Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бегдербек алпысқа таяп қалған ат жақты, аққұба келген ұзын бойлы кісі. Қан-сөлсіз еріндері жұқалаң, қалың қабақтары тұтасып біткен, сақалының ағы басым. Сүзіле қарайтын сұрғылт көздері ысылдаған жылан іспеттес бір суықтық танытады. Беті күлсе де көзі күлмейді. Алпысты алқымдағанмен бетінде әжім жоқ, тіп-тік таяқ жұтқандай сұңғақ денелі. Қытай жібегіне малына киінген. Тек иығында өзбектің көк ала шәйі шапаны, басында ақ маржанмен кестелеген қара барқыт ала тақиясы. Ақ жібек көйлегінің ашық омырауынан кеудесінің көк буырыл түгі шығып тұр. Ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. Білектері де жүн-жүн... Қол әлуеті бір түрлі сұсты. Оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды. Аяқ жағында түкті балтырларын сипап уыздай аппақ, қара көзді он бір-он екі жасар патша бала отыр. Бұл да жібекке малына киінген. Қарсы, дастарқанның бергі жағында, малдастарын құрып құшбегіне қарай қалған Есенгелді мен Саржан.

Есенгелді етжеңді келген, дөңгелек қара торы жүзді, қой көзді адам. Шиырылған сұлу мұртты. Саржан сұңғақ бойлы, қызғылт сары, өткір көзді, бәйгеге жараған жылқы тәрізді, қатып қалған, шапшаң қимылды кісі. Екеуі де елуді алқымдап тастаған. Есенгелді бірер жас қана үлкен тәрізді. Екеуінің басында да үстін төрт салалы көгілдір барқытпен әдіптеген, қырдың қызыл түлкісінің терісімен көмкерілген, қандай түрге болса да көрік берер Арқаның сұлу бөркі. Үстерінде — жағаларына қара барқыт ұстаған, жібін жіңішке етіп иірген аппақ түйе жүн шекпен, аяқтарында — жарғақ мәсі, бұттарында — сала құлаш балақтары оюланған көк барқыт шалбар. Белдерінде — алтын жалатқан қарыс сүйем кіселі, қақтаған күміс белбеу. Саржанның беліндегі жез сақиналы күміс қында сабы сары мүйізден соғылған сегіз қарыс ақ семсер. Есенгелдінің белбеуінде кішкентай ғана күміс кездік, ай мүйіз, алтынмен зерлеген арқар шақша... Жанындағы ағасы Есенгелдіге қарағанда Саржанның жауынгер жан екені бірден білінеді. Екеуінің де көзінен құшбегін сынай қараған ұшқын сөнер емес. Отырғандарына әжептәуір мезгіл болса да қойылған тағамнан әлі татып алған жоқ.

Кісі сырына әккі болған Бегдербек те сұлтандардың бұл сыңайын байқап отыр.

— Алыңыздар, алыңыздар, — деді ол езу тартып күлген болып, ана екеуінің ортасында тұрған шыны тұрғауыштағы қыз емшектеніп сүйірлене піскен жүзімді меңзей. — Өзбектің жүзімі сый-құрметтің басы.

— Рақмет... — Саржан ернін жыбырлатты да қойды.

Сазарып отырған қонақтарының көңілін көтергісі келгендей құшбегі тағы да езу тартты.

— Бұл жүзім туралы қазақ пен өзбектің арасындағы қалжыңды естіген боларсыңдар.

— Ж... жоқ. — Бұ жолы Есенгелді ернін жыбырлатты.

— Естімесеңдер айтып берейін, — Бегдербек әлдекімді мысқылдай күлді, — бір қазақ пен бір өзбек дос болыпты. Аулына келген өзбекті қазақ қойын сойып, қымызын тосып әбден сыйлапты. Жолы түсіп, қазақ шаһарға келсе, өзбек досы сый-құрмет көрсетіп алдына бір тегене жүзім қойыпты. Бұрын жемісті жемеген қазақ, таңсық көріп асай бастапты. Қомағай қазаққа не шыдасын, жүзімнің таусылып бара жатқанын аңғарған сараң өзбек:

— Алдыңыздағының атын юзім дейді, оны бүйтіп бір-бірлеп үзіп жейді, — деп аздап жеудің керек екенін ескертеді.

Сонда қазақ:

— Иә, мұны бізде жүзім дейді, бір жегенде жүзін жейді, — деп саусақтарын сала түсіпті.

әңгіме ұнаған Есенгелді мен Саржан сыпайылық көрсетіп езу тартты.

Қонақтарымның көңілін көтеріп болдым ғой дегендей Бегдербек кенет қабағын сәл түкситті де, сөзінің бетін бірден бұрып әкетті.

— Иә, әңгіме бұзау емізер... дегендей, енді бітім-келісімге кіріскен жөн болар... Әнеугіден бері сіздерді қабылдамай жатқанымыздың себебін естіген шығарсыздар. Ханзаданы күтіп едік... Ол кісі бүгін келді, қазір саухат етіп, дем алып жатыр... Кешке менімен сөйлеспек... Құрметті Мәделіханға барар алдында сіздердің де тілектеріңізді білгім келіп еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий