Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жарқыраған май күні біртүрлі боп нұрланып, тамылжып тұр. Аспанда ұсақ қана ақ мамық бұлттар қалқиды. Айналадағы жазық пен төбешіктің бәрі де алқара көк. Аласа, тықыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер қызыл, сары, көкшіл түстермен құлпырып жайнайды. Гулеп ұшқан көбелектей көп бояулы, неше алуан...

Бөктер желі таңертең әрдайым Шыңғыс аса соғатын қоңыр салқын күйінде.

Қазірде де күн қызуын жеңілдетіп, майда қоңыр лептей үріп тұр. Бірақ, бұл жарастық, бұл жастық кімдер үшін?

Әлдекімнің рақаты, әлдекімдердің қызығы, сайраны үшін болар. Жалғыз-ақ, мынау екі қаралылар үшін ол жоққа тән.

Бұлардың алдында, кішкене көк төмпешік үстінде, құбла жақтағы серек тасы шошайған жалғыз бас бейіт қана тұр. Көздері де, көңілдері де сонда.

Дүниенің көктемі Құтжанның былтыр ғана осындай кезде, күліп жайнап жүрген аман шағын, сау шағын еске түсіреді. Еске түсіреді де, тағы да толқып келген құсамен басады. Жүрек басынан запыран, зәр төгілгендей болады.

Қодар батыр денелі, алпысқа жаңа кірген, бурыл қарт еді. Жалғыздық пен осы қаралылық иықтан баспаса, өмірдің мұны мойытар өзге күші жоқтай.

Ол жасында найзагер батыр болған. Осы жасына шейін өз қасиетін жоятын жаман аттан да аулақ. Жуан кім, көп кім, бақ масы есер кім? Ешбірін де ол білмейтін. Өз өмірі, өз үйішімен, өз айранын ішіп күн кешетін.

Үйден шығып, әлдебір сөзге, сыпсыңға да араласпаушы еді. Сондықтан алысты қойып, ағайын ішінде де бұны білетін жан аз. Өзі де азғана Борсақтан, Бөкеншіден басқа жұртты танымайтын. Соңғы алты ай ішінде, барлық жалын атқан қайғысы - жалғыз баласы Құтжан жайы. Ендігі үміт не? Құлазыған қу өмірде тірек не? Ойланғанмен тапқан емес. Таппасын білген соң, соңғы кезде оны ойламайтын да.

Жалғыз жан күйері мынау қайғыдан сөніп бара жатқан, санадан солған бишара келін. Оның алды немене? Не болады? Бұны шешуге тоналып қалған көңілі баспайды. Батылы бармайды. Бөтен боп кете ме деп ойлай бастаса, Құтжаны бір өлген емес, екі өлгендей көрінеді.

Келіні Қамқа мен Құтжан арасының тәттілігі өзгеше еді. Бұл бишара жетім қыз екен. Құтжан сонау алыстағы Сыбан ішіндегі нағашыларын іздеп барып, содан алып қашып келген. Бұнда да артына оралар, не шығар туыс жоқ.

Сондықтан ба, әйтеуір Қамқа Құтжан мен осы үйдің тілеуіне бар ынтасымен құлаған еді. Қодар соны танып, Қамқаны дәл өз ішінен шыққан Құтжаннан бірде-бір кем сүйген емес. Оның да, бұның да тең ортақ әкесі болды.

Бір тоға, кесек мінезі бойынша осы көңілін өле-өлгенше сақтаумен, көрге бірге әкетемін деп сенуші еді.

Бірталай күн болды, Жәмпейіс тауда, көрші ауылдардың қойшыларымен кездесіп, сондағы естіген сөзінен бірдемені бықсытып айта бастағанда, Қодар толық түсінбей, түсінгеніне ыза боп, түсінгісі келмей тойтарып тастаған, айтқызбаған. Естіген сөздеріне қарағанда, басы аман өсекші-ағайын тек отыра ма? Соның шырғасы ғой:

– Бұл Қодар неге қыстаудан шықпай, інге кіргендей жатып алды? - деседі дейді.

Тағы бір кезде:

– Осы Қодардың келіні нені үміт қылып отыр? Не ойлаған ойы бар? - деп сұрастырады дейді.

Осындайға келгенде, Қодар мұндай жыбырдың ішкі зәрін, суығын сезгендей болған. Оның өз топшылауы бойынша, бұндайдың арты жесір қатынға әменгер іздеу. Мал шығармай біреудің үйіне тегін қатын кіргізіп беру.

Қодар малына ие болатын мұрагерді іздеу, соны табу. Бұндай жай, өтірік ағайын болмыс, жан күйер атқамінер қулардың құлшына кірісетін сыпсыңы.

Қодар елге жоламай, елдің келуін де тілемей қойғанда, әсіресе, осындайдан қорқатын. «Тым құрмаса, баламның жыл уақыты жетсін» деп, оның ар жағын тіпті ойламай, жауып қоюға тырысатын.

Енді міне, өмір аязының алдыңғы лебі болып, Жәмпейіс арқылы, қойшылар арқылы келіп жатқан сұм салқын сол ғой деп ұққан-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий