Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып, оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі. Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған мынау қара нөпір қол — бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген), бес жүз мың адамдай боп көрінді.

— Япырмай, — деді таңданған Қоңырқұлжа, — мына Қасымның көкжалы үш жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?

Қарапұшық аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған.

Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірде асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр. Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! әйтсе де Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның көрмеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің аузына байлап атып үйренген. Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен қаншасын қирата алады? әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-үш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі қаншама уақыт алар бір қияпат іс!

Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет Қоңырқұлжаның:

— Ойбай, үйлер жанып жатыр! — деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті. Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен! Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.

Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Халдерінің қиынға айнала бастағанын енді түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді көрсетермін!».

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий