Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алашаханның жанында тағы екі мола бар. Бірі биіктігі он құлаштай, шым кірпіштен құйған әмбұлақ ханның моласы, одан әріректе Алашаханның моласына ұқсаған, тек кішірек Жошы мазары. Бұл үшеуі де қазақтың ең алғашқы хандық құрған дәуірінің мұралары. Үшеуі жайында да сан түрлі аңыздар бар...

Кенесары қазір осы бейіттердің күнгей жағымен келе жатыр. Соңынан ерген ит тәрізді анандай жерден Қараүлектің салбыр бейнесі көрінеді. Сұлтан ашулы. Қайда бара жатқанын өзі де аңғармайтындай, қабағын қарс жауып сылбыр аяңдайды. Кенесарының қазіргі ашуының себебі бар. Осыдан он күн бұрын «Кенесары көкиығы» деп аталатын биіктің Қостанай жағындағы көл жағасындағы жайлауға көшкен Балғожа бидің аулына бір топ орыс балықшылары шықты дегенді естіген. Орынбор губернаторын Балғожа биге өшіктіру үшін жансыз барып балықшы орыстарды қырып келіңдер», — деп бір топ жігітпен Байтабынды жіберген. Бүгін сол Байтабын қайтып келген.

— Жарлықты орындадың ба? — деген Кенесарының сұрағына, Байтабын сазара тұрып «жоқ» деп жауап қайырған.

— Неге? — деп Кенесары қайта сұраған.

— Хан ием, — деген Байтабын тізе бүгіп, — Балғожа биге жала жабу үшін жазықсыз балықшыларды бостан-бос қыруға дәтім бармады, кешіріңіз.

Соңғы жылдары Байтабынның өзгере бастағанын Кенесары аңғарып қалған. Батырдың өзі де мұнысын жасырмаған. Дегеніне көнбеген бір ауылды шапқаннан кейін сұлтанның өзіне де орынсыз қан төгудің керексіздігін айтқан. Кенесары іштей кектенсе де «өз еліне жаны ашығаны-ау» деген де қойған. «Ал бұл жолғысы не? Кімге жаны ашығаны?» Бағана көп жылдан бері еңбегі сіңген батырына «бұйрығымды орындамағаныңды бір жолға кешірдім», — деп сыр бермесе де, қазір оңашада ашуға шыдай алмай келе жатыр. «Жоқ, жоқ, — деді ол бір кезде, — тағы да бір сынап көрем. Егер Кіші жүзім деп жауымды наркескендей алып түспесең өз обалың өзіңе». Осындай шешімге тоқтаған Кенесары сәл басылайын деді. Ол енді жан-жағына ойлана қарады. «Бағана осы жаққа Жүсіп кетіп бара жатыр еді ғой? Қайда екен?» Сұлтан енді кілт бұрылып теріскей жаққа қарай аяңдады.

Ал Гербурт-Жүсіп қолы бос уақытта осы Алашаханның моласының жанына келіп отыруды жақсы көретін. Оған осы айбарлы мола бір ғажайып асыл мүлік болып көрінетін. Моланың оқ-дәрі бұза алмайтын кірпіштерінің қандай құм-топырақтан құйылғанын, бес жүз жылдан бері алғашқы күндегісіндей түсін әлі жоғалтпай тұрған күмбез сырының неден жасалғанын түсіне алмай таң қалатын. Көшпелі елдің жүздеген жылдар бойы сар даланың желі мен жаңбырына шыдап келген осындай әсем ескерткіштер жасағанына мәз болатын.

Жүсіп бүгін де осы мазарға келген. Бір төбешіктің басына отырып алып, өлең жазуға кірісті. Тағдыр жазып, сонау қадірлі Польшасына қайтар болса Алашахан моласы да есте қалсын...

Көз жетпейтін жасыл дала,

Көргені азап, қиянат...

Ортасында ақ шағала,

Тұр күмбезді бір зират...

Өлең шумақтары асау өзеннің көк толқынындай бірінен соң бірі туып, бірін бірі баса-көктей, жер кемеріне сыймаған дариядай Жүсіптің де тар кеудесіне сыяр емес. Біресе қиял оны ұшқыр қанатына отырғызып ап ақша бұлттар жүзген көгілдір аспаннан да жоғары ала жөнеледі. Біресе тынық су бетінде ақырын тербелген қайықтай жан сезімі сәл тыныштала қалады да, кенет дауыл ұрғандай астан-кестен боп жүрегін ашу кернейді. Жүсіп бар әлемді ұмытқан: өзінің қайғылы халін де, Кенесары ереуілін де, қымбатты Польшасын да тек өлең дүниесіне, шабыт дүниесіне кіріп кеткен. Осындай халде отырғанында кенет біреу иығына қолын салды. Жалт қараса Кенесары екен. Анандай жерде Қараүлек тұр. Жүсіп шошынайын деді. «Не жазып қалдым?» Енді өлең дүниесі де, қиял, шабыт, әсем сәнді сезім әлемі де бірден ғайып болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий