Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қарағым, іште жатқан қайғы Ескендірдің қос мүйізі тәрізді, сыртыңа шығармасаң кеселге айналдырады, — деді байсалды үнмен, — қабағыңның шырынан ішіңе бір сарсудың байланғанын аңғарамын... Кәріге айтылатын сыр болса жасырма, қолымнан іс келмесе, тілімнен ақыл келер... аянбан.

Көпті көрген қарт атамен өзінің де сөйлескісі келіп жүр еді. Есіркеген бірден ақтарыла қалды.

— Қайғым бар екені рас, ата. Өз қайғым емес, ел қайғысы.

— Ел қайғысы! Лебізің жылы тиді. Ел қамын ойлар артымда тұяғым жоқ па деп қынжылатын едім. Құдай тағала, мүсіркеген екен. Мұныңа да шүкір. Ал сөйле.

— Төрт жыл қалада оқыдым, ата. Жас адамға төрт жыл төрт күнмен тең ғой... Ал маған... Әлде мен сондай сарыуайымшыл болып тудым ба, төрт жылым төрт жүз жылдай ұзақ соқты... Егер адам ойы теңізге айналар болса, менің ойымнан бүкіл дүниені қоршаған тірі пенде жүзіп өте алмас мұхит пайда болар еді...

— Иә, айта бер... сонша ұшан теңіз мұхитта жүзіп не көрдің...

— Халқымның сол мұхит суына парапар көз жасын көрдім.

— Халқыңның көз жасын көру ғажап іс емес. Мен оны ес білгелі көріп келе жатырмын. Көру бар да, көмек беру бар. Сол көз жасты құрғатар не жол таптың?

— Жол біреу-ақ тәрізді. Тіл мен діні бөлек болғанмен, жері мен тағдыры бір орыс жұртшылығымен бірлеспей бізге жарық сәуле жоқ секілді. Сары далаға ие екенмін деп тағы құландай қысы-жазы көшіп жүре бергенмен ештеңе оңар емес. Бүйте берсе түбі надандық жеңеді. Біз де мәдениетке құлаш ұруымыз керек. Ал мәдениет орыс жұртшылығында.

— Оларда құр ғана мәдениет емес, қиянат та бар ғой, ұлым... — Қарияның көзі кенет жарқ етіп бір ұшқын көрсетті де, қайта сөне қалды. Ол енді жүдей, ойлана сөйледі, — әр жыраның өзінің бір күйкентайы болады. Сұрқия заман бізді осылай сұрқия ойлы етіп жаратқан шығар. Асыл тастан, ақыл жастан, мүмкін сенің айтып отырғаның дұрыс болар, бірақ ел-жұртың не дейді? Кәрі қыран көре алмағанды, жас қыран іледі, тек айтарым: қанына тартпағанның қары сынсын дейді қазақ. Аңшы қуған киіктей, сұм тағдырдан зәресі ұшқан азғантай халқың бар, тек соның қарғысына қалма...

— Халық кейде түсінбей де қарғамай ма? Кенесарыны біреу қарғайды, біреу ардақтайды...

— Дұрыс айтасың. Кенесарының жауы да көп, досы да аз емес. Кейде оның қылығына мен де түсінбеймін. Ал саған түсіну тіпті қиын.

— әйтсе де сол Кенесары ойына мен түсінгім келеді. — Есіркеген сәл үндемей қалды да қайтадан сөйлеп кетті. — Жаз аяқталып келеді, қар түсе Петерборда болуым керек, — деді ол жерді шұқылай отырып, — Петерборға Омбы арқылы баруға да болады... Орынбор жағымен де жететін жол бар...

— Сонда осы арадан Орынбор аттанбақсың ба?

— Иә, Қараөткел дуанынан Атбасарға түсіп, ар жағында Қарақойын Қашырлы арқылы Ырғыз құласам... Жолай Кенекеңе жататын елдерді басып, ондағы жұрттың қандай күйде екенін өз көзіммен көрсем...

— Ел күйінен ер арманын білу қиын емес. Бірақ бұл жолың тым қауіпті жол. Петерборға оқуға бара жатқан Жамантай аға сұлтанның жігіті екеніңді сезіп қалса, Кенесары адамдары сені тірі жіберері екіталай.

— Ол қауіпті өзім де түсінемін, бірақ өз жолыңды таңдау үшін, әр тайпаның көңіл мұңын анық білген жөн ғой деймін...

— әлбетте.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий