманның аузынан шығатын сөзді айтуым керек. Бұның өзі маған ерген жұрттың бірден көңілін көтеруі сөзсіз. Содан кейін мен айтқан әдіспен Ақмола бекінісін алсақ, одан артық абырой болар ма?! Соңымнан ерген жұрт құрмет тұтса, хан тағының да жақындай түскені.

Осыдан үш күн бұрын Ақмола бекінісін қалай алуды ойлап, ордада жалғыз отырғанында Кенесарының үстіне Жоламан батырдың жасағынан Байтабынмен бірге келген әшірап деген башқұрт жігіті кірген. Дәулетші екеуі зеңбірек құя біледі дегеннен кейін, Кенесары осы башқұрт жігіттерімен жиі кездесіп тұратын. Өзінің ордасына да әлсін-әлсін шақырып, зеңбірек құю жайын әңгімелесетін. Сөйлесе келгенде зеңбірек құюды білетін Дәулетші, ал әшірап — Салауат Юлаевтың көтерілісіне қатынасқан, белгілі жауынгерлердің бірінің баласы боп шыққан, әкесінің айтуы бойынша бекіністерді алудың әдісінен хабардар екенін аңғартқан. Кенесары зеңбірек құйғызамын деп бірнеше ауылдың қазан-ошағын жинатып, Дәулетшінің қасына қазақтың асқан шебер бес ұстасын қосып, Қорғасынды дейтін жерден көрік ашқан. Ал әшірапты жанына алып қалған Кенесары оған Ақмола бекінісінің қандай бекініс екенін айта келіп, осындай қамалдарды Салауат Юлай қалай алды екен деп сөз тастаған.

— Өздеріңіздің қандай ойларыңыз бар? — деген әшірап.

Кенесары жасырмаған.

— Қалың әскер жүздік, мыңдық саппенен кәдімгі жарды ұруға келе жатқан толқындай лек-лек боп, барынша айқайлап ұран сап, бірінің соңынан бірі қамал-ға шабады, — деген ол. — Мұндай жағдайда гуілдеген, шуылдаған, атой қойған қалың топты көріп, қамал қорғаншылары шыдай алмайды, қарадай зәре-құты қашып, қамалды қорғамақ түгіл, бекініс үстінде де отыра алмай, көбіне-ақ қаша жөнеледі. Бұл әдісті ата-бабаларым ежелден қолданып келеді.

— Мұндай ескі әдіспен зеңбірегі бар, жақсы қаруланған әскерге толы Ақмола секілді қазіргі заман бекінісі алынбайды, — деген әшірап.

— Неге? — деп Кенесары оған тесіле қараған.

әшірап түсіндіре жауап берген.

— Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, Ақмола бекінісін қоршап қазылған ор бар деп. Лақылдап келе жатқан сарбаздарыңыз сол орға келгенде амалсыз тоқтайды. Алдыңғы қатарын артындағы шауып келе жатқандары итеріп, кейбіреулері орға құлап, қалың қол іркіліп қалады. Дәл осы кезде қорған үстіндегі жауларыңыз төрт зеңбіректі бірдей атып, мылтық біткеннен жаппай оқ жаудырып, бар әскеріңізді жусатады да салады. Сондықтан бұл әдіс қазіргі жағдайда бекініс алуға келмейді. Басқа жол табу керек...

— Қандай жол?

— Бекіністің ішінде ағаш үйлер көп... дедіңіз ғой. Салауат Юлай ұлы бір амалды осы жағынан ойлаған болар еді..

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий