Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ойдағыңды құдай өзі айдап әкелсе, кім қарсы болады дейсің.

Жаңа кеткен түйелі қыз қалай көрінді?

Өзіңе қалай көрінді?

Бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр ма деп қалдым... Әйтпесе әп-әдемі бала...

Маған да солай көрінді.

Оттама енді! Қыздың патшасы! Аласың осы қызды!

Қалай аламын?

Ол менің жұмысым.

Мейлің...

Манадан әукесі салбырап, көзін алмай қарап тұрып, енді бәлденуін қарашы мұның! Қырықтан асқанша қыз таңдап, аяғында бір салпы етекке кездесейін деп жүрмісің? Сен өз бетіңмен қатын ала алмайсың, мем болмасам.

— Мейлің дедім ғой.

— Айрылатын бала емес!.. Апалап іші-бауырыңа кіріп барады деп Жаниша да өз қостауын айтып қалды.

Сен аттана бер өзің. Есенейді өкпелетіп алма. Жалғыз өскен емендей сорайып жалғыз қалды ғой сорлы! — деді Әсіреп.

Мүсіреп аттанып кеткен соң, Әсіреп те атын ерттей бастап еді. Үш шақырым жібермей ақ түйені қуып жетті.

— Науша жеңгем, түйеңді кейін бұрып, біздің үйге тағы бір қонып кетсең қайтеді? — деді салған жерден.

Қыз шешесі қорқып кетті. Осы бір кедір-бұдыр сөйлейтін адам ақ нарға қызығып жүр ме деп қалып еді. Түнде өзі «Бір аш-арық түйемізді жетелеп жүре берсе» дегені де есіне түсті. Құдайы құрғыр-ай, қайдағы бір жаман сөз аузыма қалай түсіп кетіп еді!..

— Қызыққаның жалғыз нарым болса, өзімді домалатып таста да, әкете бер, — деді.

Шешесінің сөзіне қызы күліп жіберді.

— Әй, сен кемпір, неден шошына қалдың өзің?

— Көлденеңнен көлденең жабыса кеткен соң қайдан білейін! -—Қызы тағы мырс етті.

— Аузыңа құдай салып тұрған шығар, мен саған құдай алдында айрылмастай болып жабысам. Қаңғырып өлесің, кейін қайт! Құдағиым боласың!

— Мына кісі не дейді? Шынар-ау, естіп тұрмысың? — Қызы үндеген жоқ, үндемесе де ішіне бір елең кіре бастады.

— Түнде көрген кербез жігітің Мүсіреп, менің, інім болады.

— Оны естідім ғой.

— Қырыққа келгенше қыз таңдап, үйленбей келіп еді. Соған сенің балаңды айттыра келдім.

Содан соң Әсіреп атынан түсе қалып түйесінің алқымында ықтап тұрған Шынардың қасына келді. Иығынан құшақтап алды.

— Айналайын, ботам, атың кім еді, Шынар ма? Мен бір салдырлаған ақкөңіл адаммын. Өз баламдай жақсы көріп қалдым сені. Әкеңнің орнына әке болам. Мүсіреп жігіттің сырбазы. Қор болмайсың, қарағым. Бұр түйеңнің басын! — деп түйені өзі бұрып, өзі жетелеп алды.— Ана атқа міне ғой, айналайын.

Шынар қарсыласқан да жоқ, атқа да мінбеді. Ойына бір өзі де түсініп үлгірмеген әдеп-иба түсе қалғандай еді. Әсірепке ере жаяу жүре берді.

Табиғаты жалпы нәзік келетін қыз бала Әсірептен именіңкіреп, кейінірек жүріп келеді. Таңдануы да бар, қуануы да бар. Оның, әлі біреуі жеңіп жүзіне шыға қойған жоқ. Ішіне су толып қорқылдай берген етігінен ұялып келе жатқандай еді.

Әсіреп біресе шешесіне, біресе қызына қарап қойып, ауыз жаппай сөйлеп келеді. Шынардың басына орнатпаған жұмағы жоқ. Ақ отау да тігіп берді. Ақтылы қой, алалы жылқыны да алдына салды.

— Шынар-ау, осының бәріне иланып келемісің? — деп қояды шешесі. Шынар оған не десін. Күлімдей қарайды да үндемейді, тыңдай береді.

Ауылға жеткен соң Әсіреп Шынар мен шешесін тура Мүсірептің, жер үйіне әкеліп кіргізді.

— Осы сендердің үйің! Су киімдеріңді шешіп, түйенің қомында құрғақ бірдемелерің болса киіп алыңдар. Бәрекелді... батырдың өз киімдері де су күйінде қала барыпты. Төсегіне қараңдар!.. Жинамай кетіпті. Пешінің мойнына қара, құлайын деп тұр... қазандығы да құлап жатқан шығар-ау... айтам ғой.

Әйелдер төр үйге барды да, шешінбестен сілейіп тұрып қалды. Әсірептің жаңағы айтқандарында көңіл көтерерлік түк жоқ әрине.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий