Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

— "Бэк" деген атқа келеді, - деді анау тірідей жүк тиелген жәшіктің жіберілгенін мәлімдеген санфранцисколық кабакшының хатын дауыстап оқып. — Ал, Бэк көгершінім, — деп жалғады одан көңілдене, — біраз шуладық қой екеуміз, артығырақ та кеткен шығармыз, енді ең дұрысы, ұмытайық осының бәрін. Сен өз ісіңді біл, мен — өзімдікін. Тілалғыш ит болсаң бәрі ойдағыдай болады, ал бұзақылық жасасаң көзіңе көк шыбын үймелетемін. Түсіндің бе?

Осыны айтқан ол ешбір сескенбестен жаңа ғана тоқпақтаған бастан аялай сипады. Бэк оның қолы тиген сайын тіксінгенімен шыдады, қарсылық көрсеткен жоқ. Свитерлі адам су әкеліп берді, бұл оны құныға ішті. Бұдан соң жаңа қожайын ұстаған дәмді сыбаға — шикі етті кесек-кесегімен жұлып алып ашқарақтана жеген.

Ол жеңілген еді (мұны өзі де түсінді), бірақ қыңған да, сынған да жоқ-тын. Сойылмен қаруланған адамның өзінен мықтырақ екенін алғаш рет жіті түсінген, ал алған сабағын ғұмырлық жадына тұтты. Сойыл осылайша көзін ашқан. Ол мұны жабайы заңдар үстемдік ететін әлемге енгізген. Бэк бұл заңды тез игерді. Сол сәтте өмірдің қатал шындығымен бетпе-бет келген еді, бірақ одан сескенген жоқ: жан түкпірінен табиғи хайуандық айлакерлік түйсігі оянайын деген.

Уақыт өте берді. Дәл сондай жәшікке салынған немесе жіп таққан басқа иттер әкеліне бастаған. Бірі өте тілалғыш та жуас, екіншілері еліріп, бастапқыдағы Бэк секілді ұли жөнеледі. Хайуандарды осылайша тәртіпке түсіру әрекетін бақылаған Бэк санасына ақырындап қарапайым бір шындықты мықтап сіңірді: сойылы бар адам би, қожайын екен, оны сүю шарт болмаса да, бағынуға тиіс екенсің. Бэк те қожайынға мойынсұнды, бірақ көзінше талай рет таяқ жеген кейбір иттердей құйрығын бұлғаңдатып, қолын жалап жағынған жоқ. Ол сондай-ақ тәртіпке көнгісі де, бағынғысы да келмеген бір иттің ақыр аяғында өлтіріліп тынғанын да көрді.

Анда-санда бөтен біреулер келіп, қожайынмен кейде көңілсіздеу, кейде оған жарамсақтанған кейіппен әлдене туралы тілдесіп тұрады. Сөйтіп осындай әңгімелерден кейін иесінің қолына ақша ұстатқан әлгі адамдар бір немесе бірнеше итті өздерімен бірге алып кетіп жатады. Бэк осылар қайда кетеді деп, өзінше дал болады. Ертеңгі күндерден қатты сескене бастаған бұл сатып алушылардың көзі өзіне түспеген сайын қуанатын-ды.

Алайда күндердің күнінде мұның да кезегі келді. Өзін тіксінткен ертеңгі күннің үлесі оған ағылшын тілін бұзып сөйлейтін, оның өзінде де мағынасы Бэкке түсініксіз қайдағы бір тосын сөздерді қолданатын ап-арық, әжім-әжім әлдекімнің кейпінде жеткен.

— Sacredam, — деп айқай салды ол көзі Бэкке түскен бетте. — Miнe, ит! Керемет төбет! Оһо! Қанша тұрады.

— Небәрі үш жүз. Су тегін, — деп жедел жауап қатты қызыл свитерлі адам. — Саудаласып бұлданбайтын шығарсың, Перро? Ақша сенікі емес, қазынанікі ғой.

Перро мырс етті де қойды. Итке деген сұраныстың көптігінен баға да шырқап тұр еді, сондықтан оған Бэктей керемет ит үшін сұралған сома бәлендей көп көріне қойған жоқ.

Канада үкіметі бұл саудадан кедейленіп қалмайды, ал мұның поштасы жылдам жеткізілуі керек. Перро ит танитын еді, сондықтан бір қарағаннан-ақ Бэктей иттердің мыңнан біреу болып жолығатынын жазбай таныған. "Тіпті, он мыңның ішінен біреу ғана!" - деп өз-өзін түзеп қойды іштей.

Бэк ақшаның қолдан қолға өткенін көрді, сол себептен де жүзін әжім басқан адамның өзі мен арсалаңдаған ньюфаундленд Кэрлиді ала жөнелгенде таңданған жоқ. Бэк бұдан былай қызыл свитерлі адамды ешқашан көрген емес. Ал Кэрли екеуі "Нарвал" кемесінің палубасынан анадайда қалып бара жатқан Сиэтлге қарап тұрған сәтте енді жылы оңтүстікті де ешқашан көре алмайтынын білген жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий