Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қодар қиналып, қатуланған соң Жәмпейіс өз естігенін тегіс айтқан жоқ. Және айтам десе де, өзі сөз білмейтін, сөзін кісіге ұғымды қып айта алмайтын аса бір орашолақ адам еді. Сонысынан тағы жасқанып, Қодарды қинамайын деп қойған-ды. Бірақ бір күні далада бір кәрі қойшы бұған сұмдық айтты.

– Қодар келінімен жақын дейді. Сен не білдің? - деген-ді.

Бұған Жәмпейіс жаман түршігіп:

– Оңбай кетейін, естіген сұмдығым емес. Тарт... Тарт, кәпір, мына сөзіңді, тарт! - деген. Ақтағаны ма? Жоқ, жай шошығаны ма? Біліп болмайды. Бірақ жаңағы сөзді бастаған кәрі қойшы өзі де сұмдықтың адамы емес-ті. Өз ішінен: «Мына бақыр білсе, бүйтпес еді. Тегі, не аналар аман да, не мынау түк біліп сезбеген ғой» - деп ойлаған. Кейін де осы көрші қойшы Әйтімбет Қодарға анда-санда қатнасатын кедей-кепшіктен жағалатып, сұрау салып, жаңағы жаладан Қодарды аман деп ұйғарды. Бірақ жақындағы жарлы-жақыбай солай дегенмен, осы өсекті қайта-қайта шығара беріп, көпке жайып кеткен бір «көз» тағы бар. Не қылса да Әйтімбет Жәмпейістен алғаш сұраған кезден бастап, осы жала Қодарға оралып соға беретін бітпес жала болды.

Қодарда соңғы күндерде Құтжан дертінен бөлек өзгеше бір ыза бар. Оның себебі, осыдан үш күн бұрын Сүйіндік бір кісі жіберіпті. Оңаша алып сөйлескен Бектен деген бір сөзуар көсе бұған әрнені шарлап кеп:

– Ел аузына кім қақпақ болады? Қап көтеріп әкетіпті. Жаны ашыған жақсы да сол өсекті басам десе, баса алмапты, - деп, Сүйіндікті атап, оны бір мақтап қойған. Содан тағы біраз орағытып кеп:

– Жаман айтады... Сені мен мына келініңді жаман атқа тағады! - деп былш еткізгенде, Қодар:

– Өй, жаным, не шатып отырсың? - деп, Бектен көсені таптап тастардай болады. Анау бірақ безбүйрек қайтпас екен.

– Сол сөзге иланып алған Құнанбай, саған қатты жаза бұйыратын түрі бар.

Сүйіндік өз бауырын қисын ба? Саған мені әдейі жіберіп отыр. Сөз айқындап ашылғанша тая тұрсын, бір жерге жалтара тұрсын дейді, - деп келгем.

Қодар ыза мен қорлықтан өлердей боп булығып, орнынан атып тұрып:

– Уа, кет, жоғал! Құдайдың кәрін көріп болған Қодар Құнанбайдың кәрінен қорқар деп пе ең? Жоғал әрман! - деп айдап жіберген.

Осы сөз бүгін де Қодарды ызаменен қайнатады. Бірақ Қамқамен бұл жайды сөз қылуды ойлаған емес. Өзінің әкелік жүрегі өзіне мәлім. Балалық жақындығы Қамқаның да өзіне мәлім - берік. Сол қайғы үстінде, күндегі бір-біріне мұң айту, күрсіне отырып зарларын шағу, екеуін әбден келін мен ата халінен кетіріп, ортақ қайғыдағы ене менен келіндей, немесе әке мен баладай жақындатқан. Адам мен адам боп танысып, табысқан-ды. Бірақ өзге көп жайды екеуі де ірікпей, бүкпей ашық сөйлессе де жаңағы сұмдықты, жарылмаған уыздай, сорлы шерлі баласына айтуға, бір беткей Қодардың батылы да бармас еді.

Екеуі ақырын аяңдап бейіт басына келді. Қодар құран оқи білмейді. Қамқа да оқыған емес. Бірақ екеуі де өзді-өзі ішінен Құтжанға тілеуін, зар болғанын, арманда қалдырғанын айтады. Әрқашан жан күйер жақын қабырына ыстық-ыстық жастар төгеді. Қайта-қайта бас қояды. Үндемей иіндері тиісіп, көздерін алмай, ұзақ-ұзақ отырысады. Бұл қабырдың әр тасы екеуіне санаулы.

Әлдеқалай жел ұшырып түсірген шөп-шалам болса, оны алып тастап, немесе, топырағының ойсыраған, қопсыған жері болса, соны қайтадан түзеп оңдай отырысады. Тағы да бірталай уақыт отырып қалып еді. Бір кезде бұлардың сырт жағынан дүрсілдетіп келіп қалған бірнеше аттының дабыры естілді.

Қодар да, Қамқа да бұрылған жоқ. Аттылар мінбелеп кеп түсіп жатты.

Бұлар бес кісі екен. Бастығы Майбасардың қарасақал атшабары - Қамысбай.

Қалғанының екеуі Бөкенші, екеуі Борсақ, Қамысбай аттан түсе бере:

– Көрдің бе, жәдігөйді! - деп күңк етті. Қодар мен Қамқаны бұл күйде көреміз деген жоқ еді. Мынадай сарылып отырған қайғыны көргенде, өзге болса жүрегі шайылар еді. Қасындағылар аттан түсуден де іркілгендей болатын.

Бірақ, Қамысбай «шаш ал десе, бас алатын», Майбасардың өзінен асқан бүлік, бұзақы, қанқұйлының өзі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий