Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Иә, райисполкомда үш жыл секретарь болдым. Бурабаев маған ұстаздық етті дедім ғой. Содан кейін Жуалыға тағы да екі аудан қосылып, аудан үлкейді де, енді райисполкомға председатель болып Таран Бердібаев деген кісі келді. Ал аудандық партия комитетінің секретары болып Ефимов деген жолдас тағайындалды (кейініректе Хабаровск өлкелік партия комитетінің секретары болатын осы Ефимов). Мен жаңа председателім Бердібаевқа жақпадым. Өзі сауатты кісі еді. Мен бірдеңені қате істесем, ол үйретудің орнына тыржиятын болды. Үйретуге үйреніп қалған басым, мен де тырсия қалып жүрдім. Ақыры ол мені секретарьлықтан босатуға айналды. Сол кезде мені Ефимов шақыртты. Соның алдында ғана аудандық милиция бастығы орнынан түскен еді. Ефимов маған соның орнын ұсынды.

— Бұл менің қолымнан келе ме? — дедім оған.

— Келеді. Сенің қолыңнан одан басқа да талай жұмыс келеді әлі, — деп күлді Ефимов. Тегі ол Бердібаев екеуіміздің шәлкем-шалыс келе беретінімізді естіген болуы керек. — Сен жассың, жігерің бар, әлде жоқ па жігерің?

— Бар, — дедім мен.

— Мен соны біліп айтып отырмын ғой, — деді Ефимов әзілдеп. — Тек жігерің ғана емес, сенің айдының, айбының да бар. Даусың да гүрілдек... — Ол сақылдап күліп алды, күлкісінің өзімен адамды еліктіріп әкететін кісі еді. Сонсоң арқамнан қақты, — Сен шамданып қалма, әзілді түсінесің ғой өзін?

— Түсінемін, — дедім расында да шамдана бастаған мен.

— Ал әзілді түсіне білу қазіргі милиция бастықтары үшін ең керекті қасиет. Осы қызметке бар, жолын болсын. Ал Бердібаев өзінің қалаған адамын хатшы етіп алсын.

Осыдан кейін Ефимов милиция бастығының орынбасарларын шақыртты. Олар менен үлкен адамдар екен. Ефимов соларға тапсырма берді.

— Бала демей, бағыныңдар. Көмектесіңдер, — деді.

Сөйтіп, мен алты ай милиция бастығы болдым. Сүзекпен ауырып, ол қызметтен өзімнен өзім түсіп қалдым. Одан бұрын бастық болған кездегі бір хикаямды айтып берейін.

Сол кезде Сырдария гүбірнасында Емельянов деген аса маңызды істер жөніндегі тергеуші бар еді. Ол өзі бір өте білімді юрист болатын. Аудандық милицияға мен бастық болғаннан кейін, бір күні Жуалыға сол кісі келіп қалды. Мен бұрын ол кісіні көрмегенмін. Қаперімде түк жоқ, кабинетімде отыр едім, бір тәпелтек кісі кіріп келді. Сәлемдескеннен кейін бас-аяғыма қарап алды да:

— Шырағым, милиция бастығы қайда екен? — деп сұрады.

Тегі менің түріме қарап, бастық шығып кеткенде соның орнына келіп отырған жас милиционерлердің бірі шығар деп ойдан болуы керек.

— Мен, — дедім орнымнан тұрып.

Ол кісі маған документін көрсетті. Сөйтсем Емельяновым осы кісі екен. Бастық болғанымның өзіне 5 — 6 ғана күн болған. Не бар, не жоқты білмейтінмін.

— Ендеше барып түрмені көрейік, — деді ол.

Келдік. Көрдік. Адам деген бықып жатыр. Емельянов әркімдермен сөйлесіп, не үшін жатырсын деп сұрайды. Олар білмейді. Қораға шықтық. Қорада 69 ат байлаулы тұр.

— Бұлар кімдікі?

— Түрмедегі қазақтардікі.

— Аттарын неге қайтармайсыңдар? — дейді Емельянов,

Оны да ешкім білмейді. Емельянов мені ертіп, қайтадан кабинетке келді. Содан кейін сабырмен кодексті алып көрсетті де, түсіндіре бастады.

— Түрмеде 250 адам жатыр, — деді ол. — Осының көбіне қамауға берілген санкция жоқ. Заңсыздық, совет заңын бұрмалаушылық деген осы болады. Адамды қылмысы болса түрмеге қамауға болар. Бірақ олардың аттарын түрмеге қамауды қайдан тапқансыздар? Меніңше милиционерлеріңіз өзіне жақпаған адамдардың бәрін айдап әкеп түрмеге қамай берген. Ал протоколсыз бір адамды түрме босағасын аттатуға қақыларыңыз жоқ. Әрине, бұл сіздің кінәңіз болмас, сіз жаңадан ғана тағайындалған екенсіз. Енді осы адамдардың қаншасына протокол жасалған екен? Соларды тексертіп, осында алдырыңызшы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий