Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Өлә, онда қалай: большевик күшік күйеу болғаны ма?

– Е, оларға бәрібір емес пе, әйтеуір шүберек бас табылса, қайын атасының қолында да тұра береді.

Өзбек, қазақ, орыс, татары аралас қисық-қыңыр көшенің тоғышарларына осылайша жаңа бір өсектің өзегі табылды. Көбінесе ұсақ сауда-саттықпен күнелтетін бұл қауымға әсіресе «Шуро-и-Исламияның» ықпалы күшті. «Шуро-и-Исламия» большевиктерді қарапайым халыққа құқай етіп көрсетуге ұста.

Сәбден әрнені айтып, құлдыраңдап, Тұрардың о жағына бір, бұ жағына бір шыға берді. Тұрар шыдай алмай:

– Сәке, жүріп келе жатқан көшең қисық болса да, жүрісің түзу болсын. Әне, бүкіл махалла бізге қарап тұр. Түзу жүріңіз, – деп тастады.

Қаланың қотырын жасырып тұрған жасыл жапырақтар сары ала тартып шаршаған көбелектей қалбаңдап барып, жерге бір-бірлеп құлап түсіп жатыр. Тұрардың әлгіде ғана жалтырата тазалап шыққан қара туфлиін демде тозаң тұтып қалды. Әулие-Ата жарықтықтың шаңы биыл ерекше. Оны тазартуға ұлы нөсер керек-ақ...

Мың жыл бұрын қаланың жан-жағын биік-биік дуалдар қоршаған. Төрт жағында төрт қақпасы болған. Қазір бүкіл шаһарды қоршап тұрған қорған жоқ. Енді әркім өз үйін жеке-жеке қоршайтын болған. Әр үй – бір бекініс. Домбаздап соққан дуалдар – бірі биік, бірі аласа, бірімен бірі жалғасып кете береді, кете береді. Топырақ та тозғандай, дуалдардың әжімі айғыз-айғыз. Кейбір жерлері құлап түсіп, үңірейіп қалған. Кетік дуал – жыртық киім сияқты. Әбиіріңді ашады. Ар жақтан әулие аталық кедейдің жатаған жүдеу үйі жалаңаштанып тұрады. Әлі жапырағы түсіп үлгірмеген жүзімдік сүйеу таяқтарды шырмай орап, жансыз ағашты аймалай түседі.

Екі доңғалақты арбаға бау-бау жусанды үйіп артып, тырмысқан көк есегін тізгінінен шірене тартып, арбаны да, есекті де өзі сүйрегендей болып, жыртық кебісін қоңылтақ киген қазақ кетіп барады. Бурылдың қыраттарына биыл сараң шыққан тырбық боз жусанды кетпенмен қыршып шауып баулап-баулап, базарға апарады. Жақындап қалған қыстың қаһарынан қорыққан байғұс саудасы жүрсе, аяғына етік сатып алмақшы шығар.

Жол шетінде мезгілінен бұрын өлген ақ көбелекті құмырсқалар қаумаласып илеуіне қарай жанталаса сүйрейді. Олардікі де қыстың қамы.

– Ауылдарыңда биыл астық қалай? – дейді қара кемпір қара пәренженің ар жағынан қолын шығарып, жыртық кебісті қазаққа ақша ұсынбақшы болып.

– Жылан жалағандай, – дейді қазақ қара қақпалы түрменің ішінде тұрған адаммен сөйлескендей айқайлап.

– Большевиктер кедейлерге астық береді дейді ғой, – дейді қара кемпірдің дауысы зындан түбінен шыққандай сыбырлап.

– Әй, қайдам, қашпаған қара сиырдың уызы болып жүрмесе, неғылсын, – деп қазақ шүбә соғады.

Қара пәренженің ар жағынан бір уыс қағаз ақша ұстаған қол көрінеді.

– Оу, бәйбіше, бұл қобырған қу қағазыңды не қыламын, отқа жағамын ба? Маған дән керек. Нан керек. Түсіндің бе? Ал Керенскийдің ақшасынан өзің пәренже тігіп ал! – деп қазақ көзі іріндеген, әлі жүні қорбиған маубас есегін ары қарай сүйрей жөнеледі. – Отын орнына Керенскийдің ақшасын өзің жақ.

– Әй-у, тұра тұрыңыз, мәңіз, күміс теңге, – деп қара пәренженің ар жағынан қол қимылдап, күміс ақшалы қалта алып шығады.

Бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан Тұрар осы бір келеңсіз жайдың куәсі болып, тағы да ойға қалады: «Халықты сендіру керек. Сөзден іске жедел көшу керек. Байларды конфискалап, мына сіңірі шыққан кедейге қол ұшын бермесе, биыл қыстан аман қалуы екіталай».

* * *

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий