Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бағанадан бері үндемей тұрған батырлар кенет жадырап, бір дауыстан:

— Уа, пәле, міне аталы сөз! — десіп шулап қоя берді.

«Қандай ақылгөй жан еді, деді ішінен тағы Жүсіп, ел билейтін серіктерінің де көңілін таба білген жөн. Ағылшындар «патшаны патша істейтін патша емес, жанындағылар» деп тегін айтпаған ғой».

Бірақ Жүсіп Кенесарының мейлінше рақымсыз жан екенін білмейтін. Қазір босатылып тұрған Арыстан ақын, сұлтанның бұйрығы бойынша, үш күннен кейін «ат теуіп өлтіріпті» деген лақаппен Қараүлектің қолынан қаза табатыны дәл осы сәтте оның ойына мүлде алмаған іс еді. Сондай-ақ Кенесарының қолға түскен солдаттарға да бірден қатты келмейтіні өз жағына шығару саясаты екенін Жүсіп көп ай өткен соң барып бір-ақ түсінді. Ал алғашқы кезде мұны сұлтанның кеңпейіл, ақ көңілдігінен деп ұққан-ды.

Төре шешіміне риза болған батырлар сыртқа шықты. Әрқайсысы өзінің атқосшысы ұстап тұрған атына қарай беттеді.

Байтабын мен Ақбөкен сонау Елек пен Ырғыз өзенінің бойынан Қарақойын Қашырлыдағы Кенесары әскеріне келіп қосылғалы, Байтабын Наурызбай жасағына, батыр қыз Ақбөкен Бопай тобына берілген. Байтабын мен Ақбөкен қосылады екен деген сыбыс болатын, бірақ неге екені белгісіз, бұл сыбыс сол сыбыс қалпында қала беретін. «Біз қосыламыз», — деген сөз қыздың, немесе жігіттің аузынан шыққан емес, екеуі ағалы-қарындастай сыпайы сөйлесіп қана тілдеседі. Мұндай мінездеріне қарап кейбір жұрт «бұлары несі?» деп таңданса да, ақылға салған бағда біреулері «Бөтен елде жүрген соң қымсынатын шығар, өз елдеріне барған соң да уақыт жетер», — дейтін де қоятын.

Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді. Ақбөкен еді бұл. Ол батыр Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері. Наурызбайдың жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді. Ақбөкенді алғашқы кездестірген күннен бастап кіші сұлтан осындай бір ауруға шалдыққан-ды. Наурызбай ауруының өрши түсуіне Ақбөкеннің өзі себеп болған. Патша әскері шабуылынан ауылдың бір тыныш күні Көшек сұлтанның Айғанша атты тоқалы ұл тауып, жұрт ұлан-асыр тойға жиналған. Жастар жүрген жерде көкпар, балуан күресі ежелгі салт. Осы қан базар қырғын мерекеде Наурызбай мен Байтабынға күресуге тура келген. Өзінен екі жас үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды. Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.

— Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе? — деген Ақбөкен қара жор-

ғаның шылбырынан ұстап жатып.

— Айыбым.

— Бәсе, — деген Ақбөкен тостағандай көзі жарқ ете күліп, — ауылыңызға келген бауырыңызға күш көрсететіндей өкпеңіз жоқ секілді еді...

Ол кезде әзілге әзіл қайтару жастық салты.

— Өкпешіл үніңізге қарағанда, менің жығылғанымды тілегендейсіз ғой, қарындас, — деді Наурызбай күлімсірей, — ондай тілегіңіз болса күні бұрын құлағыма неге сыбырлап қоймадыңыз?..

Ақбөкеннің қарақаттай қара көзі күлімдей түскен.

— Сыбырлағанды орындайтын болсаңыз, әлі де кезі келер.

— Уәде,— деген Наурызбай қолын беріп.

Ақбөкен екі беті дуылдай қызара, ұзын ақ саусақтарын қымсына ұсынған. Неге екені белгісіз Наурызбай оның қолын алып жатып, қыздың саусақтарының дірілдеп кеткенін сезген.

Шынында Байтабын Наурызбайдан күші жетпей жығылған жоқ еді. Бие сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің оң жамбасы мен оң қолында екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе онымен пара-пар түсетініне көзі жеткен. Бірақ жоқ жерден аяғы көде шөптің үстінен тайып кетіп, ерлік намысын сақтай алмай жығылған-ды. Бірақ мұнысына ол пәлендей қорланған жоқ. «Наурызбайдан мендей көп батырдың бірі жығылғанына жұрт күлді де қойды. Менен қолбасы Наурызбай жығылса, абыройы айрандай төгілер еді», — деген ол ішінен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий