Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Оның соңғы сөздерін жазып болған соң, менің есіме сол жылдары сонау соғыста жүргенде естіген кейбір әңгімелерім түсті. Бұл өзі бір жағынан қазақтың «ұзын құлағының» соғыс сияқты қиын кезеңде де, жердің алыстығына қарамастан, өз қызметін адал атқарғандығының айғағы іспетті де. Сол ұзын құлақтың окопқа әкелген хабарының бір тарауында Бауыржанның Алматыға барғаны, қонақта болған үйлерінде парасатты сөздер айтқаны баяндалатын. Мәселен, Бауыржан бір кісінің үйінде болған екен дейтін ұзын құлақ. Сонда Бауыржанға бір тарелканың үстіне бір тарелканы қойып, оның үстіне бір тарелканы орналастырып, соған кішкентай ғана ас салып ұсынған екен дейді. Бауыржан сонда бос тарелкаларды бірінен соң бірін сырғытып тастап, алдына ас салынған кішкентай тарелканы ғана қалдырып: «Осы үйдің тамағынан табағы көп пе деймін» деген екен әзілдеп.

Сағатыма қарасам тура бір жарым болған екен. Осы кезде кухня жақтан Бауыржанның мені шақырған даусы естілді: — Әй, қарағым, ауқатқа келгін, шаршадың ғой, — деді ол. Бұл сәтте Бауыржан маған қатал командир ролінен қамқор әке роліне ауысқан сияқты боп сезілді.

VI

Түскі астың алдында қол шаятын жер іздей жүріп, Бауыржанның бөлмелеріне көз жүгірттім. Пәтердің Фурманов көшесі жақ бөлігінде кең үлкен бөлме бар екен. Сервант, телевизор сонда тұр. Ас ішетін бөлмелері осы болар деп жорамалдадым. Оның ар жағында тағы бір бөлменің есігі көрінеді. Ол жатын бөлме болуға тиіс деп ойладым. Сонда бұл пәтер негізінен төрт бөлмелі сияқты.

Осы арада Бауыржанның бұл үйді қалай алғандығы жайында жұрт аузында жүрген мына әңгіме ойыма түсті.

Бауыржан бұрын Дзержинский көшесінде, шағындау пәтерде тұрса керек. Қалалық советтен кеңірек пәтер сұрайды. Бір күні оған қалалық советтің қызметкері телефон соғып, сіздің өтінішіңіз орындалды, келіп кең пәтердің ордерін алыңыз дейді. Бауыржан барып бес бөлмелі пәтердің ордерін алады.

Пәтерімді көрейін деп жаңа үйге барса, есік алдында мұңайып тұрған қартаң орыс әйеліне кездеседі.

— Неге мұңайып тұрсыз, шешей? — дейді ойында ештеңе жоқ. Бауыржан әйелдің қасына тоқтап.

Әйел қалалық советтің осыдан екі бөлмелі пәтер бермек боп уәде етіп келгенін, бірақ дәл ордер берерде ол уәделерінен тайып қалғандығын айтады.

— Маған деген үйді бір үш бөлмелік пәтермен біріктіріп, бір полковникке беріпті. Қайтейін, менің де балам соғыста өліп еді. Әрине, ол солдат еді, — дейді.

Мұны естігенде Бауыржанның барлық түгі сыртына теуіп шыға келеді. Жирен мұрты едірейіп, электр сымының біріне бірін жақындатқан екі ұшындай болып, шытыр-шытыр ете қалады.

— Мұңаймаңыз, шеше, қазір ордер беретін жерге барыңыз — пәтеріңіз өзіңізге тиеді, — дейді де Бауыржан мініп келген машинасына отырып алып, қайтадан қалалық советке тартады.

— Мен маған біреуге берілген пәтерлерді бер деген жоқпын, — дейді ол бағана қолына ордер ұстатқан қызметкерге келіп. — Мына ордерді жыртыңыз да, пәтерді бұрын уәде етілген адамдарға беріңіз!

Осылай деп ол қолындағы ордерді қайтарып береді. Қалалық совет қызметкері қалбалақтап:

— Ол адамдарға пәтер кейінірек беруге ұйғарылған еді. Сіз сұраған соң сол екеуін қосып, сізге қамқорлық жасайық деген едік...

— Молчать! — дейді Бауыржан көзі ежірейіп, мұрты одан сайын тікірейе түсіп. — Маған мұндай қамқорлықтың керегі жоқ. Жиырма минуттан кейін маған телефон соғып, бұл пәтердің бұрынғы иелеріне берілгендігін хабарлаңыз. Понятно ма?!

— Түсінікті, түсінікті, жолдас Момышұлы. Тек сіздің берген пәтерден неге бас тартып тұрғаныңыз түсініксіз.

— Ол солдаттың анасы ғой! Солдаттың анасы деген сөздің мағынасын түсінесіз бе? Солдаттың анасы — Россияның анасы! Енді ұғынықты ма сізге?

Қызметкер басын изейді. Расында да ол бірсыпыра уақыттан кейін Бауыржанның үйіне телефон соғып, жаңа пәтердің бұрынғы иелеріне ордер жазылып бергенін хабарлайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий