Knigionline.co » Казахские книги » Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы

Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев

Книга «Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мукагали – один из немногих поэтов ХХ века, соединивший национальные школы, традиции поэзии и песенного творчества. Он развил и углубил это направление, поднял на новые высоты и вывел на новые просторы поэзию Казахстана.

Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ана тұрған көгінде - жұлдызың бар сенің де,

Басын иген өлімге, түкірдім мен өмірге!

Ей, жүрегім, жеңілме!

Ей, жүрегім, жеңілме!

...Мен несіне жерінем?!

Қорқатыным өлім бе?!

Қорықпай-ақ берілем

Өкінішті...

Амал не...

Өлмейтіндей келіп ем...

Мына жарық дүнием бірге туған менімен

Бірге өледі менімен!!!

Қысқа жіп келмей күрмеуге,

Қысқа жіп келмей байлауға,

Қысылып жүрген құр кеуде

Қыжылдап босқа қайнауда.

Өзімді бітеп өз демім,

Өзді өзін сезім қамауда.

Өткізген сәтсіз кездерім

Өрт болып ішті жалауда.

Қамықпа дейсің сен маған,

Қамықпай қалай тұра алам?

Жел айдап, алға самғаған

Қайықты қайтіп бұра алам?

Қамықпа дейсін, жарқыным,

Қамықпан, мақұл, қамықпан.

Қамыққан жүрек, ал тыным,

Ал тыным, жүрек жалыққан.

КЕТЕР МЕ ЕКЕМ...

Бірде олай ауытқып, бірде бұлай,

Бір байламға келе алмай жүргенім-ай.

Таулы аймақтың ауасы секілденген

Аумалы да төкпелі күндерім-ай!

Аяз қарып, аптаптың жандыруы-ай,

Бірі шаттық, бірі мұң қалдыруы-ай.

Не туары белгісіз жүкті әйелдей

Не болары белгісіз тағдырым-ай!

Өз-өзінен өзегім өртенгенде,

Өз-өзімнен түңіліп, жеркенгенде,

Сары ауру сарғайтқан науқастайын

Үміт күтем бүгіннен, ертеңнен де.

Нені күтем,

Не керек осы маған?

Аяқ-қолым, жанарым, басым аман.

Шаруаның баласы емес пе едім

Күшіменен тамағын асыраған?!

Өмір деген осынау майданда бұл

Қолбасы да, қорқақ та сайрандап жүр.

Өмір менен өлімнің ортасында

Кетер ме екем келе алмай байламға бір?!

АЛДАМА МЕНІ, АҚ САҒЫМ

Алдама мені, ақ сағым,

Арбама енді алыстан.

Өзімше мен де патшамын,

Өзімше мен де данышпан.

Алдағын, мені арбағын,

Жалғанды кезер жоқ жайым.

Сыбаға сенен алғанмын,

Ілессем енді онбайын!

Алданып саған тау асып,

Алданып саған құм бастым.

Хайуандарменен санасып,

Айдаһарлармен сырластым.

Тұяғы күйген құланның

Шөлдерде мені қалдырдың.

Ысқырған ұлы жыланның

Уымен сусын қандырдым!

Арбама енді,

Алдадың!

Алданып саған барғамын.

Адасып өлмей жапанда,

Қалайша тірі қалғанмын?!

ТАНЫС ӘУЕН

Сірә, бізге тыныштық жоқ тұрмыста,

Іздеме оны,

Табамын деп тырмыспа.

Тыныштық жоқ,

Тыныштық бар - мәңгілік,

Тындырып бақ, ғұмыр қысқа, күн қысқа.

Тіршілікте тыныштық жоқ тұрмыста.

Демалыс ап, Кавказ, Қырым барғанын -

Бәрі өкініш,

Өзіңді өзің алдауың.

Қалай үзіп, қайда тығып, тыншисың,

Тыным бермес ойларынның жалғауын!?

Тіршілікте анау жүрек, мынау бас

Сая бағып, сірә, тыныш тұра алмас,

Желік көңіл,

Жетім ойлар тұрғанда,

Тыншып бейқам сауық-сайран құра алмас.

(Бұл — қағида қайталаған тіл біткен)

Тыныштық жоқ!

Тыныштық жоқ тірлікте!

Тыныштық сол —

Үлкен жердің үстінде

Өткен ғұмыр,

Біткен сөйлем,

Бір нүкте...

ЖОЛЫМ МЕНІҢ БОЛМАЙ ЖҮР

Жолым менің болмай жүр көпке дейін,

Тағдырыма сондықтан өкпелеймін.

Алды тартып, өмірдің арты теуіп,

Ығыстырып тастайды шетке, кейін.

Айбын, ашу, жоқ менде адам қанау,

Менде жоқ жағымпаздық - табан жалау,

Менде - төзім,

Сірәда, жүйкем менің

Өгіздің терісінен жаралған-ау.

Жо, жоқ!

Менің өкпем жоқ тағдырыма,

Өміріме, өзіме — барлығына.

Нан батырып жесем де ризамын

Көз жасымның бір тамшы қалдығына.

Жүректе қан, кеудеде жан тұрғасын,

Көңілден күй, көзден жас сарқылмасын,

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий