Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ұлпан қонақтарын ашық жүз, жайдары мінезімен күтті. Құрметті қонақ келгенде, бірге отыратын үш-төрт адамдары болушы еді, оларды да шақырып алды. Әнші жігіттер, дойбышы жігіттер келді. Елдің жай-күйімен ойын-сауығымен танысамын деген адамға көңілсіз болмауын да ойлады. Жатар уақыт жеткенше өзі де бірге отыра берді. Бірақ, Қази ондай әңгімеге шорқақ жігіт екен ауыл адамдарымен тіл табыса алмай, ақсүйек тере екендігінен бір сәтке босай алмай қойды. Офицер етігі не сықырлайды қояды. Ұлпаннан басқа осы үйде отырған адамдардың, тирек кетуін күтетін сияқты. Оны сезінген дойбышылар біріне бірі:

— Сіздің биіңізді біз мына құлымызбен-ақ жей саламыз.

— Жоқ, жей алмайсың...

— Жей алмасам, тұсаулы аттай тұрды да қалды емес пе? Ол күні өткен би! Ондай би болғаны адыра қалсын! — деп қалжыңдасады. Тұсаулы аттай тұрып қалған би дегендері, әрине, қазақ қалжыңынан хабары жоқ жас офицер Қази Уәлиханов.

Бір кезде Қази ауыл адамдарынан тез құтылғысы келіп шаршап келе жатқанын айтты. Жолды қар басып қалған... сегіз күн жүріп келіпті... Көкшетауға дейін әлі бес-алты күн жүретін болар. Ұлпан оған:

— Ac әзір... қол жуыңыздар,— деп жауап берді.

Қази ең үлкен олақтығын осы арада тағы көрсетіп алды.

— Лұқсат болса, осы үйде бірер күн тынығып дем алуға болмас па екен? — деді.

Ұлпан онысына да қарсылық білдірген жоқ.

— Жатыңыз... дем алыңыз... Ертең қонақ үйіміз дайын болады,— деді.— Шеттен біреулер келіп қалмаса бүгінгідей ауыл адамдары да бола бермес...

Кешкі тамақтан кейін қонақтарын түкпір бөлмеге жөнелтіп, Ұлпан өзі де жатуға айналды. Күміс жақтаулы үш жарма айнаның алдына келіп отырып шешіне бастады.

Ұлпан бүгін Мүсіреп үйінен кештетіп қайтқан. Шынар бірінші баласын тапқан еді. Ұл туды. Шынар толғата бастағанда-ақ хабар беріп еді, Ұлпан Стаптан акушерка әйел алдырып, сонымен бірге Шынардың қасында үш күн болып қайтты.

— Ерке қатың енді сен өлмейсің! Жат әрі қозғалмай!

Екі күн қыз-келіншектерді жинап өткізген шілдеханадан шаршап қайтып еді, әлі ұйқысы келмей отыр. Ойында бір өн бойын өртеп кететін толқыныс бар. Ол—пісіп жеткен әйел мұңы — бала. Ұл бала! Есенеймен қосылғалы үш жылдан асып бара жатса да, бала белгісі болмай келеді. Есеней бірнеше баласы болған адам. Кінә, Ұлпанның өзінде болмаса қайтсын! Бойға бітпей жүрген баланы сағыну деген азап екен. Түсінде бала емізіп, бала ойнатып отырғанын көреді. Қуанып оянады, ұзамай ағыл-тегіл жылап алады.

Бала жайын Есеней де анда-санда есіне алып қояды.

— Біржола бала берместей қарғайтын, құдайға жазған жазығым жоқ-ты! — деп бастайды да:—бермесе тағы мейлі, менің жарым да, ұлым да, қызым да Ақнарым, Есенейім, сен аман бол! — деп тоқтайды.

Ұлпан айна алдында едәуір қозғалмай отырып қалды да, шешіне бастады. Денесі құрғыр әлі босаңсымай, толықпай келеді. Тым болмаса май басып толықса екен-ау. Жұрт жарықтық ақ-адал көңілімен Ақнар бәйбіше десе, сол бәйбішелікке де әлі толмай тұр. Баяғы денесі, иіліс-бүгілістеріне бір әжім түспеген жас дене! Іші-бауыры әлі жарау... Шамалап толықса да болар еді-ау. Толығу үшін не істеу керек? Күніне екі рет ет жеп, он аяқ қымыз ішу керек дейді Дәмелі. Онда кісі жарылып өлетін шығар!..

Ұлпан толықпадым деп назаланғандай болса да, денесінің мүсіні бұзылмағанына да қатты қуанады. Жаз бойы көл, қыс бойы монша... сылайтын болар... Шынар ант ұрған сылаңдап жүріп-ақ бір ұл тауып алды ғой!.. Жаным таза, жүрегім таза, құдай бар болса берер әлі!

Осы ойларға келіп, өзін өзі жұбатты да, Ұлпан жатардағы бүрмелі кең көйлегін киіп жатып қалды. Тобыл, Ірбіт, Троицк, Бағлан қалаларына бара жүріп сыртқы көйлек, ішкі көйлек, жатардағы көйлек дегендерді ұғынып алған қыр қазағының Ұлпан бірінші қызы еді. Ол әдетін әсте ұмытпай келеді.

Қанша ұйықтағанын қайдан білсін, Ұлпан оянып кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий