Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қожықты әркім өз қара басының көрген жәбір-жапасына қарай ұры-қары, жол тонағыш, қанішер, зұлым дейтін. Мұның бәрі де дұрыс еді. Қожық адам қанына талай шомылған хайуан. Қырда қазақты, Торғай, Моқрасыбай қалаларында орысты бауыздағанда екі қолының біреуі дір етпеген адам. Есік-терезесі жабық үйлерді өртегенде, шырылдап шыққан жас баланың даусынан шіміркенбеген хайуан. Осы кезде де қолы қанданбай отыратын күні жоқ. Қожық жайлаған жерден бір адам аман ете алмайды, тоналып өтеді. Сонымен бірге, Қожық қазақ хандығынан үміткер, хан тұқымдарының сүйеніші еді. Әлі үзіліп болмаған үміттің сарқындысы осы Қожыққа байланысты болатын.

Ол отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Кенесары жасағынан қалған қолды таратпай ұстап отыр. Олардың өздері қартайса да, қанмен ауызданған балалары жігіт болып қалды. Зәу-сайтан біреу хан болғысы келіп селт етіп шыға келсе, Қожық оның даяр тұрған қарулы жасағы.

Орыс әкімдері де Қожықтың үстінен түскен арыз, приговорларға құлақ аспай келеді. Арыз, приговор берген болыс-билердің үстінен Қожық та арыз береді. Қазақ арасында қарсы даулар көп, Қожықта та сондай кереғар даукестің бірі. Қожық өз алдына бір болыс ел болуды сұранып жүр. Бес жүз үйміз депті. Тексере келгенде онысы жалған болып шықты. Үш жүзден аса еркегі бары дұрыс, ауыл саны жиырма төрт-ақ. Ұры екені де рас. Қазақтың Қай биінің қолы таза? Қай болысының үстінен күнде бір арыз түспей отырады? Арыз, приговорларға сене берсең, қазақтың барлық болыс-билерін бір жылдан кейін түгел түрмеге алып отыру керек. Тегінде қазақ бірін бірі жамандауға келгенде сонша шебер, сонша рақымсыз, сонша жалақор, өз тамырына өзі балта шауып, өз жапырағын өзі жұлады да отырады. Түпкі ойлары осыған келіп тірелетін орыс әкімдері Қожықты қудаламай келді.

Бұл жолы Керей-Уақтың болыс-билері үлкен ұйымшылдық көрсетті. Қағаздарын үкілі поштамен Омбы, Қызылжарға жөнелтті де, өздері болыс басы жүз елу жігіттен жасақ жинап алып жорыққа тез аттанып кетті. Қол басылары да әр рудан еді — Шағалақ Боқан батыр; Таузар-Көшебеден Мұстапа, Өсіп; Сибаннан Құнияз; Балта Керейден Күшікбай батыр. Жорық басында Байдалы, Күзембай сияқты болыс-билер, Мүсіреп сияқты беделді ел адамдары.

Жорық салмағын Ұлпан да ауырлаған жоқ. Сибан жігіттеріне алпыс ат берді. Түсіне қарамай, санамай берді. Қырық ту биені жорық жолына шығарды. Біреуі қайтпаса — сұрауы жоқ деп берді.

Есілдің солтүстік беті жалғасы үзілмейтін қалың орман, қаз, үйрек мыңдап ұялайтын қамысты, айдынды көлдер. Осы күні солтүстік-шығыс Сібірге барып ұялайтын қаз, үйрек, аққу, тырна, жылқышы, тауқұдірет құстары ол кезде

Батыс Сібір көлдерінен аспай ұялай беретін. Жалғыз қараша қаз ғана алыстап кетуші еді. Жорықшылар сол көлдерді сағалап, сол ормандардың ішімен келіп, Қожықтың тобырына таң алдында тиісіп еді, ұйқыда жатқан тобыр елеулі қарсылық көрсете алмады, оңай қол қусырды. Қожықтың ауылдарына тұс-тұсынан келіп тиген Керей-Уақ қолы әр ауылды бөлек-бөлек басып алды.

Сонша атақты қанішер атанған Қожықтың өзі ұсталғанда есте қалғаны мынау-ақ:

Ақ орда атанған үлкен киіз үйді Мұстапа қырық жігітімен қоршап алды да, айғай салды:

— Аш есігіңді, шық үйден!

Мылтық атылды. Бір ат ұшып түсті.

— Иттің ғана баласы, жан керек болса, шық үйден!

Мылтық тағы атылды. Бір жігіт атынан құлап түсті.

— Қапта! Шаңырағын ортасына түсір! —деді Мұстапа.

Қырық шақты жігіт шауып келген бойы «ақ орданы» айнала беріп сойылмен бір-бір салып өткенде-ақ уықтары сатыр-сұтыр сынып, шаңырағы үйдің ортасына жалп етіп құлады. Үзік, түндік деп аталатын үйдің жоғарғы киіздерін жамыла құлады. Үй ішінен «Өлдік-ау, қырдың-ау, Қожық!» деген әйел дауысы, шырылдаған жас баланың дауысы естілді.

— Өртеңдер! — деді Мұстапа.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий