Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қыз болса мені құдай ұрды төбемнен! — деді.— Мен масқара болдым. Бұл Артықбай батырдың қызы Ұлпан. Үйіне қонып кеткеніме ай толған жоқ. Ең болмаса қара жорғасын танымай қалғанымды қарашы! Бір күн қасыма еріп жүріп, екі қаз байланып еді! Қарағым-ай, енді сенің бетіңе қалай қарармын! —Аңғал аңшы күйіп-пісіп шошалақтады да қалды.

— Дүре соққың келмеп пе еді? Бетіне қарамай-ақ соға бересің де! — деп, өзі сасқалақтап қалған аңшыны түрікпен Мүсіреп біржола өлтіре салды.

— Артықбай батырдың қызы деймісің? — деді Есеней.

— Ойбай, аға сұлтан пірім-ау! Соның, қызы Ұлпан. Сол жақ артқы аяғы ақ бақай, маңдайында төбелі бар, су төгілмейтін қара жорға тұр ғой міне!..

Қыздың бір-ақ рет көз қиығын Есенейге серпе тастап қарағанын түрікпен Мүсірептен басқа ешкім аңдамай қалған екен. Кешкірген бұлыңғыр күн, қапалақтаған қар... арыз айтуға қыз келер деп кім ойлаған! Келген бетінде кие сөйлеп бәрінің көңілін сөзіне аударып әкеткен Ұлпан қыз екендігін аңдатпауға тырысып еді. Солай бола тұрса да, қыздың аты қыз ғой, атақты батыр, атақты әділ би атанған Есенейге қыз көзімен бір қарап қалғанын өзі де сезбеген.

Қыр жайлаулардан құлап келе жатқан Есенейдің жылқысы екенін аулы біліп отырған. Қалың, қара шұға жалбағай бет-аузын жауып кеткенімен атандай қара көр аттың үстіндегі зор денелі адамның Есеней екенін Ұлпан да ішінен таныған. Бес жасар кезінде көргені де, қорқатыны да есіне түскен. Бірақ, өзін танытпай кетті.

Есеней тобы аңырып қалды. Не істеу керек? Қара жорғаны қыздың айыбы деп қалай алып қалар? Сұңғыла қыз бұларға бір ұяларлық ұпай салып кетті емес пе! Ие, «малым — жаным садағасы, жаным — арым садағасы» дейтін елдің нақылын еске алсаң, лайықты жұмыс болмапты. Есеней жолдастарына қарады:— «Не істеу керек?»

— Артықбай батырға тізе көрсеткендей болып келгеніміздің өзі қандай айып! Қызының атын айыпқа алып қалғанымыз екінші айып. Арыз айта келген қыздың атын айыпқа алып қалғанымыз айып біткеннің ішінде ел естімегені болар! — деп түрікпен Мүсіреп Есенейдің қара шешектен қара шұбар болып қалған бетіне тура қарады.

Есеней өмірінде айып тартып көрмеген айып-жазасы болған адамдарға қатал жаза беруді жақтайтын би еді. Болмашыдан айыпты болғанына әрі күлкісі келеді, әрі шешімін таба алмай тұрғаны анық. Артықбай оны бір рет намыс өлімінен айырып алған, екінші рет өлімнің өзінен айырып алған кәрі жолдасы, батыр адам.

— Қара жорғаның мойнына ат қосақтап қайтарған дұрыс болар! — деді түрікпен Мүсіреп.

— Айналайын адасым-ай, таптың, таптың! Менің кәрі бозымды бірге қосақтап жібер! — деді ақ көңіл аңшы.

Есеней «жөнел!», деген бұйрығын Кенжетайға иегімен нұсқады.

— Артекеңе сәлем айт, ертең сәлем беріп қайтармын!

Өзі жетелеп жүрген Есенейдің, «Мұзбел» дейтін торы төбелін қара жорғамен бірге жетелеп, Кенжетай жөнеліп кетті. Есеней жолдастарына ендігі байламын айтты:

— Осы жоннан әрі бір жылқы тұяқ салмасын! Сәдірдің қосынан басқа қостардың екеуін Құсмұрынға қарай, төртінші қосты өзіміздің Ақ-құсақ, Қара емен Еламан көліне қарай аударыңдар. Сәдірдің қосы осы маңда қала тұрсын. Екі адас, менімен қаларсыңдар. Бекентай, сен Құсмұрын қосымен кетерсің...

Жолдастары Есенейдің бұйрығын орындауға тарасып кетті. Есеней өз қосын тіктіруге тапсырған көлге қарай жалғыз бұрылды.

«Бұдан он жыл бұрын жер астындағының дыбысы елден бұрын маған жетуші еді, Артықбай батырға ұрынып қалғаным қартая бастағаным-ау! — деп ойлады Есеней.— Әлде қадірім түсе бастағаны ма екен? Аңшының көпіртпесіне еріп кете бергенім қалай? Бұрын ғой, ондайды өзім анықтатып алушы едім!»

Жаңағы аз оқиға Есенейдің көз алдына бұдан он бес жыл бұрын өткен оқиғаларды әкелді. Артықбай батырдың ерекше бір ерліктерін еске түсірді. Ол бейбіт елді қайта-қайта шауып, қайта-қайта талан-таражға салған Кенесары төренің лаңы болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий