Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Уәй, Құнанбай, мені құдайдың жылатқаны аз ба еді? Бұ не қырсығың?.. -дей бергенде Майбасар бастаған әулекі жуандар:

– Тарт тіліңді!

– Қысқарт!

– Жап аузыңды! -деп арс-арс етті. Құнанбайға жаңағы Қодарша зекіп сөйлеген қарсылық сөздерді олар естіген емес.

Қодар аз үндемей тұрып, аналар басыла бергенде:

– Ел-жұртқа масқара етіп, қор етіп, анау соқыр көзіңнің құнын менен алайын деп пе едің! - дегенде Құнанбай:

– Шығартпа үнін! Жоғалт көзін! - деді. Майбасар да ілесе:

– Өй, қуарған көктөбет! - деп, қамшы үйіріп кеп қап еді.

Қодар саспастан тұрып, қарсы ақырды.

– Иә, мен көк ит болсам, сендер көп итсің! Жабыларсың, таларсың да жерсің! - дегенде, Қамысбай мен бағанағы төрт жігіт Қодарды сүйрей жөнелді.

Сүйретіле бара жатып, Қодар зор дауыспен барынша шырқап:

– Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан, қара бет?! - деп, қанталаған көзімен Құнанбайға бұрылып, атып жібергендей қарады.

Бірақ, осы кезде мойнына шылбыр түсіп қалып еді. Төрт жігіт жетектеп жылдам тартып, анадай жатқан қара атанның оң жағына апарды. Басына қап сияқты бірдеңені жаба салды. Бес-алты кісі тапжылтпай, түйенің қабырғасына басып, жығып ұстап тұрды. Қодар тағы лағнат айтып айғайлай беріп еді, сыртынан бір қатты күш тарпып, серпіп жібергендей болды. Тұрып бара жатқан түйенің қабырғасы қаққан екен. Осыдан әрі мойнынан «лық» етіп, темірдей қысып, жанын суырып әкетіп бара жатқан таудай ауыр күш басты. Жалған жапырылып, үстіне кеп құлады... Көзінің оты жарқ етті де, сөніп бара жатты.

Жиында үн жоқ. Түйенің ар жағына Қодармен тең қып асқан Қамқа, түйе тұрысымен, бір сәтте үзіліп кетті. Оны бәрі көріп тұр. Қодар бір жиырылып, бір созылып, тез өле алмады.. Батырға біткен зор денесі, созылған уақытында, бұрынғысынан да ұзарып нар түйенің бойына теңелгендей, аяғы жерге тиер-тиместей болды. Түйені тұрғызып бірталай ұстап тұрғанда, жиын әлі үн қатпады. Екі жанның өлім азабын өз үстіне арқалап тұрған түйе де үнсіз.

Дәті шыдамаған Байсал кейін бұрылып, шетке шығып кетті. Сөйлегендер болса, сыбырмен ғана сөйлейді. Қаратай Бөжейге күбір етіп:

– Өле алмай қиналды-ау, бақыр! Бишараны жаңа білдім, арыс екен ғой! -деді.

Бөжей мұның бетіне қатты сұрланған жүзбен, ажырайып қарады да:

– Арысыңды, ендеше, арыстан жеді, - деп сырт айналып кетті.

Жұрт сыбырлап:

– Өлген жоқ, әлі өлген жоқ... - десе берді. Қодардың денесі шынында әлі де тітіркенгендей дірілдеп қап, кейде тартыла түсіп қояды.

Құнанбай жұрттың күбірі көбейіп бара жатқанын енді сезді. Өлтіргеннен де қинау бататын тәрізді. Ол қолымен қатты ишарат қып, түйені шөгер деп бұйырды.

Түйе шөккенде Қамқа серейіп сұлқ түсті де, Қодар өлмеген екен, бүктетіліп түсті. Сол арада жұрттың есін жиғызбастан, Құнанбай қасындағы құзды көрсетіп:

– Шық алып, мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпірді! Бітсін сонымен! – деді.

Бағанағы Қамысбай мен сол жігіттер, үнсіз Қодарды түйенің үстіне көлденең салып, арқанмен байлады да, тау басына тарта жөнелді.

Бұл құздың арғы сырты жазаң. Көлбей біткен бетегелі жазаң болатын.

Тосып тұрған жұрттың ішінен бірен-саран дәті шыдамағаны сусып, кетейін деп еді, Құнанбай :

– Ей, тарқама түге! Тоқта былай! - деп саңқ етіп зілді бұйрық берді. Жұрт қайта иірілді.

Аздан соң құздың басына ереуілдеген жаяулар шықты да, ойдағы жиынға қарады. Құнанбай түрегеліп, оқшауырақ шығып, қолын төмен сілікті, «таста» дегені. Жоғарыдағы төрт жігіт, Қодар денесін қаумалап, ілгерілі-кейінді толқытып тұрып, бір кезде тастап жіберді. Бұл тас - бауыр жағы ойылғандай шұқшиған тас еді.

Азап пен қорлық шеккен, онсыз да өлі дене, жолшыбай бір тасқа соқпастан тұпа-тура ағып кеп, ауыр салмақпен күрс етіп бір-ақ түсті. Қазір де шоқтай жиылып қалған топтың қақ қасына кеп құлады. Шетірек тұрған кісілерге естілгендей боп, ақырын ғана күтір етіп сүйек-сүйегі сына түскендей болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий