Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сенің басыңды отқа үйтіп тұрып, құдай қосса өзім мүжитін болармын!—деп әуелі үйге бұрын кірген мысық мұртты көгендеді.

— Сен де бір жонданып кеткен неме екенсің, құдай қосса қырық қамшы дүрені өзім соғатын болармын!

— Сен қара жапалақ, үйіңде отырғанда қандай мықты екенсің, ә?

Осылай әрқайсысына бір мысқыл айта жүріп, жігіттерді көгендеп болды да, көгеннің екі ұшын екі жақтағы керегеге көріп тастап, өз қылығына өзі масаттанып тұрып қалды. Найзасына сүйеніп, қозыдай көгенделгендерге жоғарыдан қарап тұр.

— Енді Есеней бидің кесімін естисіңдер!

Жігіттер төрде отырған дәу қара шұбардың Есеней би екенін енді біліп, майлы қасықпен төбеге ұрған мысықтай жым болды.

Жаугершіліктен ұрлықтан қолға түскен адамдарды әуелі көгендеп алып қорлау қорлаудың да ауыр түрі. Бұл кезде қалып бара жатқан ескілік. «Көгенге түсіп» қайтқан жігітте қадір-қасиет қалмайды. Сәдір мына жігіттерге сол қорлықты көрсетіп жатыр.

Сәдірдің «Кебіс ауыз», «Қара жапалақ» дегендерінде де мән бар. Жекпе-жекте болсын, соғыста болсын, қарсыласқан жауыңды солай бір мазақтап, қорлап алсаң, оңай ашуланады. Ашуланған адам ұтылмай, жеңілмей қоймайды...

— Бұларың кім өзі? Танисыз ба? — деді Есеней Артықбайға қарап.

— Кім болсын, құдаларым болады,— деді Артықбай.— Біздің үйдегі «Сұлушашты» айттырған құдаларым,— деп қызына бір қарап қойды.— Кедейлік не істетпейді. Бағлан аузында отыратын бір саудагер Түлен дегенмен құда болып едім. Баласы таз ба, мерез бе, білмеймін, әйтеуір Ұлпанжан құлан-таза безініп кетті. Шойнақ шалды басынып алып қашуға келгендерін көрмейсің бе! — Артықбай тағы да ауыр күрсініп тоқтады.

— Болды, Артеке, болды. Аржағын айтпай-ақ қойыңыз. Көріп отырмыз. Сәдір, сен мына құдаларды қосыңа апарып қондырып шығарарсың.

Кенесары ылаңынан кейінгі он бес жылдың ішінде Сәдірдің найзасы жарқылдаған күні осы ғана. Сол он бес жылдың ішінде қойдай көгендеп тұтқын ұстағаны да осы. Алақан қышуы әлі басылған жоқ. Есенейдің көзінше қол іске бара алмай, найзасына сүйеніп зығырданы қайнап тұр еді. Есенейдің бұйрығына қуанып кетті. Құдай қосса, қосқа апарып қамаған соң бір-бірлеп шығарып алып дүрелейтін болар. Бидің кесімі кезінде бола жатар, оған дейін күздің ұзақ түні Сәдірдің сайрандауына мол жетеді...

Сәдір көгендеп алған жігіттерін ағытып жайдақ атқа екі-екіден мінгізді. Ер-тоқымдарын қолдарына құшақтатып қойыпты. Үйге бес жігіт кірсе, далада аттарын ұстап тұрған тағы екі жігіт бар екен. Сонымен алтауын үш атқа мінгестеріп, үш аттың шылбырын бірге түйіп жетінші жігітке ұстатты да, айдап жүре берді.

Ұлпанды айттырған күйеу Түленнің баласы Мырзаш деген жігіт алдыңғы жылы бір келіп кеткен. Даланың жұпар иісі аңқыған жазғытұры еді. Ұлпан құдайдың жазғанына мойын ұсынып, ойында жақсы көру — жек көруден еш нәрсе жоқ, күйеуін керуге ғана ынтығып шымылдыққа кірді де қашып шықты. Қыз мұрнына келіп көрмеген жиіркеніш иістен жүрегі айнып кетті. Жеңгелері әуелі қашанғы дәстүр бойынша күйеу мен қыздың қолдарын ұстаттыра беріп еді, Ұлпанның алақанына өмір бойы жусаң да кетпес бір майлы жылбысқы жабысқандай болды. Сол жабысқақ қыз алақанының есінде әлі бар. Ұлпан әлі жеркенеді. Есіне түсіп кетсе, қолдарын сабынды көпіртіп тағы бір жуып алады.

Содан кейін құдалардың арасы шалғайлана берді. Саудагер қу ұл баласы жоқ шойнақты басынып, әуелі қалыңға берген бес құлынды биемді қайырып бер деді. Артықбай онысын дұрыс көріп, көніп еді, бес биенің он жылдан бергі өсімін сұрады. Оның өзі Артықбайдың маңдайына бітіп көрмеген кеп жылқы болып шығады екен. Артықбай қалың малға алған бес құлынды биені қайырды да, өсім дауынан әлі құтыла алған жоқ. Аяғында алысырақ жерге кешіп кетіп құтылам ба деп еді, Түлен қу-аяқ қыздың өзін тартып әкетуге жігіттерін жіберіпті...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий