Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біздің кім екенімізді сұрады.

Айттық. Сонсоң ұлық шығуға бұрылып жүре бергенде, мен:

— Мүмкін болар ма сізден сөз сұрауға? — дедім.

Ұлық тоқтап:

— Не сұрайсыз? — деді.

Мен:

— Бізге сот бола ма?.. Қай уақытқа шейін мұнда отырамыз? — дедім.

Ұлық:

— «Ұлт кеңесіне» дейін отырасыздар, — деді.

Қызылдардың Уфа мен Орынбордың маңайында жүрген кезі еді.

Мен:

— «Ұлт кеңесі» тез болатын шығар? — дедім.

Ұлық маған біраз қарап тұрып:

— Әзір бола қоймас! — деп шығып кетті.

Біз есік жабылған соң, ақырын күлістік...

Сөйтіп жата бердік.

Бір күн бір күнге ұқсас. Бір түн бір түнге ұқсас. Жапсар бөлмеде екі-үш әйел отырады. Бірі – біздің жолдасымыз Кондратьева деген әйел. Бірі — абақтыға неше түсіп шығып, қайта түсіп жүрген Петракеева деген әйел. Әйелдің екеуі кеш сайын қосылып ән салады. Екі әйелдің қосылған мұңды даусын, екі әйелден шыққан қапас зарды тым-тырыс тұнжыраған түрме кеш сайын тыңдайды. Сарғайған жүз, қайнаған көкірек екі әйелдің зарымен бірге сарнайды. Әйелдердің әдемі дауыстары қалтырап шығады. Еңіреп жылап шығады. Жүректің нәзік тамырлары да олардың зарына қосылып, сызылып, сарнап жылаған тәрізді. Екі әйелдің жылаған тәрізді әні созылып-созылып, үзіліп-үзіліп зарлайды. Бостандықты сағынған қасірет зар болып шығады.

Кеш ұзақ. Кеш таусылмайтын тәрізді. Кешпен бірге екі әйелдің еңіреп сарнаған зары да ұзақ. О да таусылмайтын тәрізді. Кеш ұзақ, қараңғы.

Түрме де қараңғы. Темірлі терезе сығыраяды. Жерде аппақ суық қар. Темір құрсаулы тас сандықта сұп-суық ызғарлы... Түнерген кеш, ызғарлы кеш, қараңғы кеш еңіреген зарды есітер ме?.. Темір құрсаулы тас сандық — ызғарлы түрме — о да меңіреу... Тұтқынның зарын меңіреу түрме сезер ме?.. Дүлейге, меңіреуге бекер зарлама, талпынған жан!..

Бір күні бізді төртінші бөлмеде отырған көп жолдастардың ішіне апарып қосты. Көпшілікпен де тұрмыс бір қалыпта. Дойбы ойнаймыз, әңгіме айтамыз. Ұрланып келген кітап болса оқимыз. Түрме бір қалыпта: кір, лас, сасық, тығыз.

«Максималистен» большевик болған шаштаразшы Мартылого деген екеуміз жолдастарға әр түрлі мәселе туралы баяндама қыламыз.

Солайша күн өте берді...

VIII. АТАМАН АННЕНКОВ ОТРЯДЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

АҚМОЛАДАН АЙДАЛУ

(1919 жыл, 5 қаңтар)

Бір күні бізді жөнелтпек болды. Түрменің бастығы екі-үш күзетшілерімен біз отырған бөлмеге келіп:

— Сіздерді жөнелтпек болдық, даярлана беріңіздер. Екі-үш күнде жүресіздер! — деді.

— Қайда жөнелтпексіздер? — дедім.

— Омбыдағы үкіметтің әміріне барасыздар! — деді Сербов.

Бұл хабарды түрменің бастығы айтып кетісімен, отырған жұрт жабырлап әңгімеге түсті.

— Қайда апарады? Кімге апарады? Қалай апарады? Не қылады? Конвойлап апаратын кім?.. — деген сөздерді жолдастар түрліше талқыға салды, әркім әр түрлі болжау айтты.

Бостандықтағы жақындарымызға хабар бердік. Жылы киім алғыздық. Шама келгенше жолға ақша даярлаттық. Абдолланың әкесінен: «Ақшаны Абдолланың қазақша саптама етігінің өкшесінің ішіне тығып, шегелеп жібердік», – деген хабар алдық.

Он екі бөлмелі түрменің іші күңкілдеп сөйлесуде. «Не болар екен», — дейді.

Бізді Омбыға алып жүретін Анненков деген атаманның отряды екен. Анненков — Колчактың белгілі атаманы.

Омбыдан Ақмолаға Анненковтың он бес шамалы партизан солдаты келіпті. Анненковтың партизандарының бәрі — өздері тіленіп кірген бұзықтар. Он бестің екеуі — офицер. Бұлар Ақмоладан тіленген тағы да біраз казак-орыс жігіттерін отрядына қосып алыпты. Барлығы қырық-елу солдатты отряд болыпты. Отряд енді Омбыға жүрмек. Бізді осылардың қолына бермек.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий