Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Құдайменде аттың басын асығыс бұрып, сырттап жөнеле берді. Тек былайырақ ұзап шыққасын Кәленнің жалғыз және қарусыз, құр қол екенін көрді де, ат басын тартты. Сол екі арада жігіттер де есін жиып, Құдайменденің төңірегіне жиналып қалған еді.

─ Қаптаңдар!

Кәлен тізесіне салып мыжғылап жатқан Ебейсіннің үстінен атып тұрды. Бірақ құр қол екені есіне түсіп, айналаға асығыс көз тастап еді, қамыс қораға сүйеп қойған жиде қадаларды көргенде қуанып кетті; ытқып барып соның жуандау бірін ұстады.

Құдайменде жалғыз болғанмен Кәленді ала алмасын білді де, өңкиген ұзын қараға: «Мойнына арқан таста»,- деді. Жігіттер екіге қақ бөлінді. Қамыс қораға арқасын тіреп тұрған Кәленді екі жақтан ортаға алып, бірақ бата алмай аңдысып тұр еді, әлгі имек қара астындағы аң жал айғырды тебініп, құрың бойы жақындап келді де ер үстінен көтеріле бере қолындағы қыл арқанның тұзақтаған басын Кәленнің мойнына тастап жіберді. Сүйтті де арқанның қолындағы ұшын тақымына баса сала аттың басын жалт бұрды. Кәлен жан -дәрмен арқанға жармасты. Бірақ салған жерден сығып ала жөнелген қыл арқанды мойнынан шығара алмай, ағыза жөнелген ат соңында бір құлап, бір тұрып сүйретіліп бара жатты. Құдайменде ат үстіндегі ұрысқа мықты еді. Қолы да қарулы. Ағызып кеп қамшымен Кәленді қақ бастан тартып өтті. Келесі соққы тіпті қатты тиіп, көзі қарауытып бара жатқанын білді.

Бір кезде есін жиды. Қол - аяғы байлаулы. Кішкентай екі баласы қасынан кетпей дірдектеп жылап жүр. Жамал да анандай жерде ақ қарда қол - аяғы байлаулы бұған басын көтеріп қарады.

─ Тірі екенсің ғой.

Қамсыз отырғанда қапы қалғанына күйінді ме, қатын - бала алдында көрген мына зәбір жанына батты ма, Кәлен әйелінің бетіне қарай алмады.

─ Мына ауылға жүгір,- деді Жамал қасында шырылдап жүрген балаларына.

Кәлен дыбысын шығармай тістеніп алған. Мынау бұның бұл тірлікте өзіндей жұмыр басты адамнан көрген жалғыз қорлық еді. Анада балықшыларға кәсіп іздеп өз аяғынан баруын барса да, бұл әлі де болса баяғы өмірді аңсап, кейде көз қиығы төр жақта ілулі тұрған жуан дойырға қадала қарап отырғанын байқап қалатын. Мынадан кейін Кәлен биыл жаз шығып, жер аяғы кеңігесін үй ішін балықшылар аулына көшіріп алатын боп нық байламға келді.

* * *

Сәске түс еді, қаладан қайтқан кірешілерге ілесіп Рай келді. Әбден жүдепті. Үсті - басы ебіл - себіл. Мойнына қиып салған қылмысы болмағасын біраз ұстапты да, қамаудан босатыпты. Анада мұзға ыққанда екі бетінің ұшы суыққа шалдығып үсіген еді. Түрмеде емдемей, беті қара қотырланып, ұсқыны қашып кеткен екен. Қарт әже оны даусынан таныды.

─ Қоңыр қозым, ботам, келші! Келші бермен!- деді құшағын ашып.

Рай шайдан кейін Ақбалаға барды. Жеңгесі баладан кейін өзіне - өзі келе алмапты. Бұрын үйде де, түзде де бойын сәндеп күтіп жүретін әйелдің үстіндегі киімдері де иініне қалай болса солай, олпы - солпы іліне салыпты. От жанбай, ызғып тұрған үй көңілсіз екен. Ақбала орнынан ақырын тұрды, ақырын қозғалып төрге төсек салды.

─ Аман - есен оралдың ба?

─ Шүкір...

─ Ағаң аман ба? Бізге... не айтты?

Рай өзін ұстайын десе де, көзінде мөлтілдеген жастан қысылып, сырт айнала берді. Жым -жырт үй ішінен екеуінің дірілдеген демі ғана естіліп тұр. Райдан көрі қайта Ақбала өзін тез биледі. Сызылған сабырлы қалпы қазанға ет салды. Онан самауырға шай қойды да, Кәлен, Мөңкеге, Досқа бала жүгіртті. Жасы үлкен кісілер алып - жұлып бара жатқан шаруа болмаса, басқа уақытта ер - азаматы жоқ үйге өз бетімен кеп бас сұға қоймайтын. Райдың түрмеден босанып келген сылтауымен Ақбала осы ауылдың ендігі бас көтерерлерінің басын қосып, қонақ қып жібермек болған-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий