Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Кәміл сенімім бойынша, — деп жауап қатты Дон Кихот, — Ринальд дөңгелек жүзді, беті нарттай қызыл, көзі бадырақтау әрі ойнақшып тұратын адам болған, шамадан тыс шамшыл әрі мейлінше менмен, сондай-ақ қарақшылармен және бұзақылармен әмпей-жәмпейлік жасаған да жайы бар. Ал, Роландқа немесе Ротоландоға, немесе Орландоға келсек, — романдарда оны олай да, бұлай да атай береді, — өз ойымша және кәміл сенімімше, ол орта бойлы, жауырыны қақпақтай, сәл-пәл қамыт аяқтау, қараторы, жирен сақалды, денесін қалың түк басқан, көз тастасы сесті, сөзге сараң, алайда аса бір сыпайы да әдепті адам болған.

— Егер Роланд сіздің суреттегеніңіздей соншалықты кеспірсіз біреу болса, — деп құлаққағыс етті священник, — онда Сүйкімді Анжеликаның әне бір түбіт мұрт маврдың келбеттілігіне, сынықтығы мен сымбаттылығына бола одан басын алып қашуы да, соңынан әлгі маврды қойнына алуы да тегіннен тегін емес екен ғой. Роландтың ожарлығынан Медордың биязылығын артық көруі — оның тарапынан өте бір оңды шешім болған.

— Бұл Анжелика дегеннің өзі, сеньор священник, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — өте бір жеңілтек, ұшқалақ және еркетотайлау бикеш болған, оның алақұйын мінезі мен әумесерлігі жөнінде жер бетіне жайылған қауесет көрерге көз керек сұлулығы жайындағы аңыздан бір де кем емес. Бұл қыз талай-талай асыл текті мырзадан, сансыз көп жаужүрек және ақылға бай адамнан бас тартты, сөйтіп қайдағы бір қаңғып жүрген беті жылтыр боқмұрын-пажды таңдады; әлгінің “Жанқияр” дегеннен басқа лақап аты да жоқ еді, бұл есімге досына деген адалдығының өтемі үшін ие болған-ды. Анжеликаның сұлулығын дәріптеуші майталман, даңқты Ариосто бұл ханымның сол бір ұятты іске барғаннан кейін, — ал оның барған ісін, шамасы, шектен тыс әдепсіздік деп білу керек шығар, — қандай кепке душар болғанын жырға қосуға батылы жетпеді ме әлде жөн көрмеді ме, онымен қоштасарда былай деген еді:

Отырғанын қалай Қатай тағына,

Келешектің ақыны жырлап берсін тағы да.

Айтқандай-ақ, бұның өзі сәуегейлік секілді болды: ақындарға vates, яғни көріпкел деген қосалқы аттың берілуі тектен тек емес қой. Оның айтқаны айнымай келді: андалузиялық бір атақты ақынның кейіннен Анжеликаның мөлдіреген көз жасына жоқтау жазып, оны жер-көкке сыйғызбай мақтауы, ал екінші бір шашасына шаң жұқпайтын айтулы шебер кастильдік ақынның оның сұлулығын аузының суы құрып мадақтауы — соның айқын дәлеліндей.

— Айтыңызшы, сеньор Дон Кихот, — деген сауал тастады сол арада шаштараз, — апырай, осы Анжелика ханымды әспеттеуден басқаны білмеген соншама көп ақынның ішінен оған арнап сатира жазатын біреуі шықпағаны ма?

— Егер Сакрипант немесе Роланд ақын болса, — деп жауап қатты Дон Кихот, — олар бұл бикешті маңдайынан сипай қоймас еді, өйткені қиялдағы болсын жә өмірдегі болсын, қысқасы, өз арман-ойының әміршісі етіп таңдап алған ханымдары менсінбей тастап кеткен ақындар сатирамен және пасквильмен5 кек қайтаруды ұнатады, — мұндай кек, әрине, мейірбан жүрекке жарасымсыздау, әйтсе де осы күнге шейін Анжелика ханымның масқарасын шығарған бір де бір өлең қолыма түскен жоқ, ал шынтуайтына келгенде, Анжелика дүние жүзін дүрліктірген болатын.

— Ғажап, ғажап! — деді священник саңқ етіп.

Бірақ сол арада ауладан әлгі әзірде ғана бөлмеден кеткен күтуші әйел мен жиен қыздың айқай-ұйқайы естіліп, бәрі жүгіріп далаға шықты.

ІІ тарау

Мұнда Дон Кихоттың жиен қарындасымен және күтуші әйелімен Санчо Пансаның назар аударуға тұрарлық ұрыс-керісі жайында, сондай-ақ басқа да қызықты жәйттер жөнінде баян етіледі

Хикаяда Дон Кихот, священник пен шаштараз күтуші әйел мен жиен қыздың Санчо Пансаға айқайды салып жатқан дауысын естігені айтылады; Санчо Дон Кихотқа жолыққысы кеп, ал ана екеуі оны ішке кіргізбей жатыр еді.

— Бұл қаңғыбас мына жерде не жейін деп жүр екен? Жаның барда қараңды батыра ғой, бауырым: қожайынымды түзу жолдан тайдырып, алдап-арбап, ит тұмсығы өтпейтін қайдағы бір қорыс пен жықпылға сүйрелеп жүрген тап мына сен, сенен басқа ешкім де емес.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий