Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осылай, бөтен жерге жалғыз өзі барып, бүкіл бір елді аузына қаратып дүрілдетіп қайту Баукең сияқты ердің ерінің ғана қолынан келер. Бөтен елдің министрлері мен генералдарына өзіңді танытып, сөзіңе бас шұлғытып, олардың құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болу үшін қаншама күш, қайрат, ақыл, шешендік, даналық керек десеңші. Бауыржанның бойында Исатайдың ақкөздігі, Махамбеттің ақындығы, Аманкелдінің өрлігі, Чапаевтың ерлігі, Қажмұқанның қайраты бар. Баукең осы бес батырдың тоғысқан нүктесі. Ұлтымыздағы әскери, әдеби, саяси даналық бір басына тоғысқан тұлға осы!

Мен осылай деп ойладым.

— Немене, ұйықтап кеткен жоқсың ба? — деді Баукең мен ұзақ үнсіз қалғаннан кейін еңсесін көтеріп.

— Жоқ, Бауке, ұйықтағаным жоқ.

Х

Баукең әңгімесін қайтадан жалғады.

— Сонымен мен Москва — Алматы поезының халықаралық вагонында келе жатырмын. Поезд вагон ішіндегі мені тербетеді, мен өз ішімдегі ойды тербеймін. Москвадан Алматыға қарай тартылып келе жатқан жаңа өмірімнің жағдайын ойлаймын.

Алматыға келдім.

— Шынымен келдің бе? — деп әйелім бетіме ұзақ қарады.

Содан кейін қасыма Бақытжанды алып, елге кеттім. Мен тек бәйбішемнен ғана екі перзент көрген кісімін ғой. Шолпан деген қызым ертерек қайтыс боп кетті. Жанымның жалғыз қабығы болып Бақытжан ғана қалған. Оның ер жетіп, қазір жұрт білетін-жазушы болғаны өзіңе белгілі.

Баламды қасыма ертіп, балалық шағым өткен жерлерді аралап, Жамбыл мен Шымкентте үш-төрт айдай жүрдім. Елмен, ағайын-туыстармен кездесіп, мауқымды бастым.

Сөйтіп Алматыға қайтып келсем военкомат мені іздеп, шала бүлініп жатыр екен. Ол кезде Маршал Жуков Қорғаныс министрі болатын. Ол кісі өзі Алматыға телефон соғып, полковник Момышұлы денсаулығына байланысты әскерден босап, Алматыға кетті. Сол кісіні қызметке орналастырып, пәтер бергізіп, артынан маған хабарлаңдар депті. Военкоматтағылар Алматыдан мені сұрастырып таба алмайды. Министрге жауап беру керек. Олар соған сасқалақтап отыр екен.

— Министрге полковник Момышұлына қызметтің керегі жоқ. Ол әдеби енбекпен шұғылданатын болады. Пәтерге орналастырудың да қажеті жоқ. Оның өз пәтері бар деп айтыңыздар, — дедім.

Маршал Жуков аса әділетті кісі еді. Тіпті күні кешеге дейін мен оның есінде екенмін. Былтыр Москвада өткен Отан соғысы ардагерлерінің жиналысында ол Қазақстан делегациясына келіп. Момышұлы қайда деп сұрапты. «Ол ауырып жатыр» дедік деп Снегин айтып келді. Өз басым маршал Жуковқа өте разымын. Жұрт Жуковты қатал болды деседі. Дей берсін. Қаһармандық қаталдықтан туады. Жұмсақтан жолбарыс шықпайды. Понятно тебе?

Москвадан Алматыға келіп екінші өмірімді бастағанда мен қазақ әдебиетінің Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты генералдары бола алмайтынымды білдім: Енді мен баяғыдай банк қызметкері де бола алмаймын. Партия, совет қызметкері болу қолымнан келмейді. Мен ол кезде жалпақ жайлауда жағалай отырған ауылдарға ат аздырып, тон тоздырып шеттен көшіп келген кірме сияқты едім. Қай ауыл қоңсыға жайлы болар екен, қай үйдің іргесіне арбамның дертесін тіресем екен деп ойладым. Келгенді кет демейтін кең қолтық жазушылар ауылы жаққа жалтақтап көп қарадым. Көкорай шалғынның төріне қонған ол ауылдың ордалары көзіме жылы ұшырай берді. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит үйлерін қоршалай қонған ақ отаулардың түндіктері тынымсыз желпілдеп жатты.

Мен сол ауылдың шетіне тоқтап, әскери лашығымды тігетін орын іздедім. Кездестіре алмадым. Тау жақ қиядан, үлкендігі шөккен атандай кедір-бұдыр тасы көп бос орын таптым. Ол ешкімге керегі жоқ, ақ орда сыймайтын, ақ отаула ешкім қажет қылмайтын, бос бұрыш екен. Мен сол жерге, құз жартастың басына әскери шатырымды орнатып, әдебиет аулына қоңсы қондым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий