Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Құнанбай бағанадан төмен отырған жорға Жұмабайды енді ғана еске алғандай бұрыла қарады.

– Мына Жұмабай қалаға барып, Ахмет Риза хазіреттен фатуа сұрап келді. Жазасы дарға асу депті.

– Дарға? - деп Қаратай үркіп қалды.

Бөжей Құнанбайға ажырайып, тіксіне қарап еді, аямас түсі айқын екен.

– Барлық байлау осы болғаны ма? Ит те болса, бауыр емес пе еді? - дегенде, Құнанбай қынжыла түсіп.

– Оны бауыр дегеннің бауыры езілсін! Шариғатпен шарпыспақпыз ба?

Қодар емес, құтпаным болсын, қайтпаспын да, тынбаспын, - деді. Енді бұғалық әкететін, бойлауық жеріне жеткен екен. Бөжей іші мұздай отырып:

– Көзің жетсе, мейлің білсін, - дей салды да, ойдағысын ішке бүгіп қалды.

Байсал үн қатпаған күйде жым-жырт. Құнанбайды ақтамаса, Бөжейді де құптаған жоқ.

Сүйіндік те осы топтың дағдылы мінезіне басты.

– Ел де сенікі, ел ішіндегі тентек те сенікі. Қашқанның да, қуғанның да келетіні өзіңсің. Тек, не бұйырсаң да тергеп алып бұйырғайсың. Қалғанын өзің біл, - деді. Бұл Бөжейдің қабағын баққан болатын. Өзі қалай көшерін айқын біле алмай, «соның бір білгені шығар» деген есеппен жалт берді.

«Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді, аяқтап келгенде әрқайсысы да бір-бір қайырған-ды.

Бірақ бұл сөздері - сүйей салды. Бағанадан бергі сөзде Құнанбаймен аралары арбасып боп, айтыспай-ақ іштей жер танысып қалған.

Бөжей білсе, Қодар жайы Құнанбайдың тағы бір қыры. Осал емес, үлкен қыры болғалы тұр. Қайда беттер екен? Неге соғар екен? Не де болса, енді салмағын Құнанбай өзі көтеріп алатын болады. Бұлар жалпылдап қостаған жоқ.

Оны Құнанбай білетіндей болды. Түбінде, дәл осы отырған кісілер осы жөнде ұстасса да қисыны бар.

Сүйіндік, Бөжей жағының ойы осы болса, Құнанбай да өз есебін алдын ала өзі өлшеген бетпенен ішіне ірікті. Жаңағыдан әрі жазылған жоқ. «Пәлен етем» деп кесікті байлауын да айтпады.

Осы отырған бес-алты адам дәл қазіргі күйінде пәлен мың Тобықтының талай түйін, шытырман жайларын осы араға жиып әкеп отырған адамдар.

Іштерінде: көп қалтаға көп есептер салып кеп отырған атқамінерлер.

Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар.

Әрі қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік, мінезбенен іске де алғыр. Осының бәрі өз ортасын бойымен басып жыға беруге себеп болатын.

Бірақ Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса, әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Сол қанаты мен құйрығы ел ішінде өзі тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бөжейлер.

Осылар соңғы бір жыл бойында бұрынғыдай ашық жарқын емес. Іштей Құнанбаймен аңдысып қалған сияқты. Оны Құнанбай біледі. Бірақ, осындай қып қосарына ілестірсе болғаны. Түбі, бәрінің де бағатын таразысы - ел. Сол елдің алдында байлауды, Құнанбаймен бірге байласқан осылар болған соң жетті. Күйсе Құнанбаймен бірге күйеді. Ал, ішінде не жатыр, оны білмейді.

Олай болса, Құнанбайдың да сырты, бұлардың ішін білмеген, елемеген кісі тәрізді болатын.

Тобықты көп рулы көп ел болғанымен барлық үлкен шеңберінің таразысы осы отырған бес-алты адамның руларымен өлшенеді. Әсіресе, ру басы осы адамдардың өздерімен салмақталады.

Бөжей - қалың Жігітектің адамы. Бұрын орталарынан Кеңгірбайдың теріс азу, мықты биі шыққан ел. Бертінде, ұрыншақ, қолшыл болып және барымташы жортуылшы жігіті көп шықты. Шетінен сөзуар Жігітек. Байсал да сондай мол ру Көтібақтың тұрғысы. «Тоқпақ жалды торы» деп атағанда үйірі қалың айғырдай, көптігінен атанған. Бұл, әсіресе, мал көбейтіп, жерді мол қамтуға тырысатын, көптігіне сеніп, анау-мынаудан онша қысылып, қымтырыла қоймайтын ауылдар. Сүйіндік осы ағайынды елдер ішінде ең азы Бөкеншінің кісісі. Мал, дүниеге шағыны да осылар. Бөкеншінің кірмелеу туысы Борсақ.

Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар - сол Борсақ болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий