Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Курнос Иван жөнеле берді. Оның сүмсиіп шығып бара жатқан сүдінін жаңа көргендей, Федоров соңынан көзін тігіп ойланып қалды. Осы бейшараның бүтіл болмысында кісі көкірегінен бірде аяныш, бірде ыза шақыратын болымсыз мүсәпірлік бар. Иә, бұл Аралдан промсол ашқалы ертең, бүрсігүні жүретін болып апысы кіріп, күпісі шығып жатты. Оқитын балалар болғасын үйін әзірше жылы орнынан қозғамай, жеке басы сыбай - салтаң кеткенді жөн көрді. Үй ішімен алдын ала осыған келісуі келіссе де, бірақ қайдағы бір меңіреу далада мал табудан басқа ермегі жоқ қайратты еркекке ұзақ жыл әйелсіз тұру қиын боларын білді. Бірақ дәл жүрер алдында ана шаруа, мына шаруамен табаны жерге тимей жүргенде Аралға өзімен бірге ала кететін әйел есінен тарс шығып кеткен-ді. Бір күні жеңіл тарантаспен Орал қаласының орталық көшесінде зырлап келе жатқанда, шіркеу алдында қайыр-садақа сұрап тұрған жас қызға көзі түсті. Үсті - басы ебіл - себіл. Жұпыны, жүдеу. Бірақ тірлікте талай ұрғашыға тақымы тиген кәркесте еркектің қырағы көзі бейшара қыздың басқа мүшесінен бұрын, ө дегенде, оның оқтаудай түп - түзу аяғы мен торсықтай аппақ балтырларына түсті. Соңыра өзі сияқты күші қайтпаған қайратты еркектің манжамына бір түссе... Ехе - хе, соның ар жағында мына ақ балтыр қыздың қалай-қалай құтырып шыға келерін білді де, Федоров қарқ-қарқ күлді. Бұрын - соң татпаған зәруін тапқан жас тән еркектің астына бір түсіп шықса болды, сол күннің ертеңіне қарға аунаған қаншық түлкідей түгі түлеп шыға келер - ау әлі-ақ! Бұндай шаруаның талайын із - тұзын білдірмей істеп, әбден кәнігіленіп алған жырынды көпес ұзақ жолға жүрер алдында әйелінің көңіліне сезік туғызғысы келмеді де, әлгі қызды Курнос Иванға алып берді. Оны да дәл жүретін күні қас пен көздің арасында істеп еді. Үсті-басын малындырып киіндірген әп-әдемі жас қызбен қол ұстасып, шіркеуге кіргенде Курнос Иванның төбесі көкке жеткен-ді. Онсыз да түбі түскен шелектей кең танауы әдеттегіден гөрі қаттырақ шуылдап, тойға жиналған кісілердің көзінше Федоровты бас салып құшақтап сүйіп алды.

─ Ақымақ!- деді Федоров сол есіне түскенде Курнос Иванның сілекейі бетінде әлі былжырап тұрғандай жиіркеніп.

* * *

Курнос Иван Шураны көрген сайын әрқашан осылай ауыр сезім бойын мартудай басып, өз-өзінен азып-тозып қалатын. Балықшылардың аулына көңілі құлазып келді. Балықшыларға Федоровтың әмірін бұлжытпай, дәлме-дәл жеткізді де, «бұған не дейсің?» дегендей көп ішінен Еламанға қарап еді, Еламан онан назарын тайдырып әкетті. Тілін алмасаң, орыс байы ау - құралды сыпырып алады.

─ Өздерің шешіңдер!- деп Еламан салмақты балықшылардың өзіне салды.

Балықшылар әрі-бері толқып, ақырында Тентек Шодырдың дегеніне көнейік деген пәтуаға келді. Бұларды қинаған ендігі жай- Мөңкенің баласы. Мөңке бұл әңгімеге араласпай, бір шетте отыр еді. Мыналардың қиналған түрін көргесін:

─ Жігіттер, өлген бала үшін тірі балалардың обалына қалмайық. Ертерек келсек, бәлкім бүгін де жерлерміз,- деп байлауын өзі айтты.

─ Онда кеттік!- деді де, Еламан ширақ басып сыртқа шықты.

Бар әлем бүркеу. Суық жел ызғырып, төңірек шақытып тұр.Қиғаш түскен қиыршық қатты қар кісі бетін тілгілеп шып-шып ұрады. Қабағын түйген қытымыр күннен қаңтардың таяу тұрған қаһары сезіледі. Еламан күн мінезін жақтырмай, жүрегі мұздап тұр еді, қасына қауқылдап сөйлесіп бір топ кісі келді. Ішінде Мөңке, Дос, Рай бар. Бәрі де күн қабағынан байқаған қорқыныштарын айта бастады:

─ Сөз жоқ, дауыл болады.

─ Өшір үніңді. Аузыңнан жақсы сөз шықсайшы.

─ Өй, Құдай-ай, сөзбен жарылқауға болса, жақсылықты төбеңнен үйіп тастар едім.

─ Иә, мұз әлсіз. Жел арқадан шықса, аяқтай мұзды алады да кетеді.

─ Тентек Шодырмен тілдесіп көрсе қайтер еді?

─ Ештеңе шықпайды.

─ Апыр-ай, бұл не деген безбүйрек ит?!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий