Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ертеңінде танысып, сәлемдесу және қызмет мәселесін шешу үшін аяңдап отырып, екінші секретарьға бардым. Барсам, екі беті шарық табақтай, екі көзі бақырайған, бұғағы салбыраған, үстелге құрбақадай болып тарбиып, жабысып қалған бір қазақ екен. Сәлем беріп, жөн-жосығымды айттым. Көзі шарасынан шыға сызданып, жауап бермеді. Паң екенін де, надан екенін де айырмадым. Ол уақыт кадрға тапшы кез еді ғой. Нобайы келген соң жіберіле салған жандардың бірі болу керек. Отырып-отырып Бағов:

— Жүре беріңіз, көрерміз, — деген сөзді әрең айтты. Наразылау болып, жаңа бастықтың кабинетінен шықтым.

Содан соң жолдас-жоралар қызмет істейтін басқа мекемелерге бас сұқтым. Олар менің болашақ қызметім жайын сөз етісе отырып:

— Жаңа қатшыға бардың ба?—деп сұрасты.

— Бардым, — дедім.

— Қандай екен? — десті кейбіреулері.

— Үстел басына отырғызып қойған құрбақа сияқты екен! — дедім мен.

Сонымен күліп-күліп тарасқанбыз.

Түн ортасында есік тарсылдады. Одан соң терезе қағылды. Шырт ұйқыда жатқан үй іші төсектен басымызды жұлып-жұлып алдық. Жолдасым жүгіріп барып есік ашты. Үйге менің бұрынғы екі орынбасарым сау етіп кіріп келді. Түстері суық. Шам жаққызып, алдымен үйдің ішін тінтті. Менің қағаздарымның арасын ақтарып-төңкерістірді.

— Сендерге не керек? — деймін орынбасарларыма.

Оларда үн жоқ.

— Өздеріңді кім жіберді?

Тағы да үн жоқ. Үйдің ішін тінтіп болып, мені киіндірді де, өзімнің екі орынбасарым бұрынғы бастығын алдарына салып, айдап кеп жөнелді.

Мен аң-таңмын. Бұлар мені қайда апарады? Бүйткендері несі? Әлде осылар әзілдеп жүрген жоқ па деп те ойлаймын, әзілдейтін түрлері көрінбейді. Олар мені бірден абақтыға қарай бұрды. Мен ыза болып кеттім.

— Жоқ мен онда бармаймын, — дедім булығып. — Алдымен мені қамау үшін жасаған протоколдарыңды көрсетіңдер, қылмысым не екенін айтыңдар.

Бұл баяғы өзіме Емельянов үйреткен өнеге еді. Жақсы ұстаздың сабағы жадында қалады ғой, шіркін! Оның пайдасын өз басыма кәріпшілік түскенде көрдім. Протоколды айтқаннан кейін орынбасарларым тайсақтай бастады. Мені абақтыға апара алмады. Милиция бөліміне алып келіп, бастықтың кабинетіне қамады. Сөйтіп, кешегі өз кабинетім бүгін өзіме абақты болды. Таң атқанша сонда тұтқын боп түнеп шықтым.

Таңертең менің орныма милиция бастығы болған Есенбаев кабинетіне келді. Алдында сорайып мен тұрдым.

— Өй, сені жын соқты ма? — деді Мұқатай Есенбаев маған дүрсе қоя беріп.

— Мені емес, сендерді соққан шығар деп тұрмын, — дедім мен қыңырланып.

— Бағовты құрбақа деп атап сені жын соқты ма деймін? — деді милиция бастығы басын шайқап.

— Оны кім айтты?

— Кім айтқанын неғыласың, түнде Бағов бір үйде қонақта болыпты. Сонда отырып біреу оған сізді Бауыржан құрбақа деп атады деп жеткізіпті. Бағов бұлқан-талқан болып, маған телефон соқты. Сені дереу қамауды талап етті. Бердібаев та соны айтты. Сонсоң мен саған бұрынғы орынбасарларыңды жібергенмін Бауыржанға айтыңдар деп.

— Олар мені осында әкеп қамады.

— Тегі оларға да телефон соққан ғой Бердібаев. Содан соң сасқан болар жігіттер. Ал енді бар соларға.

— Кімге?

— Бердібаевқа.

— Сендер мені қамадыңдар ғой, өздерің айдап барыңдар оған.

— Мен қамаған жоқпын, — дейді Есенбаев баж-бұж етіп.

— Жоқ, қамадыңдар. Милиционеріңмен айдатып жібер, — деп сіресіп мен отырып алдым.

Есенбаев сыртқа шығып кетті де, сәлден соң бір милиционерді ертіп қайта кірді. Оған:

— Жолдас Момышұлын аудандық атқару комитетіне айдап бар, — деп бұйырды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий