Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қази Уәлиханның үлкен әйелінен туған ең үлкен ұлы Ғұбайдолланың немересі еді. Ғұбайдолла әкесі өлген соң Сібір генерал-губернаторы хандықты маған ұсынар деп дәме қылған. Уәлиханның өлімі қазақ даласында хандықты біржола жою мәселесі көтеріліп, негізінде шешіліп қойған тұсқа кезікті де, губернатор оған көңіл айтуға жіберген елшілік арқылы мол-мол сыйлық және подполковник шенінің патентін көлденең тартыпты. Губернатор жіберген хатында Ғұбайдолланы аға сұлтан деп болашақ лауазымын атай жазыпты. Оның үстіне қала салуға осы күнгі Көкшетау қаласының, жерін сұрапты.

Ғұбайдолла долданып кетті. Хан лауазымын берсе, бір қала түгіл, он қала салатын жер сұраса да қабырғасы қайыспайтын еді. Уәлиханның үлкен ұлы, хандық жолы менікі деп дәмеленген сұлтан орыс патшалығымен ат құйрығын кесе айрылысты. Тезбе-тез қол жинап немерелес Есенгелді, Саржан, Кенесарыны бас қылып Ұлытау, Кішітау жаққа жөнелтті. Орыс патшалығы «Орда өзара бөлініп-бөлініп жарым-жартысы Ұлытау жаққа көшіп кетіпті» деп жүргенде, ол жақта жасақ қуырылып жатқан. Кенесары қозғалысы дегеннің түп қазығы сол Ғұбайдолла болатын.

Ғұбайдолла өзі, қасында тоқсан ру басы — ақсақал, билері бар, екі мың жасақпен Баянауылға келіп орнап, Қытай императорына қырық кісі елші жіберді. Өзін Орта жүз бен Ұлы жүздің ханы деп бекітуді сұранды. Біздің даланың бөлініп-жарыла беруіне қашаннан тілектес Қытай үкіметі сараңдық істеген жоқ. Ғұбайдолланы қазақтың ханы деп бекітіп, оның үстіне Қытай империясының ұлы князі—Ван Гун деген атақ берді. Қасындағы табақтас-жемтіктестері ақ киізге салып хан көтерді,

Ғұбайдолла хан көп жасай алған жоқ. Қолбасшы Кенесарыға екі-үш рет жасақ жөнелтті. «Қимылда!»—деді. Ол екі арада орыс шекаралық әскері Баянауылды үш жағынан қоршап алып, бір шай қайнайтын уақыттың ішінде хан ордасының дал-далын шығарды. Қасындағы тоқсан табақтасымен бірге Ғүбайдолла Березов қаласына, мәңгі қайтпас мекеніне жер аударылды.

Орыс патшалығының Ғұбайдолла алмай қайтарған сыйлығы енді оның он алты жасар баласы Болатқа берілді. Майор атағы қоса берілді.

Болат майордың баласы сұлтан Қази Омбыдағы кадет корпусын бітіріп, Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың қарамағына алынды. Оқуға да сол генералдың қамқорлығымен алынған еді. Қази кадет корпусына келіп түскен жылы Шоқан Уәлиханов сол корпусты бітіріп шыққан еді. Шоқан сияқты Қази Уәлиханав та Шығысты зерттеу жұмысына болды. Қара Ертісті бойлай жүріп Семіз-найман елің орыс патшалығына қосты.

Дүние жүзінде екі-ақ жігіт хан тұқымы қалса, ол екеуі жауыққан араз болар еді. Ол үшін Орта жүз, Кіші жүз болудың керегі де жоқ. Екеу болғандығының өзі жетіп жатыр. Уәлиханның үлкен әйелінен тараған әулеті мен кіші әйелінен тараған әулеті алты дуан ел сыйған қазақ даласына сыйыса алмады. Бірінің үстінен бірі жаудырған арыздар бойынша, сол кездегі Сібір генерал-губернаторы Дюгамель корнет Қази Уәлихановты Тобыл қаласының полкына ауыстырды. Ұлпанды ол сол Тобыл базарының тұсында көрген.

Жас офицер Кенесарының қандасқан жауы, аяқтап келгенде ойы әлденеше рет жеңіп, Керей-Уақтың жерінен айдап тастаған жауы, атақты батыр, әділ би атанған Есенейді көруге келіп еді. Есенейдің өзі де, Ұлпан да Қазиға үлкен қошемет көрсетті. Әсіресе, Кенесары қозғалысына көзқарастары бір екен. Әттең, ерте піскен жас офицер Ұлпанға қарай беремін деп сүрініп кетті.

Қази Тобылда екі-ақ жеті болып, алты айға босанып кетіп еді. Ол кідірместен Петерборға барып, соғыс министрі Милютин арқылы сұранып, қазақ-орыс лейб-гвардия полкына алынды. Осы келісінде сол полктың, офицері еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий