Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Оларды Отан лайықты наградтады. Бес жүзге жуық қазақстандық солдаттар мен офицерлерге, олардың ішінде тоқсан сегіз қазаққа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қазір қазақтан шыққан он шақты генералымыз бар. Олар: Шәкір Жексенбаев, Бердіғали Игіліков, Нұрлы Байкенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Камал Бошаев, Есет Әлібеков, Баһадұрбек Байтасов, Самұрат Сыртанов және Жансам Кереев. Бұлар әскери генералдар. Ал Шырақбек Қабылбаев пен Әбдіманап Тілеулиев бастатқан Ішкі істер қызметі мен мемлекет қауіпсіздігі қызметінің генералдары өз алдына бір төбе. Бұлар біздің халқымыздың тарихындағы түңғыш генералдарымыз. Сол себептен де мен оларды санамалап толық атап отырмын. Мұны білудің оқырмандарға да артықтығы жоқ. Түсінікті ме саған?

Мінеки, орыстар өзінің жалпы адамзаттық төртінші ұлы миссиясын атқарғанда — Европаны Гитлердің қанды шынжырынан құтқарып қалғанда, барлық басқа да совет халықтары сияқты, қазақтардың онымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге болуы — біздің мәңгілік ұлттық мақтанышымыз. Міне бұл — екі.

Одан кейінгі айтатын сөз мынау.

— Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ!

Әр әке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді. Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың басында әкелеріміз бізге қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, коммунистік қоғам орнатып, кең байтақ социалистік Отан жасап берді. Олар бізге: құрылыс жақсы болса — тұрмыс жақсы, бірлік мықты болса — тірлік күшті. Осы құрылыс пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаңдар деп өсиет етті. Біз бұл өсиетті абыроймен орындап, социалистік Отанымызды Гитлер сияқты ең жауыз жаудан сақтап қалдық. Туысқандық бірлігімізге титтей де дақ түсірмедік.

Сөйтіп, Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол — қазіргі кең жазира Отаның сенің. Өйткені — Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар. Соңғы үш ғасырда дүниеге үш жалмауыз берген адамзат жауыз ұлға қысыр боп қалмас.

Бір ғасырда бір Наполеон, екі жүз жылда есуас Гитлер тумай қоймас. Ондай жауыздардан елді, жерді, социалисты қоғамды сақтап қалу — сенің борышың, алғы ұрпақ.

Ұзын бой қысқарады, үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол — табиғат заңы. Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз — жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.

Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық — әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.

Намыс — азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін,.. бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді. Ер жігіттің елі — ата-анасы, Отаны — өз үйі.

Патриотизм — «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуғa әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол — формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий