Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін. Олардың қолында қазір екі балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан төгілсе...

— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе? — деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты «Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап. — Жоқ оны істемейді. Онда мен қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-жалда...

— Иә, алда-жалда?...

— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де тайынбаймын деп?..

Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?.. Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара тасты қалай түсінерсің... Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып отыр ма?»

Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.

— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың, — деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп, — олай ойлама! Менің де жүрегім бар. Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді. Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер хандығымды берік ұстағым келсе, елге де өз басыма да аяушылық етпеуім керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.

Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» — деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен... Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмау-

ыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді?»

Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді.

— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?

Кенесары кенет елең ете қалды.

— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және... — Кенесары ойлана қалды.

— Тағы не айтпақ едіңіз?..

— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау... Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік...

— Хатты не деп жазамыз?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий