Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

ертеңнен бері де Кенесары ордасында болып жатқан мәжілістің жайын біле алмай әбден мазасы кеткен. Мың басы, жүз басы батырлардың тегіс келгенінен, бұл мәжілістің тегін мәжіліс емес екенін іштей сезген. Қанша білгісі келгенмен, алыстан торлағаны болмаса, жақын баруға біреу-міреу кім екенімді сезіп қалар деп көңілі дауаламаған. Осындай күйде жүргенінде сойылға жығылып қолға түскен Арыстанды ауыл адамдары бір қараша үйге қамап қойғанын естіді. Ол енді өшіктіре сөз тастап, жұртқа Арыстанды Кенесары ордасына апарудың керек екенін айтады. Ондағы ойы Кененің көзіне түсумен қатар, ыңғайы келсе, мәжіліс жайын аңдау. «Кім біледі, біреу болмаса біреу абайламай бір сөз айтып қалар. Зирек жанға о да жеткілікті». Арыстан Кенесарыны көрісімен, ең соңғы күшін жинап, еңірей аяғына жығылды.

— Жаздым, жаңылдым, Кенесары. Күнім үшін жер зерттеуші земтемір орыс-

тарға жөн көрсеткенім рас. Бір жолға кешір. Өмір бақи құлың болып өтейін.

Кенесары сазарған қалпынан өзгерген жоқ. Қанын ішіне тартып, тіпті сұрланып алды. Ол аяғына жығылып жатқан Арыстанға қарамастан:

— Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең. Өзге жылқыны сау алып қалу үшін оған аяу болмасқа тиісті. Үкім біреу-ақ — өлім!

«Халқыңның қамын ойлар болсаң, ең алдыменен оның бірлігін ойла» деп ішінен Жүсіп, «опасызға Кенесары дұрыс үкім айтты».

«Қатал, әйтсе де әділетті».

Бірақ бұл не? Өзге батырлар әдеттегідей Кенесарының шашбауын көтеріп неге «дұрыс» деп бастарын шұлғымайды? Бәрі бірдей неге төмен қарап қал-

ған? Ағасының айтқанын тұмар тұтатын Наурызбайдың өзі де неліктен тұнжырап кетті?

Жүсіп таңданғандай үйдегі адамдардың бетіне тағы бір көз тастады. Ешкім басын көтерер емес. Өздері өлім жазасына бұйырылғандай қабақтары түсіп кеткен.

«Ғажап халық, деді ішінен тағы да Жүсіп, майданда кездессе жаудан қорқу, немесе оны аяу дегенді білмейді. Ал айыбын мойнына алып аяғына жығылса, қанды кекті қасы болса да кешіргісі келіп тұрады. Қандай үлкен, абзал жүректі жұрт. Бұрын атуға оғы жоқ боп жүрген Арыстан қолдарына түсіп еді, оның сақалды басымен жасын сорғалатып кешірім сұраған түрін, кенет аяп, ажалға қиғылары келмей тұр. Үкімін өзге жұрттың қостамағанын Кенесары да сезген тәрізді. Енді не істер екен?»

Кенесары тұнжырай қалған батырларының бетіне көзін бір салып өтті де, қабағы бұрынғысынан да түксие түсіп, қолымен Арыстанды меңзеп:

— Қазір, осы арада ал мынаның басын, Қараүлек! — деді зілді үнмен.

Жұрт бұрынғысынан бетер тұнжырай қалды. Бірақ Кенесарыға үкімің дұрыс емес деуге ешкімнің де батылы бармады. Қостамағандықтарын сазарған түрлерінен ғана аңғартып отыр. Ал сұлтан серіктерінің ойына түсінсе де, бір айтып қалғаннан кейін, өзінің абыройын сақтап, кесімінен қайтар емес.

«Дұрыс, — дұрыс, — дейді ішінен Жүсіп, осылай қатал болсаң қарамағыңдағыларың да тәртіпке, әдепке үйренеді. Айтқанынан қайтпайтын қолбасшы қашанда жауынгерлері алдында абыройлы».

Кенесарыдан үміт үзген Арыстан ақын енді басын көтеріп, тізесінен отырды. «Өлсем де адамдығымды жоғалтпай өлейін» дегендей бойын жинап, үстіндегі киімін жөндеп Кенесарыға қарады. Үлкен бұйда пышағын жалақтатып, тамағынан орып жіберейін деп, жанына келіп, сақалынан ұстай берген Қараүлектің қолын қағып жіберіп:

— Менің қаныма жерік болсаң ішерсің әлі-ақ, сәл шыдай тұр, — деді. Сөйтті де Кенесарыға тағы да қарады. — Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер.

— Айт датыңды.

Қараүлек те түсініп кейін шегінді. Арыстан қанатын сілкіп қомданған ұшар құстай, сәл бой түзеп алды да, екі көзі жаудырап Кенесарыға қарап ән шырқап қоя берді.

Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,

Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын.

Атаңа алты қатын алып берген

Атығай Қарауылдың баласымын.

Кенесары «болды» дегендей қолын көтерді.

— Аталы сөзге арсыз тоқтамас. Абылай атама бабаларының істеген жақсылығын алдыма тартты ғой, қоя беріңдер, — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий