Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Асты бірдеме қылып өткізерміз-ау, ағайын... Ең әрісі Стаптан жүз қазақ-орыс алдыруға да болады. Бірақ, соның ар жағында күніміз не болады? Есекең қайтыс болған соң, енді Қожық бізге теңдік бермейді дегендей екенсіздер... Есекең жауға жалғыз аттанушы ма еді? Керей-Уақтың басын қосып, екі елдің ұранын шақырып аттанбайтын ба еді? Қожық қарақшы түгіл, Кенесарының өзін Керей жерінен қуып тастағанда осылай еткен ғой! Қожық заты Уақ болғанымен өз елінен шеттеп Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтан Есенейдің, қолына түспей кетті. Есеней өздеріңізбен мақұлдасқанда — «Қожықты құртпасаң, Керей, саған күн жоқ!» демеп пе еді? Есенейдің Қожықта кеткен ұзыннан өші, қысқадан кегі жоқ еді ғой! Аты Керей, Есеней сенің қамыңды ойлаған. Бүкіл Атығай-Қарауыл, Керей Уақ қарғап отырған қанішердің орны қараңғы үй — абақты, тор көзді түрме емес пе? Өзгең бой тасалап қалатын болсаң, Сибан жалғыз болса да, Қожықтай залыммен алысып өтеді. Сибан Есенейінен айрылса да еркек жігіттері, құдайға шүкір, бар!„—деп Мүсіреп пен Құниязды көз қиығымен жанап өтті.

— Дұрыс айтасың, Ұлпан... Қожықтың жіберген адамына дүре соғып, атын айыпқа алып, өзін жаяу қайтарса, ол Сибанның неге болса да бел байлағаны ғой! — деді Мүсіреп.— Бірақ, Керей-Уақ Сибанды жалғыз қалдырар деп ойлаудың керегі жоқ. Қожық Керей-Уақ, Атығай-Қарауылдың бәрінің жауы. Ондай зұлымға барлық ел бір-бір тас атып қалмайтын ба еді? Қожықтың орны түрме! Байдеке, осы жұмысты өзіңіз бастаңыз, өзіңіз аяқтаңыз!

Байдалы би бірінші болып аты аталғанды, бірінші болып сөйлегенді, қандай істің болса да бірінші болып басында жүруді жан-тәнімен жақсы көретін еді.

— Керей-Уаққа құдай бірлік бере қалса, дұрысы осы болар еді,— деп қалды.

— Сізге ермегенде кімге ереді бұл ел? Орыс, қазаққа атағыңыз жайылған бисіз, сізден иығы жоғары тұратын кім бар? — деп Мүсіреп тағы да бір қолпаштап жіберді.

Енді Байдалы шалқалай отыра сөйлеп, Күзембай болысқа қарап:

— Бес болыстың пыргауарын жасата бер... өмір-бақи оралмастай болып «Итжеккенге» айдалсын! — деді.

— Онда болыстарды осында шақыртамыз ғой?

— Шақырта бер.

Құнияз ер мінезді, намысқор, балуан жігіт еді:

— Қап, Сибанда ту көтеріп намысқа шабатын еркек барын көрсететін күн туды ма деп дәмеленіп қалып едім.... Қағазбен тынатын болды-ау! — деді өкініп қалғандай қалжыңдап.

Кенесары ылаңынан кейінгі отыз жылдан астам тыныштық өмірде Сибанға мал бітіп, тұрмысы түзелген соң балалар өлімі азайып, жігіттері көбейіп қалған еді. Бұл кезге дейін Есенейдің атымен ел атанып, қатарға қосылып келсе, енді елдің өз кеудесі көтеріле бастаған. Құнияз болыс-билерге соны аңғартып қалды.

— Атыңды ерттей бер, Сибан! Қағазы да болар, басқасы да болар,— деді Байдалы.— К0ЖЫҚ оңай жау емес. Ол жасанып отырған жау. Үш жүзге жақын жарағы бар. Оңай қолға түспейді. Бірақ, естеріңде болсын, бұл Сибан жорығы болады.

— Жорық болады ғой, әйтеуір?

— Болғанда қандай! Үлкен жорық болады.

Жорық үлкен болуға бет алды. Сибан жорығына бес болыс Керейден қатынаспағаны қалмайды. Қожыққа бәрі де кекті, бәрі де еш. Адам керек, ат керек, ас керек. Соның бәрінің салмағы Сибанға түсетін болады. Байдалы осыны ескертіп еді. Сибан оған әзір екен.

— Істеріңе береке берсін, еркектер. Есенейдің малы Керей-Уақтың амандығы сияқты осындай ақ жолға шашылса, аруағы маған ренжімес,— деді Ұлпан.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий