Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Түсіңдер! - деп бұйырды да, бәрін аттан түсірді. Борсақтың да оны қостайтын біреуі табылды. Ол Жексен дейтін дәукес шалдың інісі - Жетпіс еді.

– Көрден бас бұрмауын, көрде басы қалғырдың! - деді Жетпіс те.

Қодар мыналардың әдейі келген жәйін байқап бұрылды да, сабырлы суық жүзбен:

– Нелерің бар, жандарым? - деп еді. Қамысбай тепсініп кеп:

– Неміз болушы еді? Сендерді ұлық шақыртып жатыр. Мына Қарашоқыда елдің игі жақсысы жиналып отыр, тосып отыр! – деді.

– Жақсың кім? Ұлығың кім өзі?

– Ұлығым старшын Майбасар, бастығы Құнанбай. Мына келініңмен екеуіңді жауапқа шақыртады. Тұр, жүріңдер!

– Сандалып жүрмісің? Не ақың бар?

– Не дейсің? Әкім шақырса, ақың не деймісің?

– Құдай жүзін көрмегір, мынау кім өзі әкіреңдеген! - деп Қамқа қаны қайнап, қатты ашуланды.

– Құдай жүзін көрмейтін сендерсің, қос қара бет! Сенсің, шашты сайтан! -деп, Қамысбай бастырмалатып, қамшы үйіре бастады. - Жүр, ал! Алып жүр!

Мінгіз ана атқа екеуін де! - деп, қастарындағы жігіттерге бұйрық етті.

Төрт жігіт әуелі Қодарға қарай ұмтылды. Қодар:

– А, құрыған құдай, нең бар еді? - дей беріп, қасына бұрын барған екі жігітті қойып-қойып жібергенде, біреуі мұрнын басып ұшып түсті. Бірақ сүйткенше болмай, қалған төртеуі жабыса кетіп, даяр шылбырмен қолын сыртына қайырып, байлап алды. Қамқаны да сүйретіп отырып, аттың жанына алып кеп, Қамысбайдың алдына мінгізді.

Қодардың артына Жетпіс мінді. Ол да еңгезердей мықты жігіт. Жалма-жан аттарына тегіс міне сап, күншығыс жақтағы Қарашоқыны беттеп, тұмсық аса шаба жөнелісті. «Шабар қылыш, атар оқ, бұлармен сөйлесер сөз де жоқ. Не де болса ұлығымен бір тілдесермін» деп ойлап еді Қодар.

Өзімен аталас болса да, жол бойы артындағы Жетпіспен де бір ауыз тіл қатқан жоқ.

Шынында Қодар мен Қамқаның осы сорына себепкер болған да дәл осы Жетпіс пен соның ағасы даукес, бәлеқор Жексен.

Олар Қодардың ең малды ағайыны болатын. Басында Құтжан өлген соң осы көктемде жұрт Жексенді кінәлай бастады.

Қодар аталас жақыны еді. Әрі кедей, әрі жалғыз, жетім-жесір боп қалды.

Соған қолы ұзын Жексен қарайласса нетуші еді? «Көшерге көлік бермей, бір қораға жалғыз тастап кетті» деп кінәлаған-ды. Осы сөзді бір емес, екі емес есіте берген Жексен, ең әуелі өзінің болыспауына сылтау етем деп:

– Сол құрғырдан көңілім тіксініп жүр, болыспайын демеймін, бірақ, шошып қалдым, - деп, Бөкенші - Борсақтың жиынында ең алғаш бәле сөздің басын бір шығарған.

Артынан Сүйіндік осы сөздің мәнісін сұрағанда:

– Келінімен жақын екен ол кәпір... Маған не қыл дейсің? Қасыма алып жүрсем, ертең бетіме түкірмеймісің? - деп ақталған-ды.

Алғашқы бір дақпыртты осымен жұртқа жайып жібергеннің бірі, енді Сүйіндік те болды.

Бірақ басында өздері жайып жіберіп, кейін осы өсек, еріккен қызыл ауыздың бәрін кернеп кеткен уақытта, Сүйіндік тағы бір келіп Жексеннен енді анық дерегін сұраған. Жексен қыстыгүні - Құтжанның жетісі болған күні, Қодар айтқан бір сөзді дәлел қылды.

Қодар қайғыдан сандалып, жаны күйіп отырып:

– Маңымда тұлдыр жоқ. Құдай маған қылды ғой. Кәпір өтсем де енді кәрінен аянарым жоқ. Құдай маған қылса, менің құдайға қыларым сол... - деген.

Осыны Жексен өз бетімен топшылап, «бұл құдайға не қылады?» деп жүріп-жүріп кеп, ақыры: «мұнысы келіні болды!» деп байлаған-ды.

Содан бері өсекті өзі таратуына тағы бір себеп: Қодарда біраз жер бар.

Мұның қыстауына ең жақын, жерлес адам сол. Әйтеуір жәйі біткен неме ғой.

Елден қудырып жіберіп, жерін де басайын! - деген арғы түкпірде жатқан есебі еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий