Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шынар Есенейдің бетіне бұл жолы тура қарады. Даусы жұмсақ шығатын екі сезінің бірі қалжың адамның түсі онша суық болмас деп еді. Қара шұбар адам жауап күтіп жымиып отыр екен.

— Арызыңыз аяқсыз қалмас... Жұмысыңыздың жай-жапсарын тағы бірде өзіңіз келіп айтарсыз,— деді.— Екеуінің біріне болмаса біріне шамамыз келер...

— Түрікпен серім, сенің жайың да көрініп қалды! Бет алысың дұрыс, шырағым!..— деп Есеней мәз болып қалды.

Қазақ қазымы шай үстінде ғана жайласып-жадырасып сөйлесе алады. Ет келгенде табаққа құныға қарап, жабыла қол салады да, сөзге ауыз да босамайды, сөз құлаққа да кірмейді. Туа үйреніскен кең даласындай кең жайылған шай дастарқаны айналасында әзіл-қалжың, сыр алысу — сынасу, алыстау-жақындау сияқты тіршілік ауыс-түйістің бәрі де өзінің әдепті жүйесін тауып сыпайы сөйленіп отырады.

Ұлпан жаңа ғана келіп таныса бастаған елінің мұндай әдептілігіне ырза болып отырса да, басқа бірдемеге таң қалып отыр. Есенейдің айналасында алты ауыл Сибаннан бір естияр адам жоқ. Манағы кеткен төрт-бес шалдан кейін Есенейдің өзімен теңдес ағайыны ретінде Мүсірептен басқа бір адам бой көрсеткен жоқ. Керейдің әр руларынан тойын басқаруға Есенейдің өзі тағайындаған қырық жігітінің біразы бір рет келіп тойды қалай өткізетіндерін айтып, бір-бір аяқ қымыз ішіп кетті. Анда-санда Еменалының айғайы бір шығып қалады. Ол ылғи әлдекімдерге ұрсып, аузы мұрнын боқтап жүреді. Елді Есенейден бездіріп, көк желке қылып болған бір жағынан сол Еменалы болар-ау... Қалайда бұл елдің, ырысы емес шығар.

Тілеміс бір рет келіп:

— Қожабай басына үш жүз үй тігілді. Бес болыс Керей-Уақтың ұзын ырғасы түгел... Үйлердің көбі солардікі... Сойыстық мал, қымыз-қымыран ағыл-тегіл келіп жатыр,— деді де, ол да шығып кетті.

Бұған қарағанда да Сибанның өзі Есенейге енжарлау ма, қалай. Кейде шетке қадыры бар адамдардың өз еліне қадырсызы болады. Ондай адамдар ағайын-туғандарын ығыстыра ұстап, елемей ұстап, атағымен атымен иықтап жүреді де, түптеп келгенде жалғыз қалады. Есеней осыған ұшырап бара жатқандай екен. Ұлпан мұны да бір түйіп қойды.

Есеней үлкен адам. Үлкен адамның, тізесі қатты батады. Кейін оның өкініші де үлкен болмақ. Ұлпан көңіліне осындай қобалжу кіре бастады.

Ауыл толы адам. Ет пен қымыз мол болар. Бірақ, қуаныш үстінде ақжарқын күлісіп, киіз үйді кере қарқылдасқан дауыстар да естілмейді. Әлі бір адам ән салған жоқ.

— Той тарағанша үш күн осында боламыз ғой. Бүгін үйімізге қайтып, ертең біржола келейік. Ұлпанжан, лұқсат болса,— деді Мүсіреп.

Жарайды, Мүсіреп аға. Той тарағанша апам бәріңіз менің отауымда боларсыз,— деді Ұлпан.

Мүсіреп пен Шынар да ауылына қайтып кетті.

— Әлгі Шақшақ бидің қызы әлі тұрған жоқ па? — деп сырттан Мүсірептің ағасы Әсіреп айғай салды.

— Тұрғамын, ағеке, тұрғамын...

Көйлек жеңдері қарына дейін түрулі, саусақтарында жабысқан қамыр, Шынар киіз үйден жүгіре шығып, қайынағасына күлімдей қарады.

Әсіреп екі үйдің үш-төрт жылқысын айдап әкелген екен.

— Құлындарыңды байлап ал! — деді.

Шынар құлындарына қарай ұмтылып еді.

— Жалқауың қайда? — деп қайта тоқтатты Әсіреп.

— Апам екеуі отын әкелуге кетті.

— Немене, жалғыз өзі әкеле алмай ма?

— Апам шөп ормақ теріп әкелем деп кетті.

— Таң атпай нан илеп жатыр екенсің ғой. Қонақтарың бүгін келетін бе еді?

— Бүгін, ағеке.

— Жарайды, жүре бер үйіңе.

Әсіреп қызық адам. Інісі мен келініне ұрса жүріп қалжыңдасады, ұрысқан бола жүріп еркелетеді. Жақсы көреді. Әсіресе, Шынармен қалжыңдасып қалса, көңілі көтеріліп, өзі мәз болады. Мүсірепке «өзі тауып әперген» келінінің жасық болмай, ашық болғанына, қабақ шытпай күлімдеп жүретініне қуанады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий