Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Есіктің тас еденді тақырлатқан дыбысы, еденге және қатты қыштан қалаған іргелерге соқтыққан мылтықтың дүмі мен қылыштың қынабының сартылы, күжілдеп самбырлаған солдаттардың дауысы — бәрі қосылып тұнжыраған меңіреу түрмені қозғағандай болады.

Біздің бәріміз де оянып, үрпиісіп отырмыз. Көптен байланып түйілген түйін шешілуге таянды. Тарсылдатып, шақырлатып, күңгірлеп келіп, біздің бөлмені ашты.

Түрменің бастығы мен бір казак-орыс офицері екі-үш солдатпен кірді. Қолдарында шамы бар.

Біз түрегеп-түрегеп тұрдық.

— Сіздер енді қазір жүресіздер. Жылдам киініп, түйініп даярлана беріңдер... — деді. Сүй деді де, шығып кетті.

Біз жылдам буынып-түйініп даяр болдық. Он шақты минуттан соң есігімізді тағы да ашып, түрменің бастығы мен офицер есіктің сыртында тұрып, тізім қағазбен бір-бірлеп бізді ауыз бөлмеге (коридорға) шақыра бастады. Бәріміз де шықтық. Түрменің ұзын үйінің тас еденіне бәрімізді иіріп отырғызды. Қылыш-мылтықты солдаттар қоршап тұрды. Жағалай шешіндіріп, бәрімізді тінте бастады. Іш киімнен басқаның бәрін шешкізіп, түк қоймай сипалап қарап жатыр. Тінтіп жатқан — әлгі өне бойының бәрін оқпен шандыған солдаттар.

Менің аяғымда қазақша саптама етік бар еді. Аяғымнан шешіп алып, «бомба жоқ па» деп, киіз байпағын суырып алып, сілкіп қарады. Қолтығымның астарын қарады. Етігімнің ішіне қолын тығып, қоншын төмен қаратып сілкіп қарады. Өзге киімдерімді де сипалап, жұлмалап қарап-қарап:

— Ал енді киініп ал! — деді.

Көңілім біраз жайланып, киініп алдым. Етігімнің тұмсығына, ұлтарағының астына тыққан біраз жазылған қағаздарым аман қалды. Әр бөлмедегі жолдастарды да біз отырған жерге әкеліп иіріп, шешіндіріп, тінтіп киіндірді. Өйтіп-бүйткенше таң да атып қалды.

Енді бәрімізді тізбектеп, түрменің ішкі қамау қорасына шығарды. Жиырма, отыз солдат бәрімізді қоршап тұрды. Екі офицер мен түрменің бастығы түрме кеңсесіне бір барып, бір келіп жүр. Біраздан соң қала әскерінің бастығы келді. Қала әскерінің бастығы келген соң бізді сол тізбектелінген қалпымызбен көшеге — түрменің алдына шығарды.

Түрменің алдында бізді отыз шақты атты казак-орыс және жиырма шақты жаяу солдат күтіп тұр екен. Бұлардың киімдері әр түрлі. Жалғыз-ақ өзгеше жат киім — бізді тінтіп, түрмеден алып шыққандардікі. Киімдері жат солдаттардың түстері де өте бұзық. Өзге солдаттардан жүрістері де еркін. Бұлар Омбыдан келгендер.

Бір-бір атқа жеккен жиырма шақты жайдақ шана тізбектеліп тұр екен, бізге:

— Төрт-төрттен бір шанаға ие болыңдар, — деді.

Ыңғайласып, төрт-төрттен бір шанаға ие болыстық. Бәкен, Жұмабай, Абдолла, мен — төртеуміз бір шанаға ие болдық.

— Шанаға екі-екіден кезек-кезек мінесіңдер, — деп бұйырды.

Көрпе-жастықтарымызды, азығымызды шанаға қоюға даярланып тұр едік, көзім мылтық ұстаған бір жігітке түсті. Үстінде шолақ тоны бар. Аяғында киіз пимасы бар. Жас жігіт, менің бір жақын туысқаным!.. Атаман Анненковтың отрядының ішінде!.. «А-а?.. Бұ қалай?.. Бұл отрядқа тіленген жігітті ғана алады... Мұны Атаман Анненковтың партизан отряды» дейді! Отряд бізді алып жүрмек. Алып шығып не қыларын өзі ғана біледі. Елу шақты төңкерісшіл азаматтың тағдыры осылардың қолында...» Мен өз көзіме өзім нанбадым! Нануға да болмады. Мені айдауға яки жолда атып тастауға алып шыққан Анненковтың бұзықтарының ішінде менің, өзімнің шөбере апамның баласы да бар!

Япырым-ау! Осы анық сол ма?.. Рас сол болса, мынау бір ұмытпайтын күйік екен! — деп, жас жігітке қадала қарадым. Анық сол екен!.. Көзіме нандым... Шіркін адамзат!.. Ішінде неше түрлі жан бар-ау!.. Ала тұрмыс, неше түрлі адамды жасадың-ау!.. Қасіретті жан да бар сенде, пасық жан да көп сенде! Лағынет, сенің сұм, зұлым пасықтарыңа!» — деп тұрдым. Ішімнен күйініп тұр едім, туысқаным қырындап маған қарай келді. Менің алдыма келіп:

— Ассалаумәликүм! — деді.

Мен үндемей, көрмеген, естімеген болып теріс қарадым.

Мен теріс қараған соң, күмілжіп қасымдағы жолдастармен амандасты...

— Ал жүріңдер! — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий