Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үшінші күні кешке қарай Сырғабеков екеуіміз Бурныйға келдік те, менің досым Кононенконың үйіне түстік. Келсек, Кононенконың кішкентай қызы қатты ауырып жатыр екен. Мына менің түрім түксиіп тұрғанымен, аса балажан адаммын. Бұл менің кішкентай күннен бойыма сіңген дағдым. Сол дағдыммен қолды-аяққа тұрмай шырқырап жатқан баланың маңдайынан сипап, бір кішкентай көтеріп жүріп едім. Сөйтсем ол бала сүзекпен ауырып жатыр екен. Ертеңінде басқа ауылдарға тағы да жүріп кеттік. Таңертең бойым ауырлап тұрған сияқты болды. Жолда өн-бойым қызып, қалшылдай бастадым. Қасымдағы Сырғабековке:

— Ағай, мен ауырдым, — деуге ғана шамам келді. Содан соң не болғанымды білмеймін.

Сырғабеков мені дереу аудан орталығына жеткізіп, ауруханаға жатқыздырады. Сол жатқаннан мен ауруханада екі ай жаттым. Ал милицияға бастық керек. Мен ауруханада жатқанда бұрынғы взвод командирі Мұқатай Егенбаев деген жігіт милиция бастығы болып тағайындалады.

Бауыржан сигаретін мүштікке сұғып, темекі тұтатуға кірісті. Мен қағазыма қарадым. Даярлап әкелген сұрақтарымның ішінде: «Сіз балалардың басынан сипап, маңдайынан иіскейсіз бе?» деп басталып, Бауыржанның балалық шағына байланысты қойылатын екі-үш сұрақ бар еді. Өйткені мен Бауыржан сияқты адамдар ешқашан баланың бетінен сүймейтін қатал келетін шығар деп ойлағанмын. Ал оның кішкентай жиені Анарды алақанына салып мәпелеп отырғанын көргеннен кейін және өзінің жас баланы жақсы көретіндігінен сүзек ауруын жұқтырып алғанын естігеннен соң ол сұрағымның мүлде мәнсіз, орынсыз екенін ұқтым. Сондықтан оны тастап кетіп, балалық шағына байланысты өзге сұрақтарымды қоюға ұйғардым.

ЕКІНШІ ДИАЛОГ

І

Автор. Жана сіз бала күнімнен балажан едім дегенде тіліме бір-екі сұрақ келіп еді, Бауке. Соны сұрауға рұқсат етіңіз.

Бауыржан. Сұрағын. Рұқсат.

Автор. Балдырған кезіңізде қандай үй жануарларын жақсы көрдіңіз?

Бауыржан. Қозы мен құлынды жақсы көрдім. Бір кішкентай қара бұйра қозыны түнде қасыма алып жататыным әлі күнге дейін есімде. (Ақ мүштікті қаттырақ тістеп сорды да, аузынан бұрқ еткізіп түтін шығарды. Сәл ойланып, сөзін жалғады). Соған байланысты бір әңгіме айтып берейін. Жаңағы қара қозы екеуіміздің достығымыз сондай күшті болды. Басқа балалардың соңынан күшік еріп жүрсе, менің артымнан қара қозы қалмайтын. Мен оған даладан балауса, балғын шөп теріп әкеліп, өз қолыммен жегізетінмін. Оны өзенге ертіп апарып, өзім көтеріп тұрып, өзеннің тізеден асатын тұнық жерінен су ішкізетінмін.

Күзге қарай қара қозым қазық аяқ марқа болды. Бірде күні бойы балалармен Жуалы тауының бөктерінде тынбастан асыр салып ойнап, кешке қарай ауылға қайттық. Тау бұлағының бойынан қара қозыма деп жұлып алған бір қолтық көк шөбім бар еді. Соны қос қолдап ұстап, төбеме көтере: «Пұшай! Пұшай» деп жүгіріп, өзіміздің үйдің қасына келдім. Келсем көкем бір марқаның аяғын буып тастап, енді бауыздағалы жатыр екен. Қарасам менің қара қозым.

— Көке, бауыздама! — деп мен шар ете түстім.

Менің «Біздің семья» деген орысша кітабымда айтылатын әкем Момыштың інісі Момынқұлды мен осылай «көке» деп атайтын едім. Көкем шапшаң кісі болатын.

— Жоқ қарағым, қонақ келіп қалды, — деп қолындағы пышағымен қара қозыны тамағынан орып кеп жіберді...

Маған бар дүние қып-қызыл болып кеткендей көрінді. Сол жерде жата қалып, жер тепкілеп жыладым. «Қара қозымды тірілтіп беріңдер!» деп бақырдым. Бірақ мен қанша бақырғанмен қара қозы тірілмеді. Жанымдай жақсы көретін әжемнің де уатқанына көнбедім. Әжемнің құшағында өкіріп, өксіп жатып ұйықтап кетіппін. Бір кезде көкем мені жұлқылап оятып жатыр.

— Бауыржан, тұр, тұр, ет же, — дейді.

Оянып, кезімді ашсам жұрттың бәрі буы бұрқыраған бір табақ етті орталарына алып, қаужаңдап жеп жатыр. Қонаққа көзім түсіп кетіп еді, ол тіпті ұрты бұлтыңдап, шеңгелдеп асап отыр екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий