Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Тоғжан! Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Дәл өзiнiң үнi. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақысы ғой. Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде менi шақырып отырған Тоғжаным ғой! – деп, бар сабырдан айрылып, тағы да өзгеше бұзылып кеттi.

Абайдың құбылысы орасан болғанмен, ендi Ербол бұны түсiне бастады. Шынында өзi де қайран боп тұр. Жаңағы үн бұған да алғаш үйде естiлген кезiнде-ақ бiр таныс дауыстай тиген. "Осы кiмнiң даусы" деген ой бұған да келiп едi. Бiрақ Абай дегбiрi қашып, ес тоқтатпаған жас баладай боп, аласұрып, ұмтылып барады. Ерболды сүйрей жетектеп, әлгi ән шыққан үйге қарай ентелеп, есi-дертi ауып кетiптi.

Тоғжанға деген Абайдың ынтықтығы, ауыр арманы, ұзақ жылдар бойында айықпаған қалың шер екенiн жолдасы жақсы бiлетiн. Бiрақ, сонда да, дәл осы қазiргiдей боп Абайдың тақаты кетiп, жан ұшырған.кезiн Ербол көрген емес. Мына түрiнде көлденең, жат жұрттың көзiне өрескел болатын бiр iстер iстеп, оғаш сөздер сөйлеп жiберетiн сияқты. Соны ойлаған дос жiгiт Абайды қатты тартып, тоқтатып ап:

– Өй, Абай, тоқта! Бұ не? Отқа түсемiз бе? Әуелi ес жияйық. Мәнiңдi айтшы өзiң! – деп ерiксiз кейiн бұрып алды.

– Жоқ, осы үйде Тоғжанның өзi отыр. Өзi емес пе? Тым құрыса соны ғана бiлiп бершi! – деп Абай әлi де ырыққа көнбей жүр едi.

– Жарайды, Абай, азғантай сабыр етшi әуелi. Екеумiз бiрдей бармаймыз ол үйге. Мен барам да бiлiп шығам.

– Бар, бар ендеше. Басың сұқ та, қайта шық. Дәл осында Тоғжан отыр.

– Ойбай, Абай, ұйқысырап тұрсың. Қайдағы Тоғжан. Ол жоқ.

Абай сөйлетпей, тыю салды.

– Қой, Ербол. Айтпа оны. Жаңа ғана өзi келiп аян бердi! – дедi.

Ерболға мынау сөз әсiресе жат сезiлдi, шалық сөздей. Бiрақ Абайды жамандыққа қимаған дос көңiлi аяп кеттi. Оны кiшi iнiсiндей етiп, еркелеткендей боп, шын кешiрiммен күлiп жiбердi. Оң қолымен қапсыра құшақтап алды да, Бекей үйiнiң сыртына қарай алып жүрдi.

– Ол әннiң айтушысы қазiр қасымызға келедi. Азғантай тақат қылайық та, үйден тосып алайық. Бiрақ, "аян бердi" дегенiң не? Өзiңнiң осынша, балаша қатты әбiгерге түскенiң не? Соның маған мәнiн айт! – дедi. Бұйыра сөйледi.

Абай өз мiнезiнiң Ерболға соншалық өрескел, оқшау тигенiн ендi аңғарды.

– Мен мәнiмдi түгел айтайын. Қазiр "бала" де, "есалаң" де, "шалық" де. Өзiм де бiлмейм. Бiрақ өмiрде басымнан кешпеген ғажап жұмбақ бiр халде тұрмын. Тек осыны айтпас бұрын, сенен серт алам. Кiм келедi, қашан келедi, жұмысым жоқ, тосар тақатым жоқ. Қазiр менiң мәнiмдi естисiң де, мынау үйге барып, барлық жанын анықтап көрiп келiп, маған хабар етесiң. Осыған уәде бермесең, жөнiмдi айтпаймын, – дедi.

Ерболдың екi иығына қос қолын артып бiр құшақтай түсiп, бiр сiлкiп қойып, асықтырып жауап күтiп тұр едi. Ербол бөгелген жоқ, барайын деп уәде бердi. Содан кейiн Абай бөгелместен, демi дiрiлдеп, асығып сөйлеп, өз басынан жаңа ғана кешкен, сыры жат бiр жайды жолдасына баян еттi:

– Бұл түс емес! Дәл анық, айқын өңiм. Өңiм болмаса таңғажайып бiр хал, Ербол. Басында сол кәмшат бөркi. Шолпысы, қара мақпал кемзалы да баяғыша. Сонау Жәнiбек өзенiндегi түн екен. Өмiрде, аз көрген сағаттарымда еш уақытта бұндай ұмтыла жақындап, бұндай еркiн, ашық келiп көрген жоқ едi. Бiр сыпайы ұяңдық тарта берушi едi ғой! Мынада соншалық жалын атып кеп, ынтызардың үнiмен:" Аңсадым ғой, зарықтым ғой!"– дедi. "Өзiң үйреткен" Топайкөгiң" бар едi. Соны мен күндiз де, түнде де айтам. Тыңда менi" деп тұрып, әсем үнмен бiр ауыз айтты да," ендi кел, келшi жақын. Мен мiнi қасыңдамын, бөгер жоқ, қасыңда жалғыз тұрмын ғой!"– дедi. Мен де құшағым жая ұмтылып: "Кел, келшi, сәулем!"– деп барып, оянып кеттiм.

– Рас, сен сүйдедiң. Соны айтып ояндың! – дей бердi Ербол.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий