Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

ғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай қауіп төнгенін анық білді. Бұл қауіптен тек ел болып тізе қосса ғана құтыла алатынын да түсінді. Ол енді осы ел біткен біріксек деген тілекке шыбындай жанын, бар тілегін бағындырды. Өзге сезімнің бәрін былай тастады. Соның арқасында да Байтабын Наурызбай екеуін жауықтыратын қиянатын кешті. Ер намысын ел намысына жеңгізді. «Қыз махаббаты деген алдыңнан қаша жөнелген қызыл түлкі емес пе, жете алмай қалсаң оған кім айыпты? Халқың зары жүрегіңе шаншудай қадалған шақта, өз ойымдағым орындалмады деп көңіліңді сезімге булықтырғаннан не түседі!?»

Байтабын қиялы енді Ақбөкеннен біржолата сусып, Алтыншашқа ауды. Алтыншашты екі-ақ рет көрген. Бірақ көз алдында пайда болған сурет қараңғы меңіреу түнде адасып жүрген шағында көрінген от тәрізді көңілін серпілтіп тастады. Әйтсе де біреудің қосағы туралы ойлаудың күнә екенін Байтабын жақсы біледі, сондықтан ойламайын деп Алтыншаштың бейнесін өзінен сан қуды. Бірақ онысына ақылға бой бермес қиял деген асау күш көнбей-ақ қойды. Жалғыз қалса-ақ Алтыншаш қасына жетіп келеді, сезімін еріксіз оятып, өзімен бірге бір ғажайып жастық-шаттық дүниесіне ала жөнеледі...

Қазір де Байтабын осындай жағдайда еді. Өзі жерде, қиялы көкте. Ай бағана туған, ел жата бастаған. Осы отырғаным жетер енді деп Байтабын орнынан түрегеле беріп еді, кенет Алтыншаш бейнесі тағы да көз алдына тұра қалды. «Мен келдім ғой, қайда барасың?» — деп күлкіге көмілген күміс тісін көрсете еркелей төбе басынан жібермеді. Байтабын кенет бойын билеп ала жөнелген көңіл дауылын баса алмай, сезім кемесіне мініп, шаттық теңізінде жүзе берді. Жас батыр осындай топ жарып ұлан-асыр қимыл етердей қуанышты жағдайда отырғанда түнгі салқын жел әлдеқайдан көкірегін күйдірген арманына шипа болар бір әдемі үнді жеткізді. Ынтыға тыңдай қалды. Қыз әні. Оқта-текте шыққан дауыстардан төменгі тұста қыз-бозбала алтыбақан теуіп жатқанын Байтабын бағана аңғарған. Бірақ қиялында пайда болған Алтыншашты айдалаға жалғыз тастап кетуге қимай, қыз-бозбала қуанышына мән бермей өзімен өзі болып отыра берген. Ал мынау ән, бұрынғы әндердей емес, жас жігіттің онсыз да лепірген көңілін ушықтырып әкетіп барады. Бұл «Төбе басында неге жалғыз отырсың, мен сені тастап кеттім ғой. Қазір алтыбақандамын, жет жылдам», — деп бұйырған Алтыншаштың даусы тәрізді. Бұл үн май қарағай тастаған оттай, жүрегіне бір жалын лап беріп, енді отырғызар емес. Ол Алтыншаштың даусын әлі күнге дейін бір рет те естіген емес, ал мынау оған сол Алтыншаштың даусы секілді көрінді. Жүрек солай жорыды. Естіп тұрғаны Алтыншаштың әні екеніне жас батыр енді күмән келтірмеді. Соның үні деп бар сезімі, жаны, тәні ырық бермей «жүр-жүрлей» бастады. Әйтсе де Байтабын орнынан қозғалмай «тек ән бітіп қалмаса екен» деп тыңдаған үстіне құмарлана тыңдай түсті. Дауыс шынында да ерекше еді. Әнші қыздың көмейіне тоқсан бұлбұл қонып алып, толықси сайрағандай. Жалғыз шыққан ән қобыз, домбыра, қурай дыбыстарының бәрінің сұлу ырғағын бір сазға түсіріп тынық түнді әлдилегендей... Қыз үнінен біресе өзінің қызық дәуренімен қоштасқалы тұрғандай қайғы естіледі, біресе жаныңды алмас қылыштай кекке қайрар жігер, ал кей шақта көңіліңе сая болар қуаныш толқиды... Бір адам бүкіл әлемнің бар сұлулық бейнесін өз даусы арқылы өзгеге жеткізгісі келгендей... Ән бірде асқақтап, көкті шарықтай, бір мезет жел құлпыртқан көгал шөптің басындай құлпыра түсіп, немесе жарды ұрған теңіз толқынындай күшейе қарқындап, ал әлден уақытта барып, қара тасты әзер жарып шыққан тас бұлақтай ақырын ғана сылдыр қағып әлсірей, мың бұралып жүз құбылды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий