Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үй іші ажарынан айрылып сұрғылт тартып, жүдеулене қалды. Осындайда аузыңа жөні бүтін сөз түспегені жаман... Кеше жігіт болып келіп бұларды ұялтып кеткен қыздың ерке қылығын айтып езу тарттыруға болатын еді ғой! Қыз сонда қандай мінез көрсетер еді? Мүмкін, қыз аузынан тағы бір қызық сөздер шығар ма еді, әлде қайтер еді? Ең болмағанда көзін жарқ еткізіп серпе тастап тура бір қарамас па еді? Таудай Есеней би атанып жүріп, осындай оп-оңайдың ретін таба алмағаны несі? Әлде алпысқа таяп қалған жасы құрғыр бөгей берді ме?

Ұлпан кепке дейін оралмаған. Енді оны осы үйге ерін аз сүйреп қайтып әкелетін бірдеме ойлап табу керек-ті.

— Кенжетай, сен батырға бір әдемі жыр айтып берші! — деді Есеней.

— Е, бәрекелді! —деп Артықбай да мақұлдады.

Бұл үйде домбыра да болмай шықты. Кенжетай қамшысын екі бүктеп «домбыра» етті де, «Сұлушаш» жырын айта жөнелді.

Бәт құндыз қыз балаға жарасқандай, Тұман жоқ ер жігітке адасқандай. Саласын Сарторғайдың мекен еткен Бар екен Қантай атты бір асқан бай, Сұлушаш Қантай байдың жалғыз қызы Сипаты хор қызымен таласқандай...

Қоңыр дауысты Кенжетай сөз ырғағын, ой салмағын орынды-орнына қойып баппен айтады екен. Қантайдың байлығын, әсіресе қызының сұлулығын шар айнаға түсіргендей құлпыртып жырлады.

Сұлушаштың айттырып қойған күйеуінің басы таз екен. Сұлушаш оған барғысы келмейді, жиркенеді. Безініп болған. Әке-шешесі қиналыста. Қалың малын алып қойған. Қызына да жаны ашиды. Қыздың Алтай деген сүйген жігіті бар. Ол бай баласы емес, еті тірі, талапты жігіт. Жыр бұл екеуін қосуға бейімдейді де қоса алмайды. Кенжетай осы жеріне келгенде әлде нені өз жанынан қосқысы келгендей тебіреніп кетті. Қыз қайғысын тыңдаушылардың ой-санасына шегелей жырлады.

Қайтады күз болғанда қараша қаз Айттырған Сұлушашты сүр қасқа таз. Қайғысы қара нарға жүк болғандай Мал алған қызын сатып әкесі мәз!

Осы тұста Артықбай батыр өз басындағы қайғысынан хабар бергендей болып:

— Қыз баланы қор қылатын қалың мал ғой, — деді. Ауыр күрсініп қалды.

Даладан қатты шапқан ат дүбірі естілді. Үйдегілер елеңдесіп біріне бірі қарады. Жыр да тоқталды. Көп аттың дүбірі жақындап келеді. Иттер азан-қазан. Гүжілдескен еркек дауыстары естіле бастады. Кенжетай кереге басында көлденең асылған найзалардың бірін ала-сала аттарына қарай жүгіре жөнелді. Ауыр денелі мосқал батыр Сәдір де бір найзаны қолына алып жөнеле берем дегенде аттарынан топылдай түсіп осы үйге қарай жүгірген адам дыбыстарын таныды да, тоқтап қалды.

Алдымен үйге Ұлпан жүгіре кірді. Ұялғандай күлімсіреп әкесінің бас жағына барып керегеге соғылып тоқтады. Оның артынан іле-шала үш еркек кірді. Алдымен кірген түлкі тымақты мысық мұрт, жалынымен шаңырақты жалағысы келгендей лапылдап жанып тұрған отқа соғылардай болып аптығып тоқтады да, артында келе жатқан екеуіне:

— Сүйреп әкетіңдер! Әне тұр! — деп Ұлпанды нұсқады.

— Әй, сен кебіс ауыз, кімді сүйреп әкетесің! Көзіңе қарашы! — дегенде Сәдірдің найзасы мысық мұрттың аузына да тақалып қалып еді. Қайрап қойған найза ұшы аузынан кіріп желкесінен шыққалы тұрғандай екен! Жігіт қақалып қалғандай сөйлей алмай қалды.

— Отыр!

Жігіт отыра бергенде Сәдір найзаның ұшымен оның басындағы тымағын түйреп алып отқа тастап жіберді. Ұлпанға қарай ұмтылған екі жігіт те қызға қол тигізбей тоқтады. Сәдір ол екеуін де найзасының ұшымен нұсқап алғашқының қасына отырғызды. Даладан тағы екі жігіт келді. Жалғыз Сәдір найзасын жарқылдата сілтеп бес жігітті түгел от басына иіріп тастады. Біреуіне де найзасын тигізген жоқ.

Көптен батырлық жыны қорланып жүрген Сәдір Несібеліге қарап:

— Кеген әкел! — деді.

Кедейдің бар байлығы үйінің айналасында ғой. Несібелі жүгіре шықты да көгенді жылдам алып келді.

Сәдір жігіттердің, бас киімдерін лақтырып-лақтырып жіберіп бір шетінен көгендей бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий