Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ұлпанжан...— деген сыбырдан оянды. Қази екенін таныды. Қонған үйіңнің қыз-келіншегіне, үй іші ұйықтап кеткен соң «қол салу, ояту» деген қазақ халқында қашаннан бері бар әдет. Ұлпан оған таңданған жоқ. Бірақ, осы Қази деген жігіттің ниетін келген бетінде аңғарып, ұнатпай қалған. Сол түйіншек ойында қала барған екен Ұлпан басын көтеріп алды да:

— А, жүрейін деп жатыр екенсіз ғой... Дәмелі апай, шам жақ, шай қой! — деп тұра келді. Жалаң аяғына кебісін киіп, арқасына шапанын жамылып алды.

— Қазір, айналайын, қазір! — деп Дәмелі шам жаға бастады. Қази жылысып шегіне берді.

Қази Тобылдан өз еліне кетіп бара жатып, бұл үйге әдейілеп кештетіп келіп еді. Жолшыбай Есенейдің үйде жоғын да естіген. Стап қаласында Тобылдан таныс Тілемісті тауып алып, бар жайды біліп келген. Тілеміс іштей Есенейге тіпті дос емес: әкесінің құйрығын түріп қойып дүние соқтырғанын есінен шығара алмайды. Есеней тіріде кегін қайтара алмайтынын да біледі. Сондықтан үнсіз тапсырғанын дәл орындап жүре береді.

Елеміс әсіресе Ұлпанға еш. Жап-жас басынан бұйыра сөйлеп Есенейді басынып алды. Сибан деген бір тайпы ел Есеней ордасының бәйбішесі деп, бас иіп отыр. Өзге жұртқа қандай кең алақан болса да, Тілеміске іші жылынан ақ қойды. Шіркін-ай, Ұлпанды кіммен болса да жақындастырып-жанастырып алып атағын ел-жұртқа түгел жайып жіберер ме еді! Осындай екі жақты қастықтың орайы табылмай жүргенде, құдай айдап Қази Уәлиханов кез болды. Жас офицер күле сөйлеп сырын аңғартып еді, Тілеміс жабыса кетті:

— Пісіп отырған кезі. Байы қартайды. Бала жоқ. Құдай біледі, өзіңдей біреу кездессе шалқасынан құлап түседі,— деді.

Тілемістің осы айтқандарына сеніп, Қази келген бетінде-ақ ойын Ұлпанға аңғарта сөйлеп еді. Ұлпан оны өңі армағандай жауап қайтарып, қоныңыз деді, бірер күн дем алуына да рұқсат етті, сыйлады, құрмет көрсетті... Жұрт көзінше сыр бермей отырғандай еді, енді мынасы несі! Қасына барғанда «жүрейін деп жатыр екенсіз ғой!»—деп атып тұра келе ме екен? Мұнысы «аттаңыз!» дегені ғой.

Уәлихан тұқымынан шыққан патша офицеріне қара қазақтың қыз-қатыны қашан қарсылық жасай алып еді? Хан тұқымының көзіне іліккеніне мәз болатыны қайда? Мұның өзі тоң, мойын қара қазақтың хан тұқымын елемей бастағанының бір қыры емес пе екен?

Қази бұл қорлыққа шыдай алмады. Аттарын жектіре бастады. «Күндерде бір күн реті келе қалса, есесін бір қайтарамын» — деді де, шайға қарамай жүріп кетті. Ұлпанға қоштасқан да жоқ.

Қази шанасына мінгелі жатқанда ағаш үйлерді жаңғырықтыра үрген үш үлкен төбет аулаға кіре бергенін көрді. Толған ай екі жағынан құлақтанып тұрған аязда төбеттер өңкей кекшіл көрінді. Желке жүндеріне күмістей жарқылдап қырау тұрған. Жақындай берген салт аттылардың бекінген қарды сықырлата-сыздата қатты жүріп келе жатқаны естілді.

— Айда! — деді Қази атшысына. «Қайтып келе жатқан Есеней болар» деп ойлады. Шана қозғалып кетті.

Төбеттер әупілдеп қалып, Есенейдің қайтып келе жатқанын хабарлап еді, Ұлпан жылы киініп алып далаға шықты. Есеней есік алдына жақындап келіп, атынан түсті де, шылбырын Кенжетайға қарай серпе тастады.

— Бүгін үйге жетпегенде далада өлетін едім, Ақнарым! — деді Ұлпанға.— «Жүйрік ат, сұлу қатын ер қайраты» дейтін бе еді? Сол менің жанымды алып қалған...

— Жоқты айтатының не сенің? Суыққа тоңбаған еркек Есеней болар ма еді! Жүр үйге — Ұлпан Есенейдің сол қолына асыла кірді. Белбеуін шешті. Тымағың сыртқы киімдерін сыпырып Дәмеліге берді.— Отыр, етігіңді шешейін.

Ұлпан Есенейдің етігін шешіп, мәсі киген аяғын ұстап қарап еді, мұздай екен. Аздап дірілдеп қояды. Жаңа оның білегіне асыла үйге кіргенде де, бар денесінде діріл барын сезінген.

— Қазір мұншаға түсесің! — деді Ұлпан.— Дәмелі апай, Салбырға айтшы, монша жақтырсын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий