Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мынау үрпек басың кім? — деді. Оның даусында тағы бір қосымша ашулы дыбыс пайда болды.

— Масан би аулындағы жиен ғой...

— әй, осы сенің жиен, нағашың-ақ, бітпейді екен... — деп тоқалының сыры өзіне мәлімдігін бетіне басқалы келе жатты да кілт тоқтады, — әлгі Жамантайдың қарындасының оқудағы баласы емес пе?..

— Иә, сол Есіркеген ғой.

— ә... онда жата бер. Таң атқасын сөйлесерміз. — Аға сұлтан төсегінің шетіне отырды да, аяғындағы шпор тағылған қара хром етігін созды, — тоқал, мынаны тартып жібер...

Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап:

— Өзіңде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы? — деді жаны ашығандай пішін көрсетіп:

Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды.

— әй, не болғанын қайтесің? Өзіңе керегіңнің аман келгеніне қуан! Саған со да жетпей ме! Одан да қымызың болса бер...

Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.

Қоңырқұлжа сырлы аяқты ала беріп:

— Сыртқа шығып келші, — деді тоқалына, — жігіттер жайғасты ма екен?

— Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.

— Ауыл сыртындағы күзетшілерден бөтен ешкім көрінбейді.

— Жұртты дүрліктірмей тез жайғасқандары дұрыс болған екен. Жә, біз де жаталық.

Қоңырқұлжа қисая беріп шымылдықты түсіріп, қасына таяған тоқалын білегінен ұстай алып, бір жері ауырып қалар-ау деп аямастан, жанына құлата тартты. Үйде жатқан жиен-миенге мән бермей, көжекті бас салған арлан төбеттей, жұмыртқадай жұп-жұмыр жас тоқалын алпамсадай бауырына қысып умаштай жөнелді.

Аға сұлтанның күні бойы қанды ұрыста боп, ажалдан тек қараңғы түсе ғана аман құтылғанын тоқалы білмейді, тек ананың жайшылықтағысынан гөрі ашулы, екпінді қимылына риза болып «бейшара-ай, әбден шөлдеп қалыпсың ғой» деуге ғана мұршасы келді, әр жағында үніне үн қосып, байының бабын тауып аймалаумен болды.

Жұрт таңертең тұрғанында Ақмола бекінісін Кенесары әскері алғанын біле тұрды. Қапаланған да, қайғырған да бар. Қуанғандары да жоқ емес. Бұл ауылдың жігіттерін Қоңырқұлжа бекіністі қорғауға алмаған, тоқал тыныштығын күзетуге қалдырған. Қазаны бөлектің — қайғысы бөлек. Өз жігіттері сау қалғандықтан, нелер жақсы менен жайсаң қаза тапқан кешегі қанды ұрыс, сырт қараған адамға, бұл ауылға соқпай өткен сұрапыл дауыл секілді көрінді. Қайғысы, қуанышы болса да жұрт сыртқа лақылдатып шығармай, іштен тынды.

Қоңырқұлжа таңертеңгі шай үстінде тоқалына қарап:

— Ақмола құлады деп қан жылар жайым жоқ, — деді. — Бекініс керек болса, ана Қарапұшық кетті ғой қалған солдаттарымен Омбыға, Талызин өзі қайта салар, менің өз шаруам да жетеді. — Сөйтті де Есіркегенге бұрылды. — Сен орысша оқи білесің бе?

— Білем.

— Менің қатшым кеше Ақмолада оққа ұшты. Патша адамдары Омбыға кетті. Кісі тауып алғанымша сен осында бол.

Зейнеп жорта сөз тастады.

— Оқуынан қалып қоймай ма? Одан да үлкен баланы шақыртсайшы.

Зейнептің «үлкен бала» деп отырғаны Жәнәділ еді.

— Кіші балаңды құртып едің, енді үлкен балаңа ауыз салайын дедің бе? Жә, сөзді бөлмей, артыңды қысып жайыңа отыр. Қатыныңның ақылымен қоңсы қонсаң, көршің жау шығады. Жәнәділ де алысқа кетпес, оған да шаруа табылар. — Қоңырқұлжа қайтадан Есіркегенге бұрылды, — қаласың ба?

— Қалайын...

— Онда мына қағазды оқып, не дейді екен аударып берші. Омбыдан алдыңғы күні келіп еді, әлгі қанішер Кенесарының әуресіменен ашуға да қолым тимеді... Өзім оқуға түндегі ұрыстан кейін көзім ауырып отыр...

Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий