Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қатеңді досыңнан қасың көреген. Бұл хат Кенесарының ең жаралы жеріне тиген. Сұлтан бар сұмдық салмағын салғалы тұрған жан-жағын қоршаған жауы барын Балғожа бисіз де білетін. Кенесары бұған ашуланған жоқ. Жауының көп екеніне көне тұра, бәріне жалғыз өзі қарсы шыққан жоқ па? «Не ойлаған арманға жету, немесе сол жолда құрбан болу!» — Сұлтанда бөтен шешім жоқ. Оны ашуландырған, ызаландырған — ел ағасы деген Балғожа би сияқты адамдардың Кенесарының осындай қиын жағдайында, қол ұшын бермегені, Кене ханға бас иіп, Абылайдың ақ туын көтерісудің орнына, іргесін мүлде аулақ салып, Россия патшалығына бет бұрып кетуі.

«Жарайды, менің жанымды түбі орыс, Қоқан, қырғыз біреуі алады екен ғой. Балғожа би, сен соны дәтке қуат етіп қуанады екенсің, оған дейін мен сенің жаныңды алайын!» деп Кенесары сол күні түнде бидің аулын қайта шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіруге бес жүз сарбазымен Жанайдар батырды аттандырды.

Бірақ Жанайдар батыр сұлтанның арманын орындай алмады. Жорыққа кетіп бара жатып, жолай қыз күнінен көңілдес Бопай аулына бір түн түнеп, дер кезінде бидің аулына жете алмады. Кенесары ордасымен жасырын хабардар болып отырған Балғожа аулына Жанайдар батырдың шыққанын естіп, қарамағындағы бес жүз үйді ертіп көтеріле көшіп, Ор қаласының ар жағына қашты. Бидің жұртын сипап қалған Жанайдар батыр өзіне қарсы шыққан Ахмет сұлтан-правительдің солдаттарымен атысып, одан соң Сырға қарай көшіп келе жатқан Күкір бидің аулын шауып, көп малын олжа етіп қайтты.

Балғожадан айрылып қалуының шын себебін білмейтін Кенесары Жанайдар батырдың бұл олжасына да риза болды. Бірақ жазған хат Кенесарының есінен шықпай-ақ қойды.

Сұлтанның соңғы кезде тым тұнжырап кетуіне себеп болған осы хат екенін Жүсіп-Гербурт те жақсы білетін.

Бұлар Алашахан моласы тұрған Кеңгір өзенінің жазық беткейіне жеткенде басқа жақтың батырлары әлі келмеген екен. Кенесары шатырларын тігіп, сарбаздарды осы жерде күтпек болды. Арада үш-төрт күн өтті. Азық-түлігін түйеге теңдеп, әскерлерін соңдарынан шұбатып батырлар да келе бастады. Торғайдан Иман батыр, Елек пен Ырғыздың ортасын жайлаған Табыннан Жоламан батыр, өзінің үзеңгілес серіктері Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Құдайменді батырлар алдымен жетті. Көп кешікпей Жанайдар мен Бопай да келді. Бірақ Кенесары әлі ешкіммен тіс жарып сөйлескен емес. Жайшылықтағы ақылгөйлері, соғыс ісінде кеңес беретін қанды көйлек серіктері Таймас пен әбілғазы да тіл қатпай қойды. Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. Сол шешімін орындауға тек ыңғайын күтіп іштен тынғандай.

Кенесары жасақтарының бас қосар жері Алашахан бейітінің жаны. Бұл ара, үш жүздің қазақтарына тең орталық. Есіл, Нұра бойын жайлаған Орта жүзге де, Елек, Жайық жағасындағы Кіші жүзге де, Балқаш пен Сыр, Жетісуды мекен еткен Ұлы жүзге де жер кіндігі. Оның үстіне Алашаханды қазақ өзінің ең алғашқы ханы деп білетін. Сол себептен Кенесары Абылай атасының сүйегі жатқан Түркістан көп руға қашық болғандықтан, еліміздің хандық туын тіккен ортасы еді ғой деп ырым көріп әдейі осы араны қалап алған.

Алашаханның моласы қазақ елінің ең алғашқы хандық туын тіккен он төртінші ғасырдың аса бір көрнекті ескерткіші. Жасыл төккен жазық далада көк отаудай алыстан көзге түседі. Бұл — тана көзденген өрнекті құмайт кірпіштен қаланған, биіктігі мен көлденеңі бірдей, зәулім төртпақ мола. Үстінде көгілдір сырмен бояған үлкен күмбезі бар. Күмбездің төрт жағында, моланың төрт бұрышына тұрғызылған ақ кірпіштен қаланған әшекейлі төрт шағын мұнара... Күмбездің астына тас баспалдақпен көтеріліп баратын кең далыз. Ал моланың өзінің іші кең бөлме. Ортасында Алашаханның қабірі. Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал құйрығын үйіп тастаған. Әр жерінде ағаш найзаның ұшы көрінеді. Топырақ үстінде де бірнеше атам-заманғы қарағай найзалар жатыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий