Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

ған жұмсақ орындықтар. Ең түбінде, жасыл шұғамен жапқан, өрнекті, зілдей стол. Қабырғасында Бірінші Николай патшаның полковниктік дәрежеде түрегеліп түскен суреті. Әшекейленген төбеден төмен салбыраған жалтыраған жез баулы шам қоятын аспалар... Стол үстінде алтын жұмыртқа тәрізді сия сауытын тұяғымен басып тұрған, қос қанатын кере жайған қара мрамор тастан жасалған екі басты самұрық құс. Келген адамның сұсын алайын дегендей генерал самұрықты есік жаққа қаратып қойыпты. Егер қарсылық етер болсаң, тырнақтары қанжардай, қанқұйлы, айбынды қыран «шаңқ» етіп көтеріліп, бас салғалы тұрғандай. Кең залдың іші қандай ызғарлы болса, құс түсі де сондай ызғарлы. Иесі осал кісі емес. Россия патшалығының Сібірдегі аузынан от бүріккен қанды балақ жендеті.

Бөлме иесі князь Горчаков — Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Кірпідей тікірейген қысқа шашты, едірейген жирен мұртты, ақ боз, түсі суық кісі. Ол Қоңырқұлжаны столының ар жағындағы Бірінші Николай суретінің аясында тұрып қабылдады. Өзі де отырған жоқ, Қоңырқұлжаға да отыр демеді. Басын изеді де қойды. Аға сұлтанға ол бірден «қазақ даласында болып жатқан бүліншілікке сен де айыптысың», дегендей сұс көрсетті. Қоңырқұлжа іштей әбігерлене қалды. «Бәсе, мені келмей жатып неге іздетіп жатыр деп едім-ау, ұрыспақ екен ғой, тек ұрсып қойса ғана жарады...».

— Подполковник Құдаймендин, — деді Горчаков бірден ресми сөзге кірісіп, — Омбыға жай келмегеніңді біліп әдейі шақырттым. Қазақ даласында болып жатқан бүліншіліктің жәйі бізге әбден мәлім. Хорунжий Қарбышев Ақмола бекінісінен қалай айырылғандарыңды баяндаған. Патша ағзам алдында борыштарыңды ақтай алмағандарың үшін сендерді сотқа беру керек еді, бір жолға кешірдік. Енді бізден не тілейсің, соныңды айт. Және қысқа түрде. Ұзақ жырды тыңдауға уақытым жоқ.

Князь дәл қазір шынында да асығуда еді. Генерал-губернатор ит құмар жан болатын. Былтыр Лондоннан әдейі алдырған ағылшын сеттері тұқымдас қаншығы кешеден бері ауырып қалған. Томскіден арнайы шақырған дәрігер Омбыға жаңа ғана жеткен еді. Оны итіне өзі апарып көрсетпек. Князь соған асығулы. Сүйікті қаншығы ауырып жатқанда, қазақтың бір аға сұлтанымен мылжыңдасып, уақыт өткізуді жөн көрмеді. Сондықтан генерал-губернатор әңгімені тікесінен қойды. Мұндай келте қабылдауды күтпеген Қоңырқұлжа сасып қалды. Горчаков тіпті сөйлеспей кетіп қалар деп қорқып:

— Генерал-губернатор мырза, — деді аға сұлтан келген шаруасының тоқ етерін айтып! — Кенесары күннен-күнге күшеюде. Биыл қыс оны құртпасақ, келесі жаз бой бермей кетуі мүмкін.

— Қалайша?

— Торғай бойын жайлаған қалың Қыпшақ пен Ырғыз, Елек, Ембі өзендерінің маңындағы Кіші жүздің көп руларының оған қосылып кету қаупі туып тұр. Бүйте берсе бар қазақ Кенесары туының астына жиналуы мүмкін.

— Мұндай ақымақ халықты көрсемші, — деді Горчаков мысқылдай күліп, — Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па? Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді, форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап, саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?! Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.

— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий