Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шай үстіндегі кеңестен кейін екеуінің ойындағы басқа бір түйіншектері оянды. Ол көптен бері жүрген түйіншек — перзент жайы. Есеней әлі нағыз еркек, Ұлпан болса-болмаса да пісіп болған әйел. Әкелік те бала іздейді, аналық та бала іздейді. Мұрындарына жас қозының иісі келгендей болғанша тіленеді. Жылма-жыл балалап тұратын төрт түлік малдың төлі — құлыны, ботасы, қозысы, лағы көздеріне түсіп кетсе, өздерінің баласыздығы естеріне түсе қалады. Құдайы құрғырға бұлардың неменесі жақпай жүр? Есенейдің кәрілігі мен Ұлпанның жастығының арасында қандай шалғайлық бар? Жоқ қой!.. Ұлпан жас төлді көргенде қуана тұрып мұңаяды, мұңая тұрып қуанады.

Шынар аман-есен босанғанда, Ұлпан барлық жан-тәнімен қуанды. Стаптан әйел докторын шақыртып алды. Жас нәрестенің кіндік-шешесі болды.

— Қошақаным-ай, иісің қандай еді, жұпардай! — деп жөргекке оралған нәрестені өз шешесінен бұрын иіскеді.

— Сең жата бер, әй! Сибанға бір ұл тауып бердің, болды! Мақтанба. Менен қызғанбай-ақ қой! — деді.

Шынар Ұлпанды көзімен аймалады: қайтейін, мұңдығым... Менен сен бұрын ұл тапса екен деп тілеушіңмін, адал тілеушіңмін... Тіпті сенен Мүсірепті де қызғанбас едім... Үміт үзе көрме, бауырым...— дейді Шынардың көздері.

Шынардың ойында осы тілектестігі бола тұрса да, Ұлпан үйіне қайтарда әдеттегі қалжыңын айтты:

— Сен қатын да тұра тұр әлі... Сен ұл тапқанда балаңды бауырыңнан жұлып алып, өзіңнен бұрын емізермін! — деді.

Ұлпан үйіне қуана да мұңая, мұңая да қуана қайтқан. Содан бері аналық дерті тіпті күшейіп, кейде тұншықтырардай бунап, кейде өртеп жіберердей күйдіріп-жандырып кетеді.

Есенейдің хәлі де осыған жақын. Ол қара шешектен кейін ауырып көрмеген адам еді. Осы жолғы құлауынан қатты қауіптенді. Әсіресе, осы бір дірілден қорқады. Аузына кенелген сілекей жинала берді. Кіші жарланған адам еді, Артықбайға ұқсап қалмаса қайтейін.. Ұрпақ ететіні өз алдына бір қасірет, мен олай-бұлай болып кетем, Ақнардың күні не болар деп қайғырады. Қазақ дәстүрінше, шариғат бойынша баласыз әйел үйіне өзі ие деп саналмайды. Әсіресе, жесір қалған әйел «аға өлсе — іні мұрасы, інісі өлсе — аға мұрасы». Мұны әлі орыс заңы да өзгерте алған жоқ. Осыған байланысты Еменалы есіне түсіп кетсе, дірілі де күшейе түседі.

Есеней кешеден бері үзбей ұйықтап жатқан жоқ. Қараңғы түнде бір оянып кеткенде қасында отырған Ұлпанды көрді. Аяп кетті. Дірілдеп жатқан қолын созуға бата алмады. Көзін жұмды да, ауыр ойларға кетті. Шешімі жоқ, үміттенері жоқ ойлар қамап алды.

Қазір Ұлпан мұның көңілін көтерейін деп әрнені жеңіл ойнақылықпен айтып отыр. Ұлпанның көңілін бұл немен көтерер?

Алыстан бір түйткіл елес береді. Оның не екенін түсінейін деп ойлана бастаса, тұла бойы шіміркеніп, жүрегі дүрсілдеп соғып кетеді. Жүрегі бар болғыр өзі сезінеді де, өзі безінеді. Өзі сыбырлайды да, өзі тыңдама, естіме дейді! Ондай жұмбақты қалай шешерсің? Қалайда, «Есеней, сен қартайдың, Ұлпанға бала керек!» дегенді Есеней анық түсінетін сияқты — Ұлпанға бала керек! Ол бала аспаннан түсе ме? Бұл сұраудың жауабы табылар емес.

Шайдан кейін Есеней Ұлпанға телміре қарап:

— Ақнар, менің төсегімді оңаша бөлмеге шығартшы. Өзіңнен басқа бір адам кірмесін. Салбыр күні-түні қасымда болар. Өзін дұрыстап киіндірерсің,— деді.

— Доктор шақыртайық, Есекесі.

— Шақыртсаң шақырт. Тек бақсы-балгерді көзіме көрсетпе!

Сол күні олар оңаша бөлмелерде бөлек жатты. Бөлек жатса да, ой сезімдері тоғыса берді. Бірінің қайғы-мұңын бірі біліп жатқандай, бірге күрсініп жатты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий