Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Орынборға Кенесары ауылдары арқылы жүруді Есіркеген оқуға барам деген күннен-ақ шешкен. Бұл жолды таңдауында ел күйін білуден өзге бір арманы бар. Ол арманы — Күміс. әбдіуақиттың үй ішінің ол Кенесары жағына шығып кеткенін сол жазда-ақ естіген. Бірақ олар тірі ме, өлі ме хабардар емес-ті. Әсіресе Күміс жайын өте білгісі келетін. Қоңырқұлжаға ойда жоқтан ойыншық болған осы бір аяулы замандасқа деген аяныш әйтеуір көңіліне маза бермейтін. Кейде осы аяныш оны бір жылы тәтті сезімдерге де жетелейтін. Кенесары ауылдары арқылы жүрсем, сол әбдіуақит үй іші туралы бір хабар естірмін деген үміт, бүліншілікшілердің қолына түсіп қалармын-ау деген қауіпке бой бермеді. Кәрі атасымен ел жайын, өзінің келешек арман жайын ұзақ әңгіме ете отырып, ақыры Петерборға Орынбор арқылы жүрмек болып шешкен-ді.

Енді міне, мынау сар даланы кезіп келе жатқан үш салт аттының ортасындағы аққұба жігіт осы Есіркеген. Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең. Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы — шабдар байтал мен кәртаң тартқан қаракөк ат — желе түсіп, әзер еріп келеді.

Есіркеген ауыл жігіттерінше киінген. Басындағы пұшпақ бөркі мен үстіндегі бұлғын жағалы лұқпан шапаны ауқатты үйден шыққанын аңғартқандай. Жанындағы пұшық сары мен денелі ат жақты қара сұр жігіттің үстінде кедей қолы жұпыны киім. Кең жеңді көне шекпен, қырқыла бастаған жеңіл елтірі тымақ пен көне далбағай. Екеуінің сырт бейнесі, ортадағы ауқатты жігіттің жай атқосшы серіктері екенін сездіреді. Бұл үшеуі ауылдан шықпай жатып, Кенесары жасағы кездесіп қалса, сонау Ұлытау бойындағы Найман руындағы нағашыларына бара жатырмыз деп айтуды келіскен. Есіркегеннің жанындағы жігіттердің сырт пішіндері бәлендей көзге түсер болмағанмен екеуі де өнері асқан жандар. Пұшық сары даусы кернейдің үніндей созылған әнші, қара сұры жамбасы жерге тимеген балуан. Екеуінің борышы біреу-ақ Есіркегенді сау-саламат Орынборға жеткізіп салып, қыс түспей Қарқаралыға қайта оралу.

Қарқаралы жақтан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Қонақ десе құшағын жая түсетін қазақ ауылдары, алыс жақтан «нағашылап» бара жатқан жігіттерден қонағасын аяр емес, бір ауылға түстенсе, бір ауылға қонып, Арғынаты баурын да көмкерлеп қалды. Жол енді осы арадан күнбатысқа кілт бұрылады. Енді жігіттерге «нағашыларымыз» Жем, Ырғыз бойындағы Тама руы деуге тура келді. Тоқтаған ауылдары бұған сенеді. Өйткені түрлері де, астарындағы аттары да ұры-қарыға ұқсамайды және ағайын қуып жүре беретін қазаққа «Жем, Ырғызда нағашымыз бар еді», — деген сөз майдай жағады. «Пәле, жиен болсаңдар, осындай алыстан іздейтін болыңдар», — деп оларды қошеметтей түседі.

Жол күнбатысқа қарай бұрылысымен-ақ бірден өзгере бастады, жаз аяқталып, сарғылт тартып қалған. Арқаның көк шалғынының орнына қуаң тартқан бидайық пен бозаң шөп, ши мен шілең жиі кездеседі. Күн райы да өзгеріп, енді жолаушылардың беттерін салқын жел өбетін болды. Бірақ даусы қарлықпайтын пұшық сары жол қысқарсын дегендей жағы бір тынбайды. Біресе күлдіргі өлең айтады, біресе қайғылы зар төгеді. Ал Есіркеген өлең айтқан сайын атын

тоқтатып қойып, қалтасынан қойын дәптерін алып әр өлеңнің сөздерін, кім шығарғанын, қандай жағдайда айтылғанын жазып алады.

— Қайтесің пұшық сарының айтқанының бәрін қағазға түсіріп, — дейді оң жағындағы қара сұр, — бұда не көп, өлең көп...

— Үрім-бұтаққа керек, — дейді Есіркеген, — халық мұрасынан қымбат қазына жоқ, бәрі қағаз бетіне түсірілуі қажет.

Пұшық сары Есіркегеннің сөзінен қанаттанып кетіп, кенет ер үстіне бір жамбастай қоқилана отырып алды да, тағы да бір әнді шырқап кетті.

Бүлдірді ала ауыздық ел арасын,

Найза мен сойыл шешті дау таласын.

Соншама өштескенде, бауырларым,

Тозудан, айтшы, басқа не табасың?

Ат төбеліндей аз қазақ

Бір-біріңді қырғанда

Қай мұратқа жетесің?!

Мойныңа бұғау онсыз-ақ

Түсейін деп тұрғанда.

Кімге ерлік етесің?

Еcіркеген өлеңді естігенде түсі бір түрлі қуқылданып өзгере қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий