Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Еламан Есбол атасы бастаған шалдарды төрге өткізіп жіберді де, өзі есік жақта, елеусіз көптің арасында тұрып қалды. Ішке кіргелі Әлизадан көз айырған жоқ. Әлиза әлі де болса, баласының өлгеніне сенбейтін сияқты. Кісі - қара келгелі жылауды қойған. Жасын да тыйыпты. Жалғыз баласын оң жаққа салып қара жамылған анадай емес, мына түрі құдды ауру баласы ұзақ шеккен азаптан кейін, қазір, шүкір, тәуір болып, тап осы қазір көзі ілініп кеткендей. Топырлап кіріп жатқан мына кісілер бұған көңіл айту үшін емес, қуанышына құтты болсын айтуға келіп, үй-іші абыр - сабыр болып жатқан сияқты. Сондай әлсіз үмітке ана шынымен алдарқатып, өң мен түстің арасындай есірік халде есін жия алмай отырғандай. Басынан сыпырылып түсіп кете беретін жаулықты жөндеп қайта тартпақ боп әлек. Бірінен кейін бірі келін жатқандарға ілтипат көрсеткісі келгендей, елпілдеп ұшып тұрғысы келе ме, орын ұсынғысы келе ме, қалай? Өзіне қалғанда ұшып тұрар еді. Бірақ екі әйел екі жағынан тырп еткізбей, етегінен басып отырғанына түсінбей оларға алақтап қарай береді. Бұрын бұған түсінікті нәрселердің бәрі бүгін неге бұлай түсініксіз бола қалғанына ақылы жетпей дал боп, әркімге бір алақ-жұлақ қарап отыр еді. Рай мен Дос табытта жатқан баланың бетін жауып, сыртқа алып шықпақ болғанда, қарт ана қапелімде есін жиып ал қойды.

─ Ойпырым - ай!..

Жаны ышқынған қарт ана әлгі әлгі ме, енді қатты өкіріп, жас жуған бетіне тырнақ салып, қанын ағыза осып - осып алды. Қанша кісі жабылса да, күйік көтерген әйел қолда тұрмай, «Жан ботам - м!»- деп зарлап, табытқа қолын созып ұмтыла берді де, құлап түсті. Жыламаған жан қалмады. Еламан да жылады. Үш - төрт жігіт жылап жүріп, ес - түссіз жатқан әйелді көтеріп апарып төсекке салды. Балықшылар басы салбырап мүлгіп қапты. Әйелдер жаулықтың шетімен аузын басып, үнсіз егіліп жас төгеді. Tөp жақтан Құран оқыған қартаңдау біреудің мыңқылдақ мақамы естіледі.

Әлиза оқтын - оқтын тұрғысы келгендей, қолымен ауа қармап, «а - аһ!..»- деп қайта құлайды. Мөңке табытта жатқан баланың бетін жабарда өкіріп, теріс қарап құлай кеткен-ді. Сонан қайтып қыбыр етпеді. Жұбатпақ болған бірде - бір адамның сөзіне құлақ аспай, дүниеден түңілгендей боп жатқанда қасына Есбол қария кеп отырды. Тіл қатқысы кеп оқтала түсті де, тамағына жас тіреліп тоқтап қалды. Сосын біраз отырып барып:

─ Уәй, Мөңке,- деп өктем тіл қатты,- уа, жарқыным, басыңды көтер! Құдай өзінің бергенін өзі алды. Алланың әміріне қай пенде араша боп еді? Сен неге төңірегіңе қарап, тәубаға келмейсің?! Уа, мен сенен кем бе едім? Сен өлген балаңа жылап жатырсың, менің, тым құрыса, молада да тілекшім жоқ екенін неге ойламайсың,- деп өмір бақи тірі жанға тісінен шығармай, өзегін өртеп жатқан ащы сырды - өзінің баласыз, жалғыз, қу бастығын айтты да, тоқтады.

Мөңке басын көтерді. Күш шақырып, шынтағы астына қойған жастыққа сүйеніп отырды. Сол күні шалдар Әлиза мен Мөңкенің қасында қалып, қалған жұрт үйді-үйіне тарады.

Еламан өзімен бірге сыртқа ере шыққан Ақбаланы байқаған жоқ-ты. Сонан тек үйіне жақындағанда арт жағында солқылдап жылап келе жатқан әйел даусын естіп, тоқтай қалды. Ақбала жаулық шетімен аузын басып апты. Өзін тосып қарайлап тұрған күйеуін қасына келгенде көріп, өкіріп иығына құлай кетті. Еламан жұбатқысы келсе де, бірақ аузына сөз түспей, құшақтап бауырына тартты. От жанбаған үй ызғып тұр екен. Бұлар шам жақпады. Қараңғыда сырт киімдерін шешіп, пеш түбіндегі жер төсекке қисайды. Ақбала бұған сыртын беріп, ары қарай аударылып түсті. Сонан қайтып қыбыр етпеді. Еламан оны ұйқтап кеткен болар деп ойлады. Көзіне ұйқы оралмай, ұзақ жатқан-ды. Бір кезде қарсы беттен сәл жел тұрса да сықырлап, маза алып болатын «жылауық немені» әлдебіреу ақырын ашып ішке кіріп келе жатты. Еламан басын көтерді. Қараңғыда кісі рабайсыз үлкейіп көріне ме... Еламан өзіне қарай келе жатқан мына кісінің репетінен сескеніп, қолымен маңайын сипалай бастап еді:

─ Мен ғой... Сыртқа шығып кетші,- деді ішке кірген кісі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий