Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қорықпай-ақ қой, — деді оның ойын түсіне қалған Кенесары, — сенің еш күнәң жоқ, — сөйтті де Қараүлекке «кет» дегендей қолымен ишарат етті. Анау бөтен жаққа көңілі ауған жайылып жүрген атан түйедей аспай-саспай бұрылып, шатырға қарай балпаң-балпаң басып жүре берді. — Сені көрген соң әдейі бұрылдым. Сөйлесейін деп едім... Шыныңды айтшы, туған еліңді сағындың ба?

Жүсіп шынын айтты.

— Сағындым. Әттең алыс, қашып кетер едім...

— Қашып кетер едім? Бұрын бұндай сөз айтпайтын едің ғой, әлде біздің көтерілісіміз сені қызықтырмайын деді ме? Өзімнің туған жерімде қалған арманымды сендерден таптым деп едің ғой. Сол сөзің әлі есімде.

— Ол сөзді мен қазақ елі өзінің еркіндігі үшін күресіп жүрген кезде айт-

қам. Польша бұқарасы Россия патшасының отаршылық ісіне қандай қарсы болса, мен келіп қосылған шақта қазақ халқы да сондай қарсы еді. Сендердің күрестерің маған ұнаған. Польшада қалған арманымды, осында тапқандай болғам. Ал қазір...

— Иә, қазір?.. Әлде сен бізді түскен жолымыздан адасты деп ойлайсың ба?

Жүсіп не болса да шынын айтуды мақұл көрді. «Мүмкін менің сөзім ой салар», — деді ол ішінен.

— Иә, Кенеке, — деді Жүсіп тікелей қарап, — сен өзіңді хан етіп ақ кигізге көтерткізгеннен бері, ұстаған жолың да, алдағы мақсатың да басқаша... Сенің күресің енді байлардың үстемдігін қорғайтын хандықты сақтау күресіне айналып барады. Бұдан қалың бұқараға келер қандай пайда бар? Кедей жұртқа өз ханына бағынды не, орыс патшасына бағынды не, бәрібір емес пе? Бұрын өзінің күн көрісі болған шұрайлы жерін, балықты көлін орыстың князь, генерал, графтарынан қорғап, қолына сойыл алған ереуіл бір басқа да, Абылай заманын көксеп, қазақты орыстан бөліп алып, қанын жеке сорамыз деген сұлтан, би, ақсақал, хан үшін күресу бір басқа. Бұл күрес тіпті зиянды, ол орыс пен қазақ халқының жақындасуына бөгет болады! Ал екі бейнетқор халықтың бірігуінде, жақындасуында олардың бар болашағы, бар алдағы жарық күні тұр.

Жайшылықта сөзге сараң, ұстамды Кенесары кенет бұлқан-талқан боп ашулана қалды.

— Қаны басқаның — жаны басқа деген осы. Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Россия — дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Россия патшасына бағынсақ ел деген аттан айырыламыз. Жоқ, қазақ бұрын Абылайханға бағынса, енді оның немересі Кене ханға бағынады. Өзім билеймін...

— Қалай билейсің? Жерінен, суынан айырылған жұрт ертең қайтара алмайтынына көзі анық жеткен күні, сенің соңыңнан еруді қояды, Кенесарының хандығын сақтаймын деп бостан-бос қырыла бере ме?

Кенесары кенет шабатын барыстай жиырыла қалды, шегір көздері қанталап, оң қолы беліндегі наркескеннің сабын кенет қыса ұстады.

— Сенің дос екеніңді білмесем... — деді ол ентіге сөйлеп, сөйтті де қолын наркескеннің сабынан қайта алды, — еліңді қалай билейсің дейсің бе? Россия патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғыменен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем. Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен — ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын өзі аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін! Дәл осы айтқанымды ертең Жаппас руынан бастаймын. Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап алам!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий