Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ертеңіне Есіркеген апаларынан ұялып үйден таң атпай зытып отырған. Тіпті аулына кеткенше бұл үйге енді қайтып басын да сұқпаған. Содан бері нағашы апасы Зейнепті көргелі келгені осы. Арада алты жыл уақыт өтіпті. Алты жыл жас баланың ер жетіп, ал ер жеткен қыздың дүниенің нелер ыстық-суығын басынан өткізіп үлгіретін уақыты. Зейнеп тез киініп, шымылдықты түрді. Сөйткенше болған жоқ, қамшысын бүктей ұстап Есіркеген «Ассалаумағалейкүм» деп үйге кіріп келді. Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет жеңділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттерінше киінген. Басында — сырты көгілдір пайы, қара көк елтірі бөрік, үстінде — жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектеп тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары да осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік. Есіркегеннің он жетіге жаңа шықса да кәдімгідей қыз қызығар жігіт болып қалғанын Зейнептің ойнақы көзі бір көргеннен-ақ таныды. Ол құшағын жайып қарсы жүрді. Жиенін бауырына қысып екі бетінен кезек-кезек сүйді. Нағашы апасының ыстық ерні, апалық ылтипаттан гөрі ыстығырақ тигенінен қысылып Есіркегеннің екі беті дуылдай жанып қызарып кетті. Әлде бұдан алты жыл бұрын өткен оқиға есіне түсті ме, ол әйтеуір Зейнептің құшағынан қымсына қимылдап тез босанды.

— Ауыл-аймағың, әке-шешең аман ба? — деді Зейнеп жайраңдай, — өзің де үлкен жігіт болып қалыпсың! — Сірә мұның да есіне баяғы түн түскен болу керек, ол сылқ-сылқ күлді, — оқуда деп еді, қала қыздары өздерінің өнегелеріне үйреткен шығар?

Нағашы апасының салған жерден әзілдесе сөйлегені Есіркегенге ұнаған жоқ. Сөйтсе де жылы жауап қайырды.

— Оқуда екенім рас, бірақ қыздардан емес, мұғалималардан өнеге алып жүрмін.

— Қойшы? Олардың өнегесі біздердікінен өзгеше болады ма екен?

Қой сойылып, самауырын қойылды. Қыстан шыққан сүр қазы салынған, таң асқан уыз қымыз ішілді. Ет пісер кезде ауылдың бір-екі ақсақалдары шақырылды. Ет жеп, қымыз ішіп, аз уақыт әңгіме құрып олар да кетті.

Оңаша қалған жиенінен қаланың жайын сұрап нағашы апасы өліп барады. «Қатынды қаладан аласың ба, даладан аласың ба?» — деп қояды сөз арасында. «Қала қыздары біздей емес бапты келетін шығар, көрдің бе өздерін», — деп сылқ-сылқ күледі. Есіркеген ұялғанынан жалтара жауап береді. Он жетіге келіп қалды деген аты болмаса, ол әлі де қауызын жарып шашылмаған гүл тәрізді, қалжыңдаған боп көңіліне шоқ сала сөйлеген нағашы апасына кейде ренжіп қалғандай өкпелей қарап, әзіліне көз жасындай таза мөлдір бұлақ сезіммен жауап береді. Ал Зейнеп болса... бала жігіт ыңғайына көнбеген сайын, бұрынғысынан да өршелене түседі. Төр алдында шәйі көрпе үстінде мамық жастықты шынтақтай сұлаған оқыған жиеніне әлденені дәметкендей әлсін-әлсін телміре қарап, оны отты көздерімен ішіп-жеп барады. Ірге жақта көлбей, ақ жастықты бауырына қысып етпетінен жатқан күйі, кейде екі аяғын кезек-кезек көтеріп қояды. Аяғын көтерген сайын тығыршық аппақ балтыры әлсін-әлсін жарқ етіп көрінеді. Әлденені сылтау етіп, ақ саусақтарымен басына басы таяй түскен жиенінің біресе бетінен сипап, біресе ойнағансып тамағынан қытықтайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий